Аймақтар • 27 Мамыр, 2019

Атырауда жауынгерлік өнер фестивалі өтті

865 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жауынгерлік өнер фестивалі Жайық жағасын айрықша салтанатқа бөледі. Атырауда өткен спорт мерекесін тамашалауға 10 мыңға жуық көрермен жиналды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы ұйымдастырған шараға аймақтағы олимпиадалық емес жекпе-жек спорт федерациялары қатысты.

Атырауда жауынгерлік өнер фестивалі өтті

- Атырау облысында спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Осындай шаралар өткізу арқылы спортты, саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еттік. Фестивальде спорттың 20 түрі бойынша чемпиондар өнер көрсетті. Соларды көріп, ата-аналар балаларын спорт секцияларына алып келеді деп үміттенеміз. Жалпы өңірде спортпен шұғылданатын адамдар саны жыл сайын артып келеді, - дейді облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.

Облыс орталығындағы Бейбарыс алаңында өткен шарада спорттың 20 түрі туралы қойылымдар қойылды. Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көрерменге өңірдегі спорт залдары мен секциялар жайлы жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.

Фестиваль қонағы болған танымал әнші Ерке Есмахан жақында Атырауда ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевке арнаған «1001 түн» әнін орындап берді. Жас сарбаздың өмірінен сыр шертетін ән шығарып, бейнебаян түсірген әншіге Шалқардың әріптестері ризашылық білдіріп, алғыс хат табыстады.

- Жауынгерлік өнер ассоциациясы бұл фестивальді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушылардың да, көрерменнің де көңілінен шыққан шара болғанына қуаныштымыз, - дейді ассоциацияның аймақтағы бөлімшесінің басшысы Ерлан Табылдиев.

АТЫРАУ