Экономика • 24 Мамыр, 2019

Салықтық рақымшылық жеке тұлғаларға да жасалады

1077 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі салық сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізіліп жатқаны белгілі.

Салықтық рақымшылық жеке тұлғаларға да жасалады

Қазіргі таңда республика бойынша 37 150 салық төлеуші салық берешегін өтеді. Оларға 1,9 миллиард теңге сомасындағы өсімпұл және 98,7 млн теңге сомасындағы айыппұлға жеңілдік қарастырылған. 

2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, елімізде 90 077 шағын және орта бизнес субъектілерінің өтелмеген салықтық берешегі болған. Олардың қарыз сомасы – 210,4 миллиард теңге, өсімпұлдар – 122,9 миллиард теңге, айыппұлдар – 7,4 миллиард теңгені құрағанын атап өткен жөн.

Салықтық рақымшылық жыл аяғына дейін жалғасады. Яғни, шағын және орта бизнес субъектілері қарыздардан құтылуына және мемлекеттік кірістер органдары қойған шектеулердің күшін жою мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар жеке тұлғалардың 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық міндеттемелері бойынша да жеңілдіктер жасау мәселе қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатыр. Аталған өзгерістер қабылдаған жағдайда рақымшылыққа 1,390 миллион адам ілігеді. Олар төлеуі тиіс 13,9 миллиард теңге сомасында қаржыны өткізгенде 7 миллиард теңге өсімпұл есептен шығарылады. 

Айта кетерлігі, 31 мамырда Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен семинар өткізілмек. Семинар барысында салықтық рақымшылықтың көкейтесті сұрақтары, камералық бақылаудың кейбір өзекті мәселелері көтеріледі.