Аймақтар • 27 Мамыр, 2019

Ауыл тұрғындары ашынғаннан айтады

1253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Кеңес ауылы байырғы елді мекеннің бірі еді. Кезіндегі шаруашылығы шалқыған Романовка кеңшарының бөлімшесі болатын. Кейіннен ауыл адамдары түрлі себептермен жан-жаққа қоныс аударып, көпшілігі Романовкаға көшіп алған. Астанадан 40 шақырым жердегі бұл ауыл қазір Рақымжан Қошқарбаев ауылы болып аталады. Кеңес пен Қошқарбаев ауылының жанынан Нұра өзені ағып жатыр.

Ауыл тұрғындары ашынғаннан айтады

Ал енді осы елді мекеннің жұртшылығын екі жылдан бері алаңдатып отырған мәселе бар, сол жайында айтуға тура келіп отыр. Кеңес ауылының жанынан өтетін Нұра өзеніне жақын орналасқан қорым-зиратта 300-ден 500-ге дейін мәйіт жатыр. Оның жан-жағы ертеде қоршалған. Ауыл тұрғындарын ата-бабалары, жақындары жатқан осы зираттың бүгінгі жағдайы қатты алаңдатады екен. Атап айтқанда, зираттың өзен жағы бүлініп жатыр. Қоршау да, бейіттің құрылыс материалдары да өзенге құлаған. Ең қауіптісі, сол адамдардың сүйегі көрініп, шашылып жатыр.

«Ауылдың жанынан өтетін өзен арқылы «Нұра – Есіл» каналы да ағады. Білуімше, егер Есіл­дің Нұр-Сұлтан қаласынан өтетін бөлігінде су азайған жағдайда осы канал арқылы қосымша су жіберіледі. Яғни, мынау біздің ауылдың зираты құлап жатқан Нұраның суы астанаға да жетеді деген сөз. Үлкендердің айтуынша, бұр қорымда холера, оспа, басқа да қауіпті аурумен сырқаттанып қайтқан адамдардың мәйіттері де бар. Демек, өзен суы зиянды болуы мүмкін. Осы жағын ойлау керек шығар», дейді ауыл ақсақалы Қабыкен Жүнісов.

«Мен осы ауылда туып-өстім. Қазір ауылда ешкім қалмаса да, зираттың жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр. Жылдан-жылға бір жағы бүлініп, өзен жағына құлауда. Марқұмдардың сүйектері көрініп жатыр. Бұл маңайда мал жайылады, демек адамдар да жүреді. Біздің ойымызша, зираттың өзен жағына бетон қабырға қойылуы керек, әйтпесе қорымдағы бейіттің бәрі біртіндеп өзенге құлай береді. Бір жағынан бұл аруақтарымызды қорлау болса, екінші жағынан адамға да, малға да, табиғатқа да қиянат қой» деп өзінің пікірін білдіреді осы ауылдың тумасы Руслан Қырғызбаев есімді азамат.

Ал тағы бір ауыл азаматы Қуандық Рахымжанов болса, бұл мәселені Ақмола облысының басшылығы қараса екен дейді. «Былтыр ауылдың әкімі осы мәселеге қатысты жиналысқа қатысып, аудан және облыс әкімдігіне, депутаттардың назары­на бар жағдайды жеткіземін деген болатын. Қайта жиналатын болып келіскен едік. Алайда, тұр­ғын­дар ғана жиналып, жоғары жақтан ешкім келмеген соң қынжыла-қынжыла тарадық. Ал шын мәнінде бұл өте қиын мәселе болып тұр. Зираттағы аруақтардың шашылған сүйектерін көру деген қасірет деп ойлаймын. Сондықтан осы проблеманы Ақмола облысының әкімдігі өз назарына алса деген тілегім бар. Әйтпесе, бұл қауіптің соңы орны толмас қайғы-қасіретке айналып кетуі мүмкін» деп түйіндеді жағдайға ашынған ауыл азаматы.

Шынымен де, қауіптің алдын алуды ауыл тұрғындарының өздері айтып отыр. Жоғарыдағылар қандай әрекет етер екен?..

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

журналист