23 Наурыз, 2013

Сүңгуір

724 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сүңгуір

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:24

Жиегі көк аспанмен шектесіп, тереңі түңғиыққа бойлай, айдыны күн сәулесімен жылтырай нұрланып жатқан кәрі Кас­пий… Кешегі жын ұрғандай долданып, толқындары алай-дүлей арпалысқан дауылдан белгі де жоқ. Момақан бұйра толқындар бірін бірі қуалап ойнағандай, әдемі көрініс. Жағаға келген жас жігіт бұл көрініске көз тоқтатып қараған жоқ, өзіне жүктелген шұғыл тапсырманы орындау үшін жым-жырт тыныштық пен судың сұлу көркін бұзып «гүмп» етті де, теңіз түбіне бойлай жөнелді. 

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:24

Жиегі көк аспанмен шектесіп, тереңі түңғиыққа бойлай, айдыны күн сәулесімен жылтырай нұрланып жатқан кәрі Кас­пий… Кешегі жын ұрғандай долданып, толқындары алай-дүлей арпалысқан дауылдан белгі де жоқ. Момақан бұйра толқындар бірін бірі қуалап ойнағандай, әдемі көрініс. Жағаға келген жас жігіт бұл көрініске көз тоқтатып қараған жоқ, өзіне жүктелген шұғыл тапсырманы орындау үшін жым-жырт тыныштық пен судың сұлу көркін бұзып «гүмп» етті де, теңіз түбіне бойлай жөнелді. 


