Сайлау • 27 Мамыр, 2019

Үгіт-насихат жұмыстарының екінші аптасы аяқталды

1502 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының екінші аптасы қорытындыланды. Бұл апта айтарлықтай іс-шаралармен есте қалып, кандидаттардың бағдарламасына жан-жақты қаныққан жұрттың қатары арта түсті.

Үгіт-насихат жұмыстарының екінші аптасы аяқталды

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаева сайлауалды науқан барысында Ақмола облысындағы Шортанды ауылына барды. Бұл іс-шараны ұйымдастыру­ға облыстық аймақтық штаб мұрын­дық болды. Оған республикалық штаб мү­шелері Дмитрий Васильев, Меруерт Қаз­бекова және партияның аймақтық бел­сен­ділері қатысты.

Үгітшілер тобы алдымен А.Бараев атын­дағы Астық шаруашылығының ғы­лыми-өнеркәсіп орталығына соқты. Ор­та­­лықтағы сұрыптау зерттеуі нәти­жесінде бидай, арпа, тары және басқа да дақылдардың 60-қа жуық жаңа түрі шығарылды. Отандық сұрыптау сорттары күннен-күнге қолданыс аясын кеңей­тіп келеді. Д.Еспаева орталықтың соң­ғы жетістіктерімен танысып, ғылы­ми жаңалықтарға қол жеткізу үшін ғалымдарға не қажет екенін сұрап білді.

Бұдан соң «Ақ жол» партиясының үміткері Шортанды ауданының бюд­жет­тік қызметкерлерімен және кәсіпкер­лерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Олардың 40 пайызы – әйелдер. Ауданда қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Кандидат жиналған қауымға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, экономиканың басым салалары үшін төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесін енгізу сияқты ұсыныстарын айтты.

«Дәл осындай елді мекендерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Нанды пісіретін кім? Шаштараз ашатын кім? Сұлулық салонын ашатын кім? Әрине, әйелдер. Мен үшін мына залда отырған әйелдер менің кандидатурамды оң қабылдағаны маңызды. Өзімді еліміздің басты лауазымына ұсыну арқылы өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым», деді Д.Еспаева.


* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан прези­денттік сайлауға түсіп жатқан Төлеутай Рақымбековті Талдықорған жастары қолдады. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы «Жастар саясатын нықтап қолға алу керек. Әсіресе, білім беру, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және тәлім-тәрбиеге қатысты мәселелерге бейжай қарауға болмайды» деп көрсетілген бағыттар Алматы облысында кеңінен талқыланды.

Президенттіктен үміткер Т.Рақым­беков бай рухани мұрамызды сақтап, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру жолдарын ұсынды. Өйткені қазіргі жаһандану дәуірінде жас толқынның жат мәдениетке жұтылып кету қаупі бар деп санайды. Осы бағытты ашып көрсету үшін Талдықорған қаласының қақ төрінде арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Жергілікті қыз-жігіттер ұлттық биімізді ерекше нақышта орындап шықты.

«Жастар саясатын бір жолға қою ұлттық құндылықтарды сақтаудан ға­на тұрмайды. Оның ішінде білім алу, жұмысқа тұру және баспана мәсе­ле­­лері де шешімін табу керек. Соның ар­қа­сында ғана қазіргі жаппай урбанизацияны тоқтатуға болады. Әйтпесе, жо­ғары жалақы іздеген жастар ауыл­дарын тастап, ірі қалаларға қарай ағылып жатыр. Мұның арты ауылдың тұрмыс-тір­шілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз», деді Т.Рақымбеков. Акция аясында кандидаттың өңірлік штабының өкіл­дері сайлауалды бағдарламаны қала тұрғындарына таратып, оның негізгі бағыттарын түсіндірді.

Қазір үгіт-насихат науқанының нағыз қызған шағы. Президенттіктен үміт­кер Төлеутай Рақымбековті қолдауға арналған шаралар еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. Ал кандидаттың өзі алдағы аптада батыстағы өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізбек.


* * *

Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғам­дық штабы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылы­ның жұртшылығымен кездесті. Делегацияны штаб төрағасының орынбасары, Мемлекеттік, банк мекеме­лері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Мирболат Жақыпов пен Қазақстан мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Сұлтан Қалиев бастап барды.

