Мемлекет басшысының атына Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтан хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Онда үстіміздегі жылдың 11-12 наурызында Будапешт (Венгрия) және Вена (Австрия) қалаларында болып өткен Болон үдерісіне қатысушы мемлекеттер Білім министрлерінің ІІ форумында Қазақстан Республикасының Болон процесіне қатысу мәселелері талқыланғаны хабарланады.
“Қазақстан Республикасындағы жоғары білім реформаларының оң қорытындыларын атап өте келіп, Болон процесіне қатысушы 46 ел Қазақстан Республикасының Еуропа жоғары білім аймағына енуіне бірауыздан дауыс берді. Қазақстан – Еуропа білім кеңістігіне толыққанды мүше болу құрметін иеленген тұңғыш орталықазиялық мемлекет”, – делінеді хатта.
Министр сондай-ақ, Қазақстанның Болон процесіне қатысуы қазақстандық жоо-ларға отандық білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік туғызатынын жазады. Демек, Қазақстанның жоғары білім туралы дипломдары Еуропада конверттеліп, қазақстандық жас мамандар өңірдегі кез келген елде жұмысқа тұру құқына ие болады.
“...Халықаралық білім кеңістігіне қозғалысты жүзеге асырудағы басты мақсат – қазақстандық жоғары білімді әлемдік стандарттарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету”, – делінеді хаттың қорытындысында.