Беліндегі салмағы зілдей темір белбеудің көмегімен төмен құлди­лады. Қырағы көзі су ішіндегі қи­мыл-қозғалыс пен тас, балдыр араларын жіті шолып келеді. Арқа­сындағы бір жарым сағатқа же­терлік ауа толтырылған қапшығы ар­қылы еркін тыныстап, аяғына бай­ланған қанаттарын сермелей жү­зеді. Алғашында 4-5 метрлік таяз жерлерге молынан түсіп тұрған күн сәулесі 8-10 метрден соң мүл­дем жоғалды. Телегей су қоршаған беймәлім әлемде жалғыз жүзіп ке­леді. Кезінде су жайылуын тоқтату мақсатында төгілген тастар, жар­қабақтар теңіздің осы бір тұсын, яғни Ақтау қаласының 4 шағын ауданы маңын қауіптендіріп жібер­ген. Суға секірген қаншама адам осы тастарға қыстырылып, қайта жарыққа шықпай қалды десеңші?! Аяққа ілініп шұбатыла бұлғақтаған балдырларды да дос деме, жаулығы жетерлік… Кенет көз ұшында бір нәрсе қараңдағандай болды – Ермек жалт етіп бұрылып, соңына түс­ті. Жоқ, алданыпты, тұсынан домалана өтіп бара жатқан итбалық екен. Ұсақ балықтар лып-лып етіп аса бір шапшаңдықпен ерсілі-қар­сылы жөңкіліп жүр. Жағалауда бас­тарын қылтитып алып, қамшыдай тіп-тіке қалпында қалқып жүретін жыландар су тереңдеген сайын көзге түспейді, сірә, олардың қау­қары тайыз тұстарда болса керек. Ермек теңіз түбіне тереңдей ене түсті. Аяқ-қолын ербеңдете жүзіп келе жатып, бағыттаушы құралына көз тастады – 20 метр тереңдікті көрсетіп тұр. Су түбі тұйық­тал­ған­да күн сәулесі тағы пайда болды.
Жалпы, Каспий теңізі ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмеген. Өмі­­рі теңізбен, құдық қазумен ты­ғыз байланысты жергілікті халық­тың айтуынша, теңіз астында 200-ден астам ағыс бар делінеді. Суға кет­кен адамның қай ағыспен, қай жаққа бағыт алары белгісіз. Осының бәрі зерттелгенде ғой, суға кеткен­дерді табу оңайлар еді. Әйт­песе, телегей түбін тінтіп жүргенің осылай. Тіпті, осы маңнан немесе арғы бет­тегі Иран, Әзербайжаннан суға кеткен бейбақтардың мүрдесі мүлде бас­қа жағалаудан – Ресей, Түркімен­стан жағынан табылған кез­дері де болған. Оның үстіне күл­ген қыздың езуінде пайда болатын шұңқырдай ұйық­тарды айтыңыз. Оған тап бол­ған жан ұршықша үйірілген су шылауында бірден ажал құшағына ене береді. «Су – тіл­сіз жау» деген сол ғой.
Көзі жан-жағын мұқият қара­ғанмен, ойы шартарапқа шарықтап жүрген Ермек алдындағы шымыл­дық­ша созылған тас қорғаннан өтіп, арғы бетті сүзіп шықпақ оймен жүйтки жөнелді. Қорғаннан айнала бере су ағысымен қалқи жүзіп бара жатқан тағы бір қа­рай­ған көзіне түсті. Ермек пошымына қарап, өзі іздеген нәрсенің осы еке­нін түй­ген­дей болды да, жылдам­дығын үдетіп жетіп барды. Сол! Бір қырына жат­қан күйінде сіресіп қатып қалған жансыз кісі денесі. Ермек шұғыл қимылдап, оның бүк түскен қолы­нан іліп алды да, же­лет­­кесін ауаға толтыра бастады. Бұл – сүңугірлік қызметке тұрған екі ай ішіндегі ал­ғашқы мүрде табуы. Негізі суға кеткен адамның өмірі ұзақ болмайды, әсіресе, кеше­гідей аласапыран тол­қынды күні оны тірі екен деп дә­метуге еш негіз жоқ. Езуінен ақ көбік атқан ақжал толқын көтеріп әкеліп, су шайып барынша жал­ты­раған қара тасқа бір соққанда-ақ пен­де шіркіннің жа­ны ғайып… Мұн­дай дауылды кү­ні өз өмірлеріне қа­уіп тө­нетін­діктен, сүңгуірлердің су­ға түсуіне рұқсат жоқ. Адамның тірі емес екен­дігін сезген соң, әліптің артын бағады. Ермек алып шығып, арнайы қайыққа сүңгуірлер жасағы болып жабыла тиеген бұл марқұм да теңіз бетіндегі кешегі сой­қанның құрбаны.
25 жасар жігіт Ермек Айдар­бековтің өзінің сыңары Еркінмен бірге Маңғыстау облысындағы суда құтқару қызметіне тұрғанына бір жыл. Осынша уақыт ішінде ол 4 адамды құтқарып қалды. «Үш жасымызда әкеміз теңізге әкеліп суға тастап жіберетін. Алғашында шошына жылап, жанталасқанмен, кейін үйреніп кеттік. Жастайымыздан осы теңізге шомылып өстік және спортпен тұрақты айналыс­тық. Қазір әкем де, анам да жоқ. Ер­кін екеуміз әскер қатарында бол­дық, қазір бір жағы қызығу­шы­лық­пен, екінші жағы суға кеткендерді құтқару қажеттігіне орай осы қызметті таңдадық. Қиындығына бола көп адам тәуекел ете бер­мейді, біз жүзе білеміз, қауіпсіздік ережелерін толық сақтаймыз, сон­дықтан қолдан келсе неге жаса­масқа?» дейді Еркін баяу ғана.
Жұмыс ауыр болғанмен, жала­қысы аз. Сол себепті мұнда сүң­гуірлер тұрақтамайды. Саламатты өмір салтын ұстанып, қиын кезде көмекке ұмтылатын егіз екі жігіт­тің баспанасы жоқ, туғандардың үйін сағалап жүр. Маңғыстау об­лысындағы суда құтқару қызметі мекемесі директоры А.Нұрдәу­ле­товтің айтуынша, өткен жылы суға кеткен он адамның мүрдесі табылса, 26 адам тірідей құтқарылған. Бұл, әрине, Ермек пен Еркін сынды сүңгуірлердің ерлігі. Суға тү­суде қауіпті саналатын облыс ор­талығынан Түпқараған бағытында 43 шақырым қашықтықтағы Сы­ғынды, Ақтау маңындағы Шора және қаладағы 4 шағын аудан тұ­сы. Қыс пен күзде балықшылар, көктем мен жазда демалушылар үшін үнемі алдын алу, сақтық шаралары ұйымдастырылып, БАҚ беттерінде түсіндіру материалдары жарияланып тұрады. Әйтсе де, тікелеп келген ажал алмай қой­май­ды – жас та, ересек те, жігіт те, қыз да ажалын теңізден тауып жатады.
Қазақстанда сүңгуірлер дайындайтын оқу орны жоқ, оларды шетелдерде оқыту мәселесі де жет­кілікті шешілмеген. Тіпті, Маңғыс­тау облысында суда құтқарушы­лар­дың арнайы бекеті жоқ, сүң­гуір­лер қысы-жазы вагондарда тұ­рады. Осындай жағдайда, ескі-құсқысы аралас 15 қайықпен көк теңіз бетін кезектесе шолып, жан­ұшырған дауысқа жанталаса жетіп, тажалмен бетпе-бет келуге бастайтын Ермек Айдарбеков сынды ер­лердің намысы мен табандылығы ғана. «Суға батып бара жатқан адам­ды құтқарудың өз амал-тәсіл­дері бар. Ол жандәрмен құтқа­рушыға жабысып, өзімен бірге ала кетуі мүмкін. Сондықтан күш пен ширақтық та қажет. Өлген адам­ның денесімен теңіз түбінде кездесу бастапқыда қорқынышты болатын. Уақыт бәріне үйретеді ғой, қазір үйрендік. Теңіз жүзе біл­мей­тіндер үшін қауіпті, адамдарды жал­мап жатқанда ызалана қарай­тыным да бар, бірақ мен теңізді сүйемін», дейді көк теңіз бетінде ажал мен адам арасындағы айқаста адамзатқа араша түсіп арпалысатын Ермек.
Әңгімесін аяқтап, апаттық жағ­дайда судан құтқарушылардың вагонына қарай бет алды теңіз ұлы. Алдынан толқындары жәй ғана тербеліп, беті толассыз жыбыр­ла­ған теңіз еркелей шақырып жат­қандай мұнартып тұр.
Маңғыстау облысы.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.