Үгіт-насихат жұмыстары аясындағы бұл іс-шара Тайпақ ауылының Мәде­ниет үйінде өтті. Кездесуге ауыл тұрғын­дары, ақсақалдар, еңбек ардагерлері және кәсіподақ мүшелері қатысты. Рес­пуб­ликалық қоғамдық штаб төр­ағасы­ның орынбасары М.Жақыпов прези­денттіктен үміткер А.Таспиховтың өмір жолы туралы баяндап, оның азамат ретіндегі ұстанымдары мен көзқарас­тары кәсіподақтар атынан кандидат ретінде ұсынуға негіз болғанын атап өтті. Қазақстан мұнай-газ кешенінің сала­лық кәсіподақ төрағасы С.Қалиев кандидаттың еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған сайлауалды тұғырнамасына толығырақ тоқталып, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында кітапхана қызметкері С.Тіле­кеева қауіпсіз еңбек пен лайықты еңбек­ақыға қатысты ұсыныстарды қуана қол­дайтынын жеткізіп, көпшілікті сай­лауға қатысып, еңбек адамының өкілі А.Тас­пиховке дауыс беруге шақырды.

Сонымен қатар республикалық сайлауалды штаб өкілдері Атырау облы­сына атбасын бұрып, кандидат А.Тас­пиховты қолдау мақсатында медицина қызметкерлерінің күніне орай өткен дəрігерлер спартакиадасына қатысты.


1. 51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанында 65 сайлау учаскесі құрылды.
2. Тізімдерге тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорттары бар барлық азаматтар енгізіледі.
3. Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша қызметтік, іскерлік және туристік сапарларға келген Қазақстан азаматтары учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген кезде және оларда Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болған кезде сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
4. Шетелге шығатын азаматтар тіркеу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан есептен шығару куәлігін ала алады.
5. Тізімдер Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің басшылары ұсынатын деректер негізінде жасалады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша міндетті нақтылануға жатады.
6. Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексере алады және тізімге енгі­зілмеуге, дұрыс енгізілмеуге немесе шығарылуға, сондай-ақ тізімге сайлаушы туралы деректердің дұрыс еместігіне шағымдана алады.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков үгіт-насихат шараларының аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жұмысшыларымен кездесті. Кан­­ди­дат жиын қатысушыларына сайлауал­­ды тұғырнамасын таныстырып, отандық тауарға, әсіресе АӨК өнім­­деріне тұтынушылық сұранысты ын­т­а­­ландыру және кедейлікпен күресу бағ­дар­ламасын қабылдауды ұсынғанын, оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Байлар мен кедейлер арасын­дағы алшақтық жылдан-жылға артып келе жатыр. Ауқатты адамдар халықтың есебінен өздерінің жайлы өмірін толық қамтамасыз етуде. Ал өз еңбектерімен ақша тауып жүргендер аз жалақымен күн көруге мәжбүр. Табыстың әділетсіз үлестірілу жүйесін тоқтату қажет. Еңбек адамы өз еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Біз ресурстарды дұрыс пайдаланған жағдайда Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша Кувейтпен, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Норвегиямен иық тіресе алады», деді Ж.Ахметбеков.

Бұған қоса, кандидат заманауи Қазақ­станның басты құндылығы бей­біт­шілік пен ұлтаралық келісімді сақ­тау керектігін айтты. Оның ойынша, эгоцентрлі индивидуализм жаңа батыс­тық дәстүр ізбасарларының мінез-құл­қына тән. Ол көп этносты Қазақстан хал­қы­ның бірегей мәдениетіне, діліне жат.

Кәсіпорын жұмысшылары Ком­мунистік халық партиясы үміткері­нің сайлауалды тұғырнамасын жақсы қабылдап, әлеуметтік сипаттағы сұрақ­тарын қойды. Аймақта газ бен электр қуатының жоғары тарифтері, жұмыс­сыздық, денсаулық мекемелерінің тап­шылығы сияқты мәселелер бар. Кан­дидат қойылған барлық сұраққа толыққанды жауап беруге тырысты.

* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы өкілдері Қызылорда облысының халқымен кездесті. «Мұз айдыны» спорт кешенінде өткен кандидатты қолдаушылар форумына халық қалаулылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал журналистер мен спортшылар және өнер өкілдері қатысты. Іс-шарада Илья Ильин, Элизабет Тұрсынбаева, Мәдина Сәдуақасова және Серік Ибрагимов сияқты танымал азаматтар Елбасы ұсынған кандидатқа дауыс беруге ша­қы­рып, жерлестеріне керемет көңіл күй сыйлады.

Жүздесуге келген халыққа Қ.Тоқаев­тың сайлауалды бағдарлама­сындағы үш басымдық туралы айтылды. Мың­нан аса белсенді қатысқан форумда штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаев жиналғандарды президенттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты, сол арқылы билік сабақтастығын әділдік пен өрлеуді қолдауға шақырды.

