Аймақтар • 27 Мамыр, 2019

Мемлекеттік қызметшілер «Тіл шебері» байқауында бақ сынады

1061 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінің ұйымдастыруымен «Тіл шебері – 2019» байқауы өтті. Дәстүрлі байқау биыл жас мемлекеттік қызметшілер арасында жалғасты.

Мемлекеттік қызметшілер «Тіл шебері» байқауында бақ сынады

Байқауға қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынап, қызмет барысындағы кәсіби шеберліктерімен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген маман екендіктерін дәлелдеді. Мәселен, үміткерлер «Ұлттаным» деп аталатын бірінші кезеңде  «Қазіргі жастардың зиянды әдет-құлықтары», «Қазақтың рухани киелі, қасиетті жерлері» деген сияқты әр түрлі тақырыптардағы сұрақтарға жауап беріп, мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрге қанықтығын байқатса,  «Тұсаукесер» кезеңінде үш тілде қойылған сауалдарға тапқыр да ұтымды жауап беруімен ерекшеленді. Ал «Өнертаным» айналымында байқауға қатысушы мемлекеттік қызметкерлер ағылшын тілінде ән салып, өлең оқыды.

Байқау қортындысы бойынша Талғар ауданынан
келген жас мемлекеттік қызметші Эльмира Ерниязова бас жүлдеге ие болды. Ал бірінші орынды талдықорғандық Әмір Тұяқбаев жеңіп алса, екінші орын да осы қаладан қатысқан үміткер Данияр Сағымбековке бұйырды. Байқаудың жүлделі үшінші орнын Райымбек ауданынан келген Айдана Меліс пен көксулық Қуаныш Жұмат еншіледі.