Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Сайлау негізі – дауыс беру

2134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сайлаудың сындарлы сәті жақындаған сайы­н өз таңдауымды жасаймын дейтін жандар сенімі нығая түсті. Өйткені бұл көңіл күй президенттікке тіркелген кандидаттардың сайлау барысындағы ашық іс-қимыл­дарымен тікелей байланысты. Оның үстіне ел-жұрт бұл сайлау науқанының ел Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңдарымызға сай өтіп жатқандығын нақты көріп, біліп отыр.

Сайлау негізі – дауыс беру
Ендеше осы сайлауда еркін елдің әр азаматының ерікті жасаған дұрыс таңдауы болашағымыздың одан әрі жақсарта түсетіндігіне сенім ұялатады. Оның бір негізі Орталық сайлау комиссиясы сайлауды өткізу жөніндегі жұмыстарды уақтылы атқа­рып, барлық талаптардың заңды­лықтардың қатаң сақта­луын ұстануы болып отыр. Әсіресе сайлаушы­лардың өз таңдауын еркін жүзеге асы­ра алуы үшін қажетті жағдай жасалды. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімін қалыптастыруы және олардың сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қабылдау, азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру және сайлау учаскелерінде мүмкін­дігі шектеулі азаматтар үшін жағдайды қамтамасыз ету, т.б. секілді жұмыстарды толық назарға алды.

Мәселен, азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учас­келерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей, тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға беруі керек. Азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүм­кiндiгi берiледi. Содан кейін әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы де­ректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы.

Ал сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізім­дерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы шағымды тиiстi сайлау комиссиясы ол арыз түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағ­дайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дә­лелдi шешiмнiң көшiрмесiн бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы да мүмкін, ондай болса сот шағымды түскен күні қарайды. Сол кезде арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүзеге асырады. Сондай-ақ сайлаушының учаскенің орналасқан жері бойынша тұрақты мекенжайға тіркелгені расталған кезде, яғни ХҚО беретін мекенжай анықтамасын ұсына отырып, тиісті учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін. Бұл кезде жергілікті атқарушы органдар елдің сайлау комиссияларымен бірлесіп, дауыс беру күні учаскеге келген азаматтың сайлаушылар тізімінде өзін тауып, өзінің сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс.

Егер сайлаушы сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде шұғыл жағдайға байланыс­ты бір жаққа кеткен кезде не істеу керектігі жөнінде Ор­­талық сайлау комиссиясы БАҚ-пен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімінің бас консультанты Венера Абыханқызы түсіндіріп берді. Ол: «Сіз өзі­ңіздің тұрғылықты орныңызды ауыс­тырған жағ­дайда өзіңіз­дің тіркелген жеріңіз бойын­ша учаскелік сайлау комис­сиясына жүгінесіз, ол жерде төлқұжатты немесе же­ке куә­лікті ұсынған кезде учас­келік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын растайтын есептен шығару куәлігін табыс етеді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады. Алайда, есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сай­лау учаскесінде дауыс бе­руге қатысқысы келетін сай­лаушыларға берілмейді. Есеп­тен шығару куәліктерін беру дауыс беру күні алдын­дағы күнгі жергілікті уақыт бо­йын­ша 18 сағатта аяқталады. Да­уыс беретін күні дауыс беру құқығын беретін есептен шы­ғару куәлігін көрсеткен кез­де учаскелік сайлау комиссиясы сізді келген орныңыз бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді», дейді. 

Сөйтіп сайлау күні дауыс беру сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бо­йын­ша сағат жетіден кешкі сегізге дейін өткізіледі. Сай­лаушы өзі дауыс береді. Сай­лауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушылар тізімінің негізінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куә­лігін көрсеткен кезде қо­лына ұстатылады. Сосын сайлаушы бюллетеньді алған­дығы туралы қол қояды.

Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады және оларды толтыру кезінде басқа біреудің қоса кіруіне тыйым салынады. Ал егер сайлаушы өз бетімен бюллетеньдерді толтыруға мүмкіндігі болмаған жағ­дайда, өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сай­лаушының бюллетень алған­дығы туралы қолы қойылады. Алайда, бұл сәтте бір ескерер жайт, бюллетеньді өз бетімен толтыруға мүмкіндігі бол­маған сайлаушыға бюлле­тень­ді толтыруға сайлау комиссиясының мүшесі, жер­гілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы, кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, яғни – журналист және тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы қатысуға болмайды. Осылайша сайлаудың мәні де, негізі де дауыс беру болып табылады. Өйткені өз таңдауын дұрыс жасаған адам ұтылмайды.