Алдын алсаң, ауырмайсың
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:15
Қан айналымы жүйесінің аурулары дүние жүзінде адам өліміне себепші болатын жағдайлардың ішінде бірінші орында тұрғандығы белгілі. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы соңғы кезде қан айналымы жүйесі ауруының алдын алуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Бұл аурудың қазіргі таңда көкейкесті болуына байланысты, оны түбегейлі жақсарту мәселесі мемлекеттің ұдайы бақылауында тұр. Осы орайда Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп, ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:15
Қан айналымы жүйесінің аурулары дүние жүзінде адам өліміне себепші болатын жағдайлардың ішінде бірінші орында тұрғандығы белгілі. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы соңғы кезде қан айналымы жүйесі ауруының алдын алуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Бұл аурудың қазіргі таңда көкейкесті болуына байланысты, оны түбегейлі жақсарту мәселесі мемлекеттің ұдайы бақылауында тұр. Осы орайда Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп, ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бағдарлама аясында Астанада заманауи жабдықтармен жабдықталған 180 төсектік Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы, Ақтөбеде және Павлодарда 50 төсектік аймақтық кардиохирургиялық орталықтар салынды. Барлық өңір орталықтарындағы облыстық және қалалық ауруханалар жанынан интервенциялық кардиология және кардиохирургия бөлімшелері ашылды. Еліміздегі Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында және Ұлттық ғылыми медициналық орталығында қазіргі уақытта жасанды солжақ қарыншаны имплантациялау бойынша аса күрделі операциялар жасалды. Сондай-ақ, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында Қазақстанда тұңғыш рет донор жүрегін ауыстырып салу операциясы жүзеге асырылды. Қолқа-жүрек қан тамырын шунттау, жүрек қақпақшасына жамау және протез салу, балонды дилятация мен жүрек қан тамырын стенттеу сияқты операциялар республика аймақтарының көпшілігінде жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша 2012 жылы 20 мыңнан астам кардиохирургиялық операция жасалды. Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында тәулік бойы жұмыс істейтін жіті коронарлық синдромы кезіндегі ерте эндоваскулярлық араласуды жүзеге асыратын интервенциялық кардиология бөлімшелерінің қызметі ретке келтірілді. Бұл стенттеп интервенциялық емдеуден кейін көрсетілген патологияда аурулардың өлім көрсеткішін консервативті емдеумен салыстырғанда 7-9 есеге азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, республиканың барлық аймақтарында ЭКГ-да ST сегментінің жоғарылауымен болатын жіті коронарлық синдромымен ауыратындарға жедел медициналық көмек деңгейінде немесе ауруханада болған ерте кезеңдерінде тромболитикалық терапияны қолданатындығын айта кету керек.
Аталған іс-шаралар болатын жағдайларды мейлінше жақсартуға мүмкіндік берді. Егер 2006 жылы қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім жағдайы 100 мың адамға шаққанда 627-ні құраса, ал 2012 жылдың 11 айында осы көрсеткіш осыншама адамға шаққанда 253,3-ке дейін төмендегендігін көрсетті.
Пациенттің дәрігер мен медициналық ұйымды таңдау еркі, бәсекеге қабілетті орта, көрсетілетін қызметтердің айқын болуы (нақты шығындар бойынша төлем жасау), соңғы нәтижеге бейімделу сияқты Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қағидаттары жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын пайдалана отырып, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 2012 жылы барлығы 3360 сырқат емделіп шықты, соның ішінде 1685 сырқат республика аймақтарынан келгендер.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қан айналымы жүйесінің ауруын ерте анықтау бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде еліміздің ересек тұрғындарына қауіп факторын ерте анықтауға бағытталған Ұлттық скринингтер, ал жүрек-қан тамыры аурулары анықталған жағдайда, халықаралық стандарттарға сәйкес оларды дер кезінде және дұрыс емдеу мен науқастарды диспансерлік есепке алу жүргізіліп жатыр. Осылайша, 2012 жылы республикада қан айналымы жүйесін анықтауға арналған скринингтік байқаудан ересек тұрғындардың мақсатты топтарының 2,5 миллионынан астамы өтті, мұнда 200 мыңнан астам адамда қан айналымы жүйесінің аурулары анықталды және олардың 86% диспансерлік есепке алынды. Бұл жұмыс әлі де жалғасу үстінде.
Әрине, жоғарыда көрсетілген іс-шаралар қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлімді төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда, осымен бірге жүрек-қан айналымы ауруларымен сырқаттану көрсеткіштері ұлттық скрининг аясында олардың белсенді түрде анықталуынан кейін өсіп келеді. Сондықтан оны төмендету үшін негізгі әрекет қан айналымы жүйесінің ауруларының алдын алуға жасалуы керек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдығы «профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге баса ден қою» деп атап көрсеткен болатын.
Осы бағытта республиканың денсаулық сақтау ұйымдары және алғашқы кезекте Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен оның аймақтардағы филиалдары ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Артериалдық гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы, диабет мектептері ашылуда. Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуметтік-бағытталған модельдері құрылуда. Бұған қоса әлеуметтік-психологиялық көмек қызметтері де ашылу үстінде. Соның нәтижесінде 500 психолог пен 2 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмысқа кірісіп, аурудың алдын алу бойынша негізгі түсіндірмелік жұмыстарын бастап кетті.
Аурудың алдын алу іс-шаралары, әрине, бәрімізге белгілі. Олар – дененің артық салмағын, қан қысымы жоғарылауын, холестерин деңгейін және қандағы қантты қадағалау, ұтымды әрі теңдестірілген тамақтану, шылым шегуге тыйым салу, ішімдікті шамадан тыс қолданудан бас тартып, спортпен айналысуды дағдыға айналдыру.
Осылайша, медицина қызметкерлері мен көпшілік бірлесіп әрекет етсе ғана ұлтымыздың дені сау болып, еліміз одан әрі өркендей түспек.
Нұрлан ӘБДІҚАЛИҰЛЫ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
АЛМАТЫ.