Қазақстан • 23 Мамыр, 2019

Ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру басталды

1118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «ҚазАгро» холдингі» АҚ-ның АӨК субъектілерін қаржыландыруды бастауына орайластырылған баспасөз конференциясы өтті. Қаржыландыру жұмыстары нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында қолға алынып отыр.

Ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру басталды

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасы «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасының жалға­сы. Бағдарламаның операторлары «ҚазАгроның» еншілес компаниялары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «ҚазАгроКепіл» АҚ. Бағ­дар­ламаның мақсаты – елдің жұмыссыз азаматтары, өзін өзі жұмыспен қамтыған тұр­ғын­дар, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері, зей­нет­керлік жасқа толмаған адамдар, зәкірлік кооперацияға қатысушыларды қоса алғанда, шаруа және фермер қожалықтарына қолдау көрсету.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несиелер әртүрлі мақсатқа жылына 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі.  Бұл ретте тиімді жылдық мөлшерлеме 6,7 пайыздан аспайды. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді.

Ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 62,1 млрд теңге сомасында қарыз беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша – 27,5 млрд теңге. Етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды қаржыландыруға басымдық берілетінін айта кету керек.

Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Гүлмира Ерғалиева корпо­рацияның бағдарламаға қатысу­шы­лар­­ды қаржыландыруды микроқаржылық ұйымдар арқылы жүргізетінін айтты. Бұл сату арналарының санын арттырады және аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда несие алуға мүмкіндік береді. Корпорация қарыз алушыларға 84 ай мерзімге 8000 АЕК-ке дейін 6 пайызбен несие береді. Бұл қаржы мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығы емес бизнес түрлеріне арналған. 2019 жылы 17,482 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Несие алушылар кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда бағдарламаға қатысатын тағы бір ұйым «ҚазАгроКепіл» АҚ арқылы бюджет қаражаты есебінен кепілдікке ие бола алады. Бұл ұйым ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің стартап жобаларын бастауға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге бағытталған қолдауды жүзеге асырады.

– Кепілдік беру құралын 726 фермер пайдаланды, басым бөлігі бизнесін нөлден бастаған кәсіпкерлер. Қазір біздің ұйым арқылы берілген кепілдіктердің жалпы сомасы 2 596 млн теңгеге жетті. Кепілдікпен берілген қарыздың орташа сомасы – 6,6 млн теңге, орташа сома 3,2 млн теңге, – деді «ҚазАгроКепіл» АҚ басқарма төрағасы Қазбек Иманқұлов.

Қазіргі уақытта «ҚазАгро» ұлттық хол­дингінің еншілес компанияларының бар­лық филиалдарында  несие беруге және кепілдендіруге өтінімдер қабылдау басталды.