Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Шымкентте дәрілік препараттарды сату бойынша түсіндірме жұмыстары басталды

845 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта «Дәрілік препараттарды сату мәселесі» тақырыбында брифинг өтті.

Шымкентте дәрілік препараттарды сату бойынша түсіндірме жұмыстары басталды

Онда Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев дәрі-дәрмек саудасына байланысты салалық министрліктің түсіндірме жұмыстарын баяндады.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған брифингте дәріханаларда дәрілік заттарды дәрігердің рецепті бойынша сату мәселесіне түсіндірме жүргізді.

Департамент басшысының айтуынша биыл елімізде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармация мен қоғамдық денсаулық сақтау комитеттері біріктіріліп, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті болып құрылуда.

«Дәрі-дәрмектердің рецепт бойынша сатылуы қоғамда маңызды мәселе болып тұр. Дәрмектерді тиімсіз қолданудан адамның денсаулығына зиян келтіретін фактілер кездесуде. 2018 жылы дәріханаларда дәрігердің рецептінсіз дәрі сатқан 24 жағдай тіркеліп, шара көрілді. Заң аясында жұмыс істемеген жағдайда 70-тен бастап 1000 АЕК айыппұлдар салынады. Әсіресе, тұрғындарға антибиотиктермен емделуде дәрігердің кеңесі мен олар жазып берген рецепт бойынша ем алуға кеңес береміз. Өйткені өз бетімен немесе тамыр-таныстардың айтуымен антибиотикпен емделу қауіпті ауруларға соқтырады», деді ҚР ДСМ Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Л. Қашқымбаева.

Сала мамандары дәрілік заттарды қабылдауда оны сату бойынша дәрігерлер мен жеке кәсіпкерлерге қолданыстағы талаптардың қағидаларын сақтау қажеттігін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, елімізде дәрілік заттардың 7 792 атауы тіркелген, оның 6 033-і дәрігердің рецепті бойынша, 1759-ы репецптсіз сатылады.

Қазіргі таңда Шымкентте 1180 дәріхана жұмыс істейді. Ондағы мамандар дәрілік препараттарды сату бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.