Аймақтар • 24 Мамыр, 2019

Семейдегі №3 мектепте дарынды оқушылар марапатталды

1115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сембаеваның айтуынша биылғы оқу жылының аяқталуына орай осынау «Дарындылар фестивалін» өткізудегі басты мақсат талантты оқушыларды тану және олардың қабілетін жетілдіре білген ұстаздардың еңбегін бағалау болып табылады екен.

Семейдегі №3 мектепте дарынды оқушылар марапатталды

- Дарынды жас еліміздің болашағы, баға жетпес қазынасы,-деді  №3 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сембаева,-мектебіміздің Алтын қоры-оқу озаттары. Биылғы оқу жылын 121 оқу озаты аяқтап, өз білімдерін, ұстаздарының біліктіліктерін дәлелдеп отыр.  

 Оқушылардың ғылыми-зерттеу, спорт саласынан және пәндік олимпиададан да жетістікке жеткендігін осы фестиваль барысынан көруге болады. Республикалық, халықаралық жобаларға қатысқандар қатары тіптен көп.

Жақында осы №3 мектепте болған құрметті қонақ, Қазақстандағы Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи мырза  бастауыш сынып оқушылары жасаған көрмені тамашалаған еді. Оқушылар өздерінің ұстаздарымен бірге жасаған қолөнер еңбектерін көрсетті. Солардың бірі 3 «Г» сыныбының оқушысы Аделия Әділетқызы мен ұстазы Ләззат Оспанова. Тацухико Касаи мырза  Аделияның еңбегі бағалап, кішкентай қолын қысып, болашағына зор табыс тіледі. Ұстазы Ләззат Оспанованың айтуынша, мозаика жасау, түрлі қолөнер бұйымдарымен айналысу Аделияның сабақтан тыс айналысатын сүйікті ісі екен. Бүгінгі «Дарындылар фествивалінде» көзге түскен тағы бір оқушы Адина Құсайынова «Веселые нотки» музыкалық ансамбілінің құрамында өнер көрсетіп, композитор Теміржан Базарбаев атындағы І облыстық фествальде 1-інші орын алғаны және басқа да музыка саласында көрсеткен жетістіктері үшін марапатталды.

-Шәкірттерімізге оқумен қатар тәрбие беру арқылы адам  баласынының болашақ тағдыры  белгілі болатындығы рас,-деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Құрмашева,-біздің бастауыш сыныптан баланың білімді  болып жоғары сыныпқа өтуі болашақта мемлекеттің тірегі, қамқоршысы болатындығын дәлелдейді. Біз ұрпақ тәрбиесі барлық ұлт үшін, халық үшін аса маңызды деп ойлаймыз.

«Дарындылар фестиваліне» қатысқан ата-аналар да, балалар да риза болып қалды. Барлығы мектеп ұжымына рахметтерін айтып, келер жылы да осындай өнерде, білімде, спортта табысқа жеткен балаларды марапаттау дәстүрі жалғаса берсе деген игі тілектерін жеткізді.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,                   

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ


Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше