26 Мамыр, 2019

Ұлттық тіл және рухани жаңғыру

1651 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жер бетінде қазақ деген ұлт жаратылғаннан бері оның жан азығы – өлең-жыр, аңыздар мен дастандар. Небір жаугершілік заманда да қазақ өзінің рухани болмысын жоғарылатуды ұмытқан жоқ. Сол себептен де қазақ қоғамында әйгілі ақын-жырауларға, жыршы-термешілерге, әнші-күйшілерге ерекше құрмет көрсетіліп, оларды барынша биікке көтерді. Өздерінің рухани жан-дүниелерін солардың жалынды жырларымен сусындатып, рухтарын жебеп, шыңдап отырды, былайша айтқанда, ақын-жырауларды төбелеріне шығару арқылы өздерінің ұлттық рухын жоғары көтерді.

Ұлттық тіл және рухани жаңғыру

Сол кездегі біздің ұлтымыздың тілі қандай қуатқа ие еді... еттен өтіп сүйекке жететін еді ғой. Тыңдаушылар: «Паһ, шіркін!» деген ерекше сүйсіністен шығатын сөздерді еріксіз сан қайталап жатпады ма! Бұл – тілдің қуаты рухта, ұлттық санада екенін көрсетіп тұрғандай. Яғни, тіл, рух, сана бір-бірімен тығыз байланыста. Рух пен ұлттық сана әлсіресе, туған тіл де кемшін тартады. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы – ол ұлттық рухымыз бен санамыздың қандай деңгейге түскенін көрсетеді.

Рух – адам бойындағы жаратылыстың күші, оның азығы жақсы жігерлі сөз, ізгі іс, ізгі ой. Рухқа көңіл бөліп, оны үнемі жан азығымен қоректендіру парыз, әйтпесе рух та төмендейді, ауру халге душар болады. Бүтін ұлттың рухы да солай, оны да жаңғыртып, шыңдап, жебеп отыру қажет. Әйтпесе, рухың төмендеп мешеу ұлтқа айналуың қиын емес. Біз соңғы кезде материалдық құндылықтарға көңіл бөліп, рухани құндылық, жалпы рух мәселесін екінші планға ысырып жіберген едік. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы осал тұсымызды дөп басып, бәрімізді ортақ бір мұратқа, рухани кемелдікке жетелегендей. Сең қозғалды, қазақ қоғамында бұрын-сонды болмаған серпіліс басталды. Елбасымыз айтқандай, қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алды.

Жалпы, біз төмендеп кеткен ұлттық рухымызды көтеріп, ұлттық санамызды жаңғырту үшін тарихқа тереңірек ден қоюымыз керек. Себебі, рух, сана деген аспанда ұшып жүрген нәрселер емес, ол біздің туған жеріміздің әрбір сайында, қырқасында, тау мен өзеннің аңғарында. Қай-қайсын түртіп қалсаң да, ұлт тарихынан, өлке тарихынан сыр шертеді, небір аңыздардың тиегін ағытады. Біз әлсіреген рухымызды, шөгіп қалған санамызды тарих тереңінен, өзіміздің тұмса бастауымыздан сусындатып қана жан бітіре аламыз.

Бүгінде ұлттық париотизмді өрістетуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы жалпыхалықтың сипатқа иеленді. Осы бағдарлама аясында өлкетану жұмыстары жүргізіліп, эколгияны жақсарту, елдімекендерді абаттандыруға баса көңіл бөліне бастады, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандар қалпына келтіру қолға алынды. Мұндай жұмыстар айналып келгенде ұлттық санамызда жаңғыртулар жүргізіп жатқаны сөзсіз. Ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарға мойын бұру арқылы санамызда ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғаларды да есімізге түсіріп жатырмыз. Әсіресе, өскелең ұрпақ өзінің ұлттық болмысына енді ғана ой жіберіп жатқандай көрінеді. Елбасымыздың аталған мақаласы елімізде осылайша көп игі істерге қозғау салды. Қазір тарихты түгендеу тарауы жүріп жатыр. Бұйыртса, оның жемісін көретін де күн алыс емес шығар...

Аталған мақалада ұсынылған идеялар (жобалар) әртүрлі атауға ие болғанымен, түбін қазсаң, бәрінің тұма бастауы бір екеніне анық. Мәселен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – бұл еліміздің қасиетті рухани құндылықтары. Біз осы жоба арқылы ұлаңғайыр Ұлы Даламыздың әр қиырындағы қасиетті, киелі жерлеріне құрметпен қарау арқылы бұрынғы өткен ата-баба тарихымен терең байланысқа түсеміз. Сол арқылы әр қазақ қандас, туыс-бауыр ретінде бір-біріне тартыла түседі. Ұлы Даланы үш жүзге бөліп иелік еткен қазақ рухани жағынан үш жүзге бөлінген жоқ, қашан да, қандай заманда да өздерінің біртұтас ел екенін көрсетіп отырды. Бұған ықылым заманнан бері қазақтың үш жүз болып бір-бірімен соғыспағаны айқын дәлел. Үш жүздің басты хан-сұлтандарының арасында соғыс болғаны туралы бірде-бір тарихи дерек кездеспейді. Бұл аса мән беріп, айқайлап айтуға тұрарлық дерек. Үш жүздің хан-сұлтандары бір-бірімен тең дәрежеде сыйласып, құрметтесуінің себебі қазақтың қарға тамырлас терең бауырмалдылығында, бір-бірін қандасым деп жақын тарта білуінде жатқан сияқты.

Ал шындығына келсек, хан-сұлтандардың билік таластыруға, бір-бірінен үстем болуға, бірінің жерін бірі бөліп алып билеуге құмарлығы болмай тұрмайтын жайт. Әйтпесе, өзге елдер (бір мемлекет) өз ішінен оңтүстік пен солтүстік немесе батыс пен шығыс болып, бөлініп соғыспас еді