Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Президенттікке кандидаттар арасында пікірсайыс өтеді

1078 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында еліміздің саяси партиялары мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының өкілдері қатысқан отырыс өтті. Онда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірталас пен пікірсайысты өткізу және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу жайы қаралатындығын айтты.

Президенттікке кандидаттар арасында пікірсайыс өтеді

Алғашқы, яғни «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірталастар мен пікірсайыстарды өткізу туралы» мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен баяндама жасады. Ол еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірталас пен пікірсайысты өткізу туралы қаулы қабылдағанын жеткізді. Осы қабылданған қаулыға сай сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас мен пікірсайыс күні анықталды деді. Баяндамашының нақтылауынша аталған пікірсайыс  алдымыздағы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының телевизиялық арнасы эфирінде өткізілмек.

Ал қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстарды жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірленді, деді одан әрі Л. Сүлеймен. Міне осы регламент бойынша біріншіден, сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайысты өткізу тәртібі айқындалған. Екіншіден, сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайысқа қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар және олардың сенім білдірген адамдары болып табылады. Бұған кеңірек түсіндірме берген Ләззәт Сүлеймен сайлауалды пікірталастар мен пікірсайыстар – сайлауалды үгітті жүргізудің бір жолы, дейді. «Осы орайда айта кету керек, 2018 жылға дейін телевизиялық пікірсайыстар ОСК тарапынан тек Мәжіліс сайлауында өткізілетін болса, қазіргі сайлау туралы заңнамаға сәйкес Президент сайлауында да, мәслихаттар сайлауында да, яғни үміткерлер арасында олардың келісімімен өткізілуіне болады. Яғни, пікірсайыстарды, пікірталастарды өткізудің шеңбері кеңейіп отыр» деп атап өтті ол.

Үшіншіден, егер бұрынғы заңға сәйкес Ортсайлауком пікірсайыстар мен пікірталастарды өзі әкімшілендірсе, қазіргі талап бойынша пікірсайыстарды өткізу бұқаралық ақпарат құралдарының еншісіне беріліп отырған көрінеді. Сондықтан да жоғарыда айтылған, яғни қабылданған қаулы бойынша сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайыс 2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының телевизиялық арнасы эфирінде өткізіледі.

Төртіншіден, қатысушылар телепікірталастарды өткізу регламентін сақтауға, басқа қатысушылардың атына кемсітетін айыптаулардан, көрінеу жалған, бір-бірінің абыройы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айтудан аулақ болуға, пікірсайысты әдеп нормалары шеңберінде жүргізуге тиіс. Бесіншіден, телепікірталастар мен пікірсайыстар қоғам дамуы үшін маңызды, яғни «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары», «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» атты тақырыптары бойынша жүргізіледі. Сондықтан  оппонентер арасында «сұрақ-жауап» түрі де қамтылады деп күтілуде. Оған қоса  қатысушылар өз сайлаушыларына тікелей үндеуін жасай алады.

Сөйтіп бұл  телепікірталас 3 раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» деп аталады. Бұл, яғни сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайыстың бірінші раунды екі турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстыру мақсатында сөз сөйлейді. Екінші турда қатысушылардан өздерінің оппоненттеріне «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайыс сессиясы жорамалданады. Қатысушылар өздерінің оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, сондай-ақ екі сұраққа жауап бере алады. Ал екінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» деп аталады. Екінші раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Сол екінші турда жүргізушілердің барлық қатысушыларға бір сұрақтан қоюы жорамалданып отыр, деді баяндамашы. Үшінші раундтың тақырыбы - «Сайлаушыларға арнау» деп аталыпты. Осы үшінші, яғни қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді екен.

Отырыста қаралған екінші, яғни 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина  баяндама жасады. Онда ол 2019 жылғы 6, 13, 21 мамырда Орталық сайлау комиссиясы 125 байқаушыны аккредиттегені туралы хабарлады. Оның ішінде 109 байқаушы бес халықаралық ұйымнан, яғни Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясынан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы мен Ислам ынтымақтастық ұйымынан аккредиттелген.

Оған қоса Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын 8 шет мемлекеттен 16 байқаушы бар.

Одан әрі баяндамашы ағымдағы жылдың  2 және 23 мамырында Сыртқы істер министрлігінен бірқатар Миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар түскенін айтты. Мәселен, 19 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан келген байқаушылар Миссиясының құрамында болса, 24 байқаушы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар Миссиясынан. Сол сияқты 10 байқаушы Түркітілдес Елдердің Парламенттік Ассамблеясынан және

63 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламентаралық Ассамблеясынан көрінеді.

Сонымен қатар Әзербайжан, Беларусь, Латвия және Моңғолияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын шет мемлекеттерден 7 байқаушы ұсынылып отыр. Сөйтіп бүгінгі күні 123 байқаушының барлығы аккредиттеуге шығарылды, деді З.Баймолдина. Аккредиттеуге ұсынымдардың  түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып тұрады.  Осылайша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден байқаушылар саны 24 мамырға 248 адамды құрап отырған көрінеді. Жалпы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырмақ.