Кино • 24 Мамыр, 2019

Дубляж өнерінің болашағы жарқын

1856 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ дубляж өнері әлем бойынша кенже дамып келе жатқаны құпия емес. Егер Дисней студиясының классикалық мультфильмдерінің Ресейдегі дубляжы осыдан 25-30 жыл бұрын қолға алынса, бізге АҚШ студиясының сапалы әрі толыққанды қазақ тілді дубляжы енді-енді ғана еніп жатыр.

Дубляж өнерінің болашағы жарқын
Осы орайдағы жағымды жаңалық­тың бірі – аталған олқылықтың орнын толтыруға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жат­қандығы. Атап айтар болсақ, 2019 жыл­дың 13 наурызында Орталық ком­муникациялар қызметі алаңында «Болашақ» Корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасының аясында қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмінің тұсаукесері өтті. 

«Біздің жобамыздың негізгі мақ­саты – әлемдік студияның от­ба­сы­мен көруге арналған қазақ ті­лін­де­гі сапалы контентін шығару және оны қолжетімді ету. Және атал­ған мақ­сат­ты тиімді жүзеге асыру аясында отандық кинематография әртіс­тері­мен белсенді қарым-қатынас орнатып, оннан астам танымал актер сы­нақтан өтуге шақырылды», деп атап өтті «Бо­лашақ» ҚҚ директоры Динара Шай­жүнісова.

2011 жылдан бері «Болашақ» ҚҚ мен «Меломан» компаниясы 27 голливудтық кинокартинаның қа­зақ тіліндегі дубляжын жүзеге асыр­­ды. Қор директоры Динара Шай­­жү­нісованың айтуынша, осы жылы кішкентай көрермендер наза­рына қазақ тіліне аударылған 5 фильмнің тұсаукесері дайындалуда: 28 наурызда – «Дамбо», 22 мамырда – «Аладдин», 20 маусымда – «Ойыншықтар хикая­сы – 4», 19 шілдеде – «Арыстан патша» және 28 қарашада – «Мұзды өл­ке».

Мақаланың басында атап өткендей, көр­шілес Ресей жалпы дубляж өне­рін өткен ғасырдың ортасында-ақ дамыт­қан еді. Бұған біз «Үндістанның Чар­ли Чаплині» атанған Радж Капур­дың 50 жыл бұрын орыс тіліне ду­бляж­далған фильмдері арқылы көз жеткіземіз. Бұл жалпы көркем фильм жанрына қатысты жағдай. Ал енді анимациялық фильм жанрына келетін болсақ, 80-жылдары Кеңес Одағында шетел анимациялық туындыларын біртіндеп дубляждау үрдісі жүре бас­тады. Бұған дәлел ретінде келесі мульт­фильмдерін мысалға келтіре аламыз: жапондық режиссер Кимио Ябуки 1969 жылы түсірген «Кот в сапогах» және америкалық режиссер Тед Берман 1981 жылы түсірген «Лис и пес» мультфильдері. Дисней студиясының туындыларының басым көпшілігі тек 1991 жылдан кейін ТМД елдеріне келе бастады. Ресейде дубляж мектебінің іргесі бе­рік болғандықтан, олар дубляж ісін бірден қолға алып кетті. Ал бізде тіпті ресейлік көркем фильмдерді дубляждау кешірек дамыды. Біз бұл «кешігіп даму» үрдісінің ащысы мен тұщысын корей, түрік телесериалдарының дубляждалуынан-ақ соңғы 15 жылдың ішінде айқын аңғардық. 

Алайда «Көш жүре түзеледі» де­мек­ші, бұл тұстағы мәселелер ал­да ше­шімін табатын сыңайы бар. Мұ­ның бір нышаны ретінде отандық ак­тер­лердің өзі аталған мәселенің ма­ңыздылығын тереңнен ұғынып, сол жолда аянбай тер төгіп жатқаны қуан­тады. Мәселен, басты рөлді дубляждаушы актерлердің бірі Нұрлан Әлімжанов: «Дубляж жасау – күрделі іс. Өз кейіпкеріңді түсіну, оның дау­сын салу және бет қимылдарын кел­тіру үлкен еңбекті талап етеді және оның нәтижесі өз жемісін әкеледі. «Болашақ» ҚҚ біз бен Голливуд арасында көпір болу арқылы үлкен жұмыстар жүргізуде», деп пікір білдірді. 

Аталған жобаның тек өнерді дамыту ғана емес, әлеуметтік міндеті де бар екенін айта кеткеніміз жөн. Себебі, жобаны ұйымдастырушылар қазақ тілінде дубляждалған туын­дыларды халыққа кеңінен тарату мақсатында ivi.ru онлайн-кино­теа­­трымен бір­ле­сіп, ауқымды қа­йы­­рымдылық ки­но­­фестивалін өт­кізуді жоспарлап отыр. Осы жазда «Болашақ» қорымен дуб­ляждалған фильмдер бірнеше күн бойы Алматы тұрғындары үшін ашық аспан астында көрсетілетін болады.

Бұл жобалардың нәтижесінде елі­міздегі дубляж өнері қарқынды дамиды деген сенім мол. Осы тұста дубляждан бөлек, анимациялық фильмдерді дыбыстайтын актерлердің біліктілік деңгейі мен кәсіби шеберлігіне де баса мән берген жөн. Мәселен, бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында дубляж бойынша «Cinematone» және «Арай Медиа Груп» атты екі ли­цензиялық студия ашылды. Мұнда Дис­нейдің студия стандарттарына сәйкес фильмдерді дубляждау бойынша 200-ге жуық шығармашылық және техникалық мамандар оқытылды, 100-ден астам қазақстандық актер Дисней студиясының базасында тұр. 

Белгілі кинотанушы Бауыржан Нө­гербек айтқандай: «Қазақ анима­ция өнерінің бірден-бір іргетасы – ұлт­тық фольклор». Демек, өзге ел­дер­дің анимациялық (және кез келген жанрдағы) туындыларын қазақ тіліне тәржімалау және дубляждау кезінде тек сауаттылықты ғана емес, сонымен қатар ұлттық нақышқа да көңіл бөлген дұрыс. Бұл – біріншіден өскелең ұрпақ алдында қазақ тілінің аясын кеңейтсе, екінші жағынан жалпы ұлттық дубляж саласын дамытуға серпін берері сөзсіз!

Риза ЫСҚАҚ