23 Наурыз, 2013

Қарттарым, аман-сау жүрші!

402 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарттарым, аман-сау жүрші!

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:26

Cуреттегі ақсақалдар бір әке, бір шешеден туған ағайындылар. Үлкені Пішімбайдың (ортада) жасы 92-де, ортаншысы Несіпбай (оң жақта) өткен жылы 85-ке толғанын тойлады. Кенже іні Жаманқұлдың жасы 84-те. Үшеуі соңғы кездері жер аяғы кеңіген, Наурыз тойы қарсаңында жиі бас қосатын болды. Қызу әңгіме дүкен құрып, өткен-кеткенді айтып, бір жадырап қалады. Әңгіме барысында бірде қабақтары қатуланса, енді бірде жадырап, бар дауыстарымен күледі. Әңгімелерінің тақырыптары да әртүрлі.

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:26

Cуреттегі ақсақалдар бір әке, бір шешеден туған ағайындылар. Үлкені Пішімбайдың (ортада) жасы 92-де, ортаншысы Несіпбай (оң жақта) өткен жылы 85-ке толғанын тойлады. Кенже іні Жаманқұлдың жасы 84-те. Үшеуі соңғы кездері жер аяғы кеңіген, Наурыз тойы қарсаңында жиі бас қосатын болды. Қызу әңгіме дүкен құрып, өткен-кеткенді айтып, бір жадырап қалады. Әңгіме барысында бірде қабақтары қатуланса, енді бірде жадырап, бар дауыстарымен күледі. Әңгімелерінің тақырыптары да әртүрлі.

Пішімбай соғыстағы оқиғаларды еске алса, Несіпбай ұлы Абайдың ұлағаттары мен Ақермен ауылының әңгімелерін айтады. Ал қу тілді Жаманқұл қырғыз бен қазақтың қалжыңдарын бірінен соң бірін ағытады. Бірақ үшеуінің де ортақ тақырыптары бар. Ол – жоқшылықпен өткен жастық шақ, аяулы аналары Ыстыбике мен қайратты әкелері Нұрымбет, өмірден өткен бауырлары мен өмірлерінің жалғасы – бүгінгі ұрпақтарының істері. Ал немере-шөбелері туралы айтқанда бір-біріне кезек бермей шалқып сөйлейді.
Қарияларды білгеніме он бес жылдың жүзі болыпты. Ел аралап көп жүреміз. Олар тұратын Меркіге де жиі барамыз. Ақсақалдардың балалық шақтары өткен Беларық ауылында да талай әңгіме естігенмін. Қазір олар тұратын Аспара мен Ақерменде де жиі боламын. Өздерімен де емен-жарқын пікір алмасқан кезім болған. Бәрінен де Пішімбай ақсақалдың өзегінің мықтылығына таңғаламын.Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, одан кейін Украинада бендеровшілермен шайқасқан, елге келген соң милиционер болған ардагер қиындықтардың бірде біріне мойымаған. Мойынқұмның қойнауындағы Мирный уран шахтасында, жердің астында жиырма жыл жұмыс істеген. Сондай қауіпті, зиянды кен орнында еңбек етсе де бала-шаға сүйіп, аман-есен тоқсаннан асу екінің бірінің маңдайына жазбаған бақыт болса керек. Құдайға шүкір, қазір де тың, өз жұмысын өзі істейді. «Мені аман сақтап жүрген өмірге деген құштарлық пен бала-шағама деген шексіз сүйіспеншілігім», дейді Пішімбай ақсақал.
Ал Несіпбай қария ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп, ұлы Абайдың мәңгілік ұлағаттарымен сусындаған. Шежірені де бір кісідей біледі. Бір шешілсе әңгімені әріден бастайды. Ой тоқтамдары мен топшылауларын айтады. Қазақтың кешегі қасіреті мен бүгінгі бақытты өмірін жыр етеді. Ол кісінің мақтанышы да балалары.
Жаманқұл ақсақал болса, өмірден тек жақсылықты ғана көргісі келеді. Ғұмыр бойы шопан таяғын ұстаған ол сөз мәйегін жинаған. Біреуді жамандау немесе сыртынан ғайбат сөз айту оған жат қылық. Әзілмен сырлас, тамырлас. Бір жылы ойламаған жерден қазақтың белгілі сатирик ақыны Толымбек Әлімбекпен таныса қалғаны бар. Екеуі таңды таңға аттырып әңгімелескен. Толымбек ақсақалдың қазақи қалжыңның қамбасы екеніне көз жеткізген. Келе-келе бір-бірімен жиі кездесетін болды. Ақыры ақсақалмен достасты. Бірінің үйіне бірі қонақ болып, араласып кетті. Өткен жылы Толымбек ауырып қалғанда бір қойын сойып, ұлы Ақанды алдына салып, дос інісінің көңілін сұрап, Алматыға жеткен.
Ауылдастары ағайынды ақсақалдар туралы жаман сөз айтқан емес. Елдің бірлік, ынтымағын ойлаған, сол үшін ұрпақтарын тәрбиелеп жүрген қариялар бұл күнде шын мәнінде ақыл мен имандылықтың кеніне айналды. Ауылдастары Нұрымбеттің ұлдары өздерін өздері жетектеп, еңбекпен ес жиғандарын айтады. Олардың ұл-қыздары мен немерелерін ауыл да, аудан да, қажет десеңіз, бүкіл ел біледі. Ақсақалдардың ұрпақтарының атқа мініп, халқына қызмет істеп жүргендерінің барлығын айтуды мақсат етпедік. Солардың біреуін ғана сөз етейік. Ол – кәсіпкер Мақсұт Несіпбаев.
Ол басқаратын «Ар-Ас» асыл тұқымды жылқы зуытының үлгі боларлық істерін білмейтіндер кемде-кем. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, оның тәжірибесімен танысып, жылқысының тұқымын алады. Мақсұт жылқымен айналысқан кезде Қазақ елінде ондайлардың қатары өте аз болатын. Қазір ғой, атқа қай жағынан мінетінін білмейтіндер де бәйгеге жүйрігін қосып жүргендердің көбейгені. Меркіде өткен бірде-бір той оның үлесінсіз өткен емес. Бабалар әруағына сыйынып, оларды құрметтеп өскен ұл бір әулеттің ғана емес бүкіл меркіліктердің мақтанышы, арқасүйер ұланы.
Қартая білу де кісіліктің белгісі. Адамдық қа­сиет­терден таймаған, ақсақал атанып, төрден орын алудың өзі ғанибет. Өмірдің ащысын да, тұ­щысын да көрген олар ұрпақтарының «бар» деп та­сымауын, «жоқ» деп жасымауын үнемі айтып отырады. Ағайынды Нұрымбет ұлдары кісіліктің ұлы қасиеттерін өз бойына сіңірумен бірге оны айналасына, ұрпағына дарыта білген. Олардың бірге қартайып, бірге қуанышты, шаттықты өмір сүрулеріне бастаған да осы қасиеттері болса керек.
Қарттарым – қазынам, дариям, аман-сау жүрші!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Жамбыл облыстық мемлекеттік
 мұрағатының директоры.

Жамбыл облысы,
Меркі ауданы.