«Қ.Тоқаев – Елбасының сенімді серігі, экономиканы, ішкі-сыртқы сая­сатты, заң шығару қызметін жетік біле­тін қайраткер ретінде президент­тік­ке ең лайықты кандидат. Сыр елі қашан­да Елбасының стратегиялық саяса­тын қолдайды. Сондықтан сіздерді Елбасы сенім артқан тұлғаны қолдайды деп сенеміз. 9 маусымда біздің кандидат­­қа дауыс беруге туған-туыс, дос-жаран, әріп­­­тес­теріңізді шақырамыз. Алға, Қазақ­­стан!», деді М.Әшімбаев.

Туған күнімен тұспа-тұс келген жиында И.Ильин жерлестерін еліміздің жарқын болашағы, әрі қарай өркендеуі үшін Елбасы ұсынған кандидатқа дауыс беруге үндеді. Ал мәнерлеп сырғанаудан ел құрамасының көшбасшысы Э.Тұр­сынбаева жиналғандар алдында өз өнерін паш етті.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан республикалық штабының кеңсесінде өзінің сенім білдірілген адамдарын қабылдады. Қатысушылар бағдарламаның негізгі бағыттарын атап өтіп, құжатты толықтыруға қатысты өз идеяларымен бөлісті. Кандидат түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді.

Ал Алматы облысының Көксу кентінде Ә.Қосановтың облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен сенімді өкілдері қант зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Бұл зауыт – Қазақ­стандағы тамақ өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындарының бірі. Кездесудің модераторы облыстық штаб бастығы Жүкел Хамай болды. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, кандидаттың түрлі мәсе­леге көзқарасы жайлы баяндап берді. Бұған қоса, облыста сайлау бай­қау­­шыларының семинары өтті.

Сонымен қатар Атырау қаласында президенттіктен үміткер Ә.Қосановтың сенім білдірілген адамдары «Рауан Налко» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Серіктестік – Қазақстанның жетекші мұнай-химия кәсіпорындарының бірі, мұнай-газ өндірісіне арналған химия­лық реагенттерді өндіруші, әлемнің 160 елін қамтитын халықаралық «Налко Чемпион» (Nalco Champion) компания­сымен бірлескен отандық кәсіпорын.

Кездесуде сөз тізгінін облыстық штаб бастығы Ғалымжан Өтебаев ұстады. Штаб мүшелері жиналғандарға сайлауалды тұғырнаманы жан-жақты түсіндіріп, әсіресе «Өркениетті әрі халық­шыл экономика» атты тарауына кеңірек тоқталды. Онда әділ бәсекелес­тікті дамыту, монополизмге жол бермеу туралы баяндалған. Кәсіпорын жұмысшылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республика­лық қозғалысынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ардагерлермен сұхбаттасты. Бұл орталық алғашында 1989 жылы «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» болып құрылған. 2016 жылдан бері атауы «Шарапат» болып өзгерген орталық бүгінде 321 адамға қызмет көр­сетіп келеді. Орталық директоры Рысты Баймағамбетованың айтуынша, олардың арасында 2 соғыс ардагері мен олармен теңестірілген 8 адам және 25 тыл ардагері бар.

Орталықтың мәжіліс залына жинал­ған­дар алдында президенттіктен үміт­кер С.Түгел «Қариялар – асыл қазы­на­мыз. Сіздердің алдарыңызға үлкен тол­қыныспен келіп отырмыз. Сайлау – үлкен қоғамдық-саяси маңызы бар шара. Онда ел болашағына дауыс береміз. Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен осы додаға қатысып отырмын. Өзім қоғам­дық-саяси кеңістікте 20 жылдан аса қызмет атқарып келемін. Біздің «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің жұмыс істеп келе жатқанына 8 жыл болды. Біздің мақсатымыз – ұлтымызға адал қызмет ету, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу», деді.

Кандидат өзінің сайлауалды бағдар­ла­­масындағы төрт тұғырға жеке-жеке тоқталып өтті. Онда айтылған бағыт­тарды қызығушылықпен тыңдаған қарт­тар көкейіндегі сауалдарын да іркіп қал­ма­ды. Мемлекеттік тілдің болашағы, оның өзге тілдердің көлеңкесінде қа­лып қоймауы, латын графикасына негіз­делген әліпбиді қариялардың қалай қабыл­дағаны туралы кеңінен талқы­лан­ды. Сонымен қатар ақсақалдар бол­ашақ­та орталықта бильярд ойнауға мүмкін­дік жасалса деген тілектерін де білдірді.


Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»