07 Ақпан, 2013

Жүйке жұқартқан жөнсіз жүгіріс

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жүйке жұқартқан жөнсіз жүгіріс

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:48

Елімізде көп балалы отба­сыларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдікті-жәрдемдер беріліп тұратыны белгілі. Бірақ, соған қол жеткізуде көптеген қиындықтар мен кейде тіпті, заңсыздықтарға да жолығатынымыз жасырын емес.
Мысалы, төрт немесе одан да көп балалы отбасылар ұл-қыздың тұңғышы кәмелет жасқа жеткенше Үкімет тағайындаған алты жарым мың теңгеге жуық жәрдемақыны алып тұрады. Айтқандай, бұл жәрдемақы мөлшері жыл басынан бері тағы 40 пайызға артты.

Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:48

Елімізде көп балалы отба­сыларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдікті-жәрдемдер беріліп тұратыны белгілі. Бірақ, соған қол жеткізуде көптеген қиындықтар мен кейде тіпті, заңсыздықтарға да жолығатынымыз жасырын емес.
Мысалы, төрт немесе одан да көп балалы отбасылар ұл-қыздың тұңғышы кәмелет жасқа жеткенше Үкімет тағайындаған алты жарым мың теңгеге жуық жәрдемақыны алып тұрады. Айтқандай, бұл жәрдемақы мөлшері жыл басынан бері тағы 40 пайызға артты. 

Сонда, шамамен 8 мыңдай қаржыны құрады деуге болады. Сондай-ақ, көп балалы отбасыларға, мемлекеттің бақылауындағы бюджеттік мекеме – білім ошақ­тары тарапынан да бірқатар кө­мектер көрсетіледі. Мәселен, мектепішілік ұйымдастырылатын ақылы шараларға тегін қатыс­ты­рылады, түрлі концерттер мен циркке немесе саяхат т.т. мә­дени шараларға жеңілдік жасалып, қоғамдық көлікте тегін жүретін жолақы билеті мен кітап үлестірілуде де осындай отбасынан шыққан балалар алдымен назарда болуға тиіс. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылып тұратын қамқорлық та алғашқы кезде жартыкеш отбасылар мен әкесіз немесе шешесіз өсіп жатқан бүлдіршіндерге көрсетіледі.
Айтпағымыз, осындай иманды істердің бір олқылығы соңғы кездері қылаң бере бастаған сияқты. Кісіні жөнсіз әбігерге салудың жағымсыз бір түріне нақты дәлел келтірсек, жуыр­да жас отбасылы болса да, құ­дай жарылқап, көп балалы болып үлгерген әріптесіміз бас­па­насыздықтан көшіп-қонып жүріп, балаларын бірнеше мектепке амалсыз ауыстыруға мәжбүр бол­ған-ды. Кішкентай жеңілдікті кереметтей көретін отағасы, ұл-қызының құжаттарын мектепке тапсырып, берілетін азды-көпті жеңілдіктен құр қалмау үшін, әлеуметтік педагогтан қажетті құжаттар тізбесін алады.
Міне, қызық! Мектеп та­­­­рапынан көрсетілетін азды-көп­ті көмекті алу үшін, 12-15 құ­­жат тізбесін құрап шығыпты. Ата-анасы мен баланың туу туралы куәлігі, ерлі-зайыптының неке куә­лігі, жұмыс орнынан анықтама, айлық табысы жөнінде, мекен-жайының анықтамасы… тізбе осылай жалғасып кете береді. Мұның бәрі неге және кімге керек, нені дәлелдеу үшін қажет деген ой келеді. Жарайды, мұны да қоялықшы, құжаттың көшірмесін жасатып, жұмыс орныңнан тиісті анықтаманы алуға болар. Ал енді сол құжаттар тізбесінің арасында мынадай бір шартты тармақ бар екен: «Отбасы құрамы туралы анықтама». Әлеуметтік педагог тапсырылуы тиіс деп тапқан міндетті құжаттардың бірі осы анықтаманы қайдан, кімнен алуға болады?
Әдеттегідей, жүгіріп жұ­мыс орнына келген. Кадр бө­­лі­міндегілер заңгерлермен ақыл­дасып, «қызметкердің отбасы құрамын анықтап беретіндей, біздің ешқандай да заңдық құзыретіміз жоқ» деп шығарып салыпты. Содан, бір берсе, сен бересің деп, жұрт жабыла мақ­таған «бір терезе» – халыққа қыз­мет көрсету орталығына барған. Ондағылар тіптен таң-тамаша қалып, ондай анықтама бермейтін болып шығыпты. Басқа қандай құжат керек болса, бәрін береді. Бере алмайтынына жөн сілтеп, жол көрсетіп жібереді. Олардың айтуына қарағанда, әділет департаменті беруі ықтимал екен.
Ентігіп оған да жеткен. «Нет, мы не дадим такую справку», деп олар да сырғытпа жауаппен шығарып салған. Қойшы әйтеуір, қайсы мекемеге барса да қажетін таба алмай, әлгі әлеу­меттік педагогке жағдайды айтып қайта келеді. Талап етілген анықтаманы беретін кеңсені табу қиынға соғып тұрғандығын айтып, мүмкін, өзі көмектесіп жіберер деп дәмеленеді. Сөйтсе, әлгі әлеуметтік педагог: «Ә, бермей ме екен ешкім, жарайды, онда жиған-терген құжатыңызды тапсыра қойыңыз», депті еш ыңғайсызданбастан.
Мұндай да сұмдық болады екен деп жағамызды ұстадық. «Әкел» дейді, ал онысы орынсыз екендігін ескертсең, «жә, қоя сал онда» дейді. Бұл не қылған мазақ, нендей бейбақтастық? Осындай қателігі үшін әр шенеунік заң алдында жауап беруге тиіс болса, онда мұндай сорақылық та азаяр ма еді, кім білсін? Мүмкін бұл жас отбасыларды тиесілі әлеуметтік көмекке қол жеткізбеу үшін әлдекімдер қолдан жасап отырған қитұрқы амал болар? Сонда жүйке жұқартқан жөнсіз жүгірту кімге керек?

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.