Сайлау • 23 Мамыр, 2019

Сайлауды байқауға «Аманат» та қатысады

934 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Президент сайлауы кезінде қоғамдық мониторинг жүр­гізетін жаңа құрылымдардың бірі – «Аманат» азаматтық алаңы екені белгілі болып отыр. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар енгізілген.

Сайлауды байқауға «Аманат» та қатысады

«Аманат» азаматтық алаңы­ның Ақтөбе облыстық штабының жетекшісі Айгүл Дүйсенованың айтуынша, оның жұмысы басты бес бағыттан тұрады.

 – Мұның алғашқысы сайлау­ды өткізуге әзірліктен бастау алып, одан әрі сайлаушылардың өз құқықтары туралы хабардар етеді. Мұндағы басты қағидат әділдік танытуға бағытталған. Сайлау учаскелерінде құрылған тәуелсіз бақылау желілері осы талаптардың мүлтіксіз сақталуын қадағалайды. Бұл халықаралық ұйымдардың стандарттарына сәйкес жүргізілмек. Сонымен бір мезгілдегі алаң мүшелері сайлау комиссияларымен және үміткерлердің штаттарымен қоян-қолтық тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарады, – деді ол.

Сондай-ақ Айгүл Дүйсеновамен әңгі­ме барысында «Аманат» тек ашық­тықты қол­дай­тынын білдік. Бұл орайда объективті ақпарат пен ашық пікір алмасу тетіктері ойластырылған. Тәуел­сіз диалог платформалары өз қыз­­­метін осы бағытта өрбі­тіп, әр­түр­лі көз­қарастар мен пікір­дегі сарап­шы­лардың ой-тұжырым­дарын бір арнаға тоғыстырмақ. Бір сөзбен айтқанда «Аманат» құр­мет пен сенім қағидаттарын және мем­лекет пен қоғамның тең ынтымақ­тастығын қамтамасыз етуге бел буып отыр деуге толық негіз бар.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, «Аманат» азаматтық қорының облыс­тық штабы тәуелсіз байқау­шыларға арналған тренинг өткізуге бастамашы бола біледі. Мұнда сайлаушылар мен байқаушылар міндеттерінің құқықтық негіздері жөнінде жан-жақты әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ жергілікті сайлау комиссияларымен өзара бірлескен іс-қимыл жасай білу жолдары талқыланды. Сонымен бірге сайлауға қатысты заң бұзу деректері тіркелген жағдайда байқаушылар мен мониторинг жүргізушілер қандай іс-қимыл танытуы керектігі жөнінде де тиісті ақпараттар берілді.

– Қазір өңірде «Аманат» алаңы­­ның штабы облыстың әр ауда­­нында мобилді капитандар әзір­­леу ісін аяқтап келеді. Өз кезе­гін­де мобилді капитандар өз аудан­­дарын­дағы сайлау учас­ке­лерінің са­нына қарай байқау­шы­лар әзірлейді.

– Облыста 529 сайлау учаскесі бар. Соның бәрінде «Аманаттың» байқаушылары болады, – дейді Айгүл Дүйсенова.

 

АҚТӨБЕ