Биылғы жылдың басты бәсекесі
Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:38
Биылғы жылдың спорттағы ең басты оқиғасы деп елімізде тұңғыш рет бокстан ересектер арасында өтетін әлем чемпионаты мен Бокс академиясының ашылуын айтуға болады. Әлем чемпионаты елімізде бұған дейін Астанада жасөспірімдер арасында ғана өтсе, ересектер арасында әлі өтіп көрген емес. Ал Бокс академиясы туралы сөз мүлдем басқа. Мұндай ғажап бокс ордасы спорттық держава деп саналатын дамыған елдердің өзінде де жоқ.
Бейсенбі, 10 қаңтар 2013 7:38
Биылғы жылдың спорттағы ең басты оқиғасы деп елімізде тұңғыш рет бокстан ересектер арасында өтетін әлем чемпионаты мен Бокс академиясының ашылуын айтуға болады. Әлем чемпионаты елімізде бұған дейін Астанада жасөспірімдер арасында ғана өтсе, ересектер арасында әлі өтіп көрген емес. Ал Бокс академиясы туралы сөз мүлдем басқа. Мұндай ғажап бокс ордасы спорттық держава деп саналатын дамыған елдердің өзінде де жоқ.
Жақында біз еліміздің бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Болат АБДРАХМАНОВПЕН кездесіп, федерацияның өткен жылы атқарған жұмыстары, осы жылы өтетін әлем чемпионаты мен басқа да жоба-жоспарлары туралы айтып беруін өтінген едік.
– Болат Үкібайұлы, қай салада болсын өткен жылға есеп беріп, жаңа жылға жоспарлар жасайтын кез болады ғой. Ендеше, федерация үшін былтырғы жылдың қалай өткенін және биылғы жылға қандай мақсаттар қойылып отырғанын айтып берсеңіз.
– Биыл Қазақстан спорт тарихында тұңғыш рет ересектер арасында әлем чемпионатының өтетінін білесіздер. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға және оның бір ерекшелігі ол 1986 жылдан бері алғаш рет шлемсіз өтетін болады. Бұл бәсеке спорттық күнтізбеге сәйкес, 4-20 қазан аралығында Алматыда өтеді. Қазірдің өзінде оған біздің ұлттық құрама команда дайындығын бастап кетті. Құраманың бас жаттықтырушысы – Мырзағали Айтжанов. Командадағы өзгерістерге келсек, Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевтің қолғабын шегеге ілгенін білесіздер. Қазір оның орнына Данияр Елеусінов капитан болып отыр. Әлемде 69 кило салмақты қазақтар салмағы деп те айтып жүр ғой. Данияр Олимпиададан кейін осы салмаққа ауысып, енді қазір әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Жалпы, былтыр қараша айында Астанада өткен бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша команданың құрамы анықталып отыр. Осы чемпионаттағы жекпе-жектер АИБА-ның жаңа ережесі бойынша сынақ ретінде қорғану бас киімінсіз өтті. Әрине, басында боксшыларға оңай болған жоқ. Жарақаттар алып жатты. Дегенмен, ширек финалға келгенде боксшыларымыз үйреніп, бас киімсіз-ақ айқаса алатындарын көрсетті. Қазір шлемсіз бокстасудың қажеті бар ма деп көп жерде айтылып жатқанын білеміз. Менің ойымша, оның пайдасы көп деп ойлаймын. Бұрын қорғаныс шлемдері беттің жартысын жауып, боксшыларыздың бет-келбетін көрсетпейтін еді. Сосын боксшылар рингте тұрып алып, бір-біріне жабысып алатын. Енді олар шлемді тастаған соң, жарыстың көрігін қыздыру үшін техникаға, яғни шаршы алаңда жүгіріп, жұмыс істеуге мән беретін болады.
Биылғы жылы елімізде Бокс академиясын ашу да жоспарланып отыр. Мұндай орталықты Қазақстанда салу туралы шешім Швейцарияның Лозанна қаласында өткен АИБА-ның жиынында қабылданған болатын. Бокс академиясы әлем чемпионатының қарсаңында қазан айының алғашқы күндерінің бірінде ашылады. Қазір оның құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылысы мамыр айында бітуі керек. Жалпы, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы әрбір құрлыққа бір-бірден бес академия салуды жоспарлап отыр. Бокс академиясында төрешілер мен жаттықтырушылардың қайтадан біліктілігін сараптауға, боксшыларды дайындауға арналған жұмыстар жүргізіледі. Ол біздің жаттықтырушылар мен төрешілердің өз деңгейлерін көтеретін нысанына айналып қана қоймай, іс жүзіндегі әлемнің барлық спорттық функционерлері Алматыға тұрақты түрде келетін, ал бізге оларды жетістіктерімізбен, елдегі бокстың даму жағдайымен таныстыруға мүмкіндік беретін бокс ордасы болады.
– Қазіргі кезде боксты дамытуда федерация қандай жұмыстарды қолға алып, жүргізуде?
– Жалпы, бүгінде бокс бүкіл әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын Қытай, Моңғолия, Бразилия, Ирландия, Әзербайжан, Үндістан сияқты елдерде боксқа жақсы мән бермейтін еді. Ал бүгінде боксқа деген көзқарас мүлдем өзгерген. Бұл жағдайды Лондон Олимпиадасында да өздеріңіз көрдіңіздер. Демек, көптеген елдерде бокс футболдан кейін нөмірі екінші спортқа айналып отыр деуге болады. Қазақстан Бокс федерациясы да осы жағдайды ескеріп, еліміз бойынша боксты дамытудың жаңа жобаларын іске асыра бастады. Боксты алдымен ел өңірлерінде дұрыстап дамыту қолға алынды. Бұл істі жергілікті мекемелер мен кәсіпкерлер қауымы қолдап жатыр. Соның нәтижесінде еліміздің көптеген қалаларында, кейбір аудандарында арнайы бокс мектептері мен кешендері іске қосылды. Нақты жұмыстарға келсем, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан Қазақстан Бокс федерациясының кубогі үшін жарыс ел спортындағы ұтымды жобалардың бірі болды деуге негіз бар. Қазір осындай үлкен жарыстарды өткізу арқылы біз өңірлерде бокстың қаншалықты дамып жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, 2011 жылы Қарағанды облысының құрамасы жеңімпаз атанса, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысын жеңген Маңғыстау облысының командасы федерация кубогын жеңіп алды. Бұл дегеніміз, нағыз бәсекені көрсетеді емес пе?! Бокс осылайша іштен жанданып, іштен жетілгені өте дұрыс деп ойлаймын. Сонда негізгі құ-рамаларға нағыз мықтыларды іріктеуге жол ашылады.
– Енді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыз туралы айтып берсеңіз. Олардың көрсеткішіне көңіліңіз тола ма?
– Былтырғы Олимпиадада Серік Сәпиев алтын медальді, Әділбек Ниязымбетов күміс және Иван Дычко мен әйелдер арасында Марина Вольнова қола жүлдегер атанып, еліміздің абыройын асырды. Елдік тұрғыдан қарағанда, біз көбіне осындай ірі ресми жарыстардың көрсеткішін алға тартамыз. Осы орайда мен Маринаның Олимпия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген жарыста қола жүлдеге ие болуын үлкен жетістік деп бағалаймын. Ал Серік Сәпиевтің жөні басқа. Ол бұл жетістікке жету үшін көп уақытын өткізді. Олимпиада чемпионы атанған соң, соған лайықты бағасын алды деп ойлаймын. Өйткені, Олимпия ойындары, бұл – спорттың ең биік шыңы. Олимпиада чемпионы – мәңгілік атақ. Тек қана спортшының атағы емес, мемлекеттің мерейі, ұлттың абыройы. Осы орайда біз Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев барлық мамандарға жоғары талап қойып отырғанын айта кетуіміз керек. Қазіргі кезде осындай талаптың нәтижесінде еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, қасиетті Әнұранымыз талай елдерде ойналып келеді. Тағы айтатын нәрсе, былтыр Серік Сәпиев пен Руслан Мырсатаев Азия бокс конфедерациясының шешімі бойынша үздік боксшылар атанды. Жалпы, боксшыларымызға көңіліміз толады. Дегенмен, әлі де жұмыс істеу керек. 81 килода Алмат Серимовке, аса ауыр салмақтағы Жан Кособуцкиийге көп үміт артуға болады.
– Қазір жастар мен жасөспірімдерге, яғни Қазақстан боксының резервіне көңіл бөлу жағы қалай болып жатыр?
– Бұл жерде, біріншіден, мына жағдайды айтып өтсем деймін. Қазір еліміз бойынша ұйымдастырылатын барлық жарыстар халықаралық талаптарға сай өткізіледі. Екіншіден, спортшыларға медициналық қызмет көрсетуге ерекше талап қойылған. Жастар мен жасөспірімдер командаларын да түрлі жарыстарға қатыстыру жүйесі қалыптасты. Бапкерлер мен төрешілердің шеберлігін жетілдіру де назарда ұсталады. Осының бәрі Қазақстан Бокс федерациясының резервті алдын ала тәрбиелеуге бағыттап жасап жатқан жұмыстары. Мұндай мақсатты жұмыстардың нәтижесі болатыны сөзсіз.
Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».