Сайлау • 23 Мамыр, 2019

Үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілуде

1471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде шешуші кезең таяған сайын үгіт-насихат жұмыстары да қызу жүргізіліп жатыр. Әрине, кандидаттарға үгіт-наси­хат жұмыстарын жүргізу үшін қаражат қажет екендігі бел­гілі. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын­да респуб­ликалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы» қаулы қабылданған еді.

Үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілуде

Қаулыда Қазақстан Респуб­ли­касы президенттігіне кандидат шығыс­тарының мөлшері 7 331 200 (жеті миллион үш жүз отыз бір мың екі жүз) теңге көле­мінде бел­гіленді. Бұған сәйкес прези­дент­тікке кандидаттың сайлау қо­­рын­­дағы өз қаражаты және оны ұсын­ған республикалық қо­ғам­­дық бірлестік кандидатқа бөлін­­ген қаражаттың жалпы сома­сы заңнамада белгіленген мөл­шері­нен аспауы көрсетілді. Егер бел­гі­ленген мөлшерден ар­тық түс­кен ақша қаражаты бол­са, ол сай­лау қорларына есеп­т­елуге жат­пай­ды және ол олар­ды енгіз­ген аза­мат­тар мен ұйым­дарға қайта­ры­лады. Сол сияқты ано­нимді қайырмалдықтар респуб­ли­ка­лық бюджет кірісіне аудары­ла­ды. Сондықтан сайлау қор­лары­на тек заңды жолмен алынған қаражат ғана жіберілуі мүмкін. Және бұл Сайлау қорының қара­жа­ты­на билік ету құқығы Қазақ­стан Рес­пу­бликасының прези­дент­тігіне канд­идаттарға ғана тиесілі.

Міне, енді еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың сайлау қорына түскен қаражаттар мен олардың жұмсалуы туралы 2019 жылдың 17 мамырындағы жағдайы бо­йынша есепті де жариялады. Бұл есепке қысқаша тоқталып өтер болсақ, мәселен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 58-бабы 1-тармақшасына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қаражаты және оны кандидат ретінде ұсынған республикалық қоғам­дық бірлестік бөлген қара­жат 510 млн теңгені құраған. Ал атал­ған заңның 58-бабы 2-тармақ­шасына сай республика азаматтары мен ұйымдардың ерікті қайырмалдықтары 514 млн 457 мың 970 теңге болған. Көрсетілген кезеңге дейін аталған соманың 185 млн 593 мың 069,46 теңгесі жұмсалған. Олар баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материал­дарын шығаруға, тара­туға, заңды және жеке тұлға­лар­дың үгіт-насихат жұ­мыс­тарын ұйым­дастыруға байланысты қыз­меттеріне ақы төлеу, се­нім білдірген адамдарының көлік пен сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайларды жалға алу шы­ғын­дарын жабуға жұмсалған. Сол сияқты Сәдібек Түгелдің сайлау қорына өз ақшасы және оны ұсынған республикалық қоғам­дық бірлестік есебінен 200 мың тең­ге түскен. Республика азаматтары мен ұйымдары оны қол­дау­ға ерікті түрде 75 млн 872 мың теңге аударған. Жұмсалғаны – 76 млн 053 мың теңге болған көрінеді. Ал президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жамбыл Ахметбековтің өз қаражаты және республикалық қоғамдық бір­лестік бөлген қаржы көлемі 250 млн теңгені құраған. Оған қоса 88 млн 320 теңгені республика азаматтары мен ұйымдар берген. Сөйтіп аталған үгіт-насихат жұмыстарына 289 млн 770 мың 683,72 теңге жұмсалған.

Аталған есепте Дания Еспаева­ны ұсынған республикалық қоғам­дық бірлестіктің сайлау қорына ақша аударымы көрсетілмеген. Бірақ республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтары кандидаттың қорын 112 млн 967 мың теңгеге толтырған. Д. Еспаева бұл соманың 109 млн 495 мың 277 теңгесін жұмсаған. Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың де сайлау қорына оны ұсынған респуб­ликалық қоғамдық бірлестіктің сом­асы көрсетілмеген. Дегенмен оның шотына түскен ерікті ауда­рым­дардың көлемі 101 млн 850 мың теңгені құраған. Ол бас­па және өзге де үгіт материалда­рын шығару және тарату жұмыстарына 75 млн 216 мың 780 теңге жұм­саған. Сол сияқты кандидат Төлеу­тай Рақымбековтің өз қара­жаты және республикалық қоғамдық бірлестік бөлген қаржы көлемі – 108 млн 007 мың теңге болды. Бірақ Т.Рақымбековтің шотына азаматтардың және ұйымдардың атынан ерікті ақша аударылмапты. Оның осы уақытқа дейінгі шығысы – 77 млн 502 мың 977,85 теңгені құрайды. Ал президенттікке кандидат Әміржан Қосановқа оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестігінен сайлау қорына 76 млн теңге түскен. Және оны қолдаған азаматтар мен ұйымдардың ерікті қайырмалдығы 643 мың 600 теңгені құрапты. Сөйтіп кандидат Әміржан Қосанов баспа және өзге де үгіт материалдарын шығаруға және таратуға, БАҚ-қа шығуға, заңды және жеке тұлғалардың үгіт жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты 52 млн 999 мың 706,88 теңге жұмсап үлгірген.