Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Семейдегі әлеуметтік жағдай - басты назарда

1244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекетіміз жағдайы төмен отбасыларды қамқорлыққа алып, көп балалы аналарға жағдай жасау керектігін ерекше тапсырып отыр. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова Семей қаласына арнайы келіп, қаладағы Жұмыспен қамту орталығында болды. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуын сұрап Жұмыспен қамту орталығына 3 798 семейлік өтініш жасапты.

Семейдегі әлеуметтік жағдай - басты назарда

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, халықпен тікелей сөйлесіп, оларға қызмет көрсетілу деңгейі қандай, міне сол мәселеге басты назар аударды. Семейдегі Жұмыспен қамту орталығына күніне 60 адам өтініш жасайды екен. Оларды тез арада қабылдап жіберу үшін Орталыққа мамандарының қатарын арттыру қажеттігі де айтылды. Себебі халық тосып, кезекте тұрып қалмауы керек. Семейде АӘК көмекке жүгінетіндердің қатары көп болғандықтан құжаттармен жұмыс істейтін мамандар егерде жетпей жатса, басқа салалардан да мамандар қосымша тартылуы мүмкін.

- Атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне келсек, оны тағайындаудың жаңа тәртібі бар, - деді халықпен кездесу барысында Әсем Нүсүпова кеңінен түсіндіріп, - Қазақстанда 2019 жылдың сәуір айының 1-інен бастап АӘК тағайындау адам басына шаққанда, күнкөріс деңгейіне орай 50 пайыздан 70 пайызға өзгеріп отыр, бұл дегеніміз  14 949-дан 20789 теңгеге дейін өскен деген сөз. Егер отбасының әрбір мүшесіне шаққанда орташа табыс 70 пайыздың мөлшерінен аспаса, онда жанұядағы әр балаға 20 789 теңгеден төленеді.

Жоғарыда айтылғандай, Семейдегі Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан 3 978 адам өтініш жасаса, оның 1930-ының өтініші қабылданған. 1829 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Барлық төлем 261, 7 млн теңгені құрап отыр. Бұдан кейін Әсем Нүсүпова қаладағы  облыстық кәмелеттік жасқа толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысына қатысып, бірқатар маңызды мәселені шешті. Осыдан біраз бұрын облыс әкімі Даниал  Ахметов Жаңашүлбі балалар үйінің негізінде  алғашқы Орталықтың ашылуы туралы қаулыға қол қойған еді. Бастысы балалар үйлерін оңтайландырып, ата-ана қарауынсыз қалған балалармен жұмыс жасау деңгейін жаңа үлгіге көшіру қажет. Жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде 2009 жылдан бері Шығыс аймақта жетім және ата-ана қарауынсыз қалған бала саны 4417-ден 2735-ке дейін азайған. Он бір балалар үйі жабылды. Осы балалар үйінің тең жартысы  ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттар ретіде қайта ашылып, жұмысын жалғастырды. Қазіргі уақытта 800 бала Балалар үйінде, ал 1914 бала асырап алған отбасыларда тәрбие алуда. «Жетім көрсең жебей жүр» деген қазақ халқы, алдағы уақытта әлеуметтік жетімдікті болдырмау үшін облыстық әкімшілік пен Семейдегі «Ана үйі» қоғамдық қоры және Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік бірігіп жұмыс істейтін болады.

Жиын барысында Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко қаладағы бала тәрбиесі, жазғы демалысы туралы баяндама жасады. Және қаладағы «Жанұя орталығы» қоғамдық қорының жұмысы туралы да айтылып, олардың атқарып жатқан істері сарапқа салынды.   

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                   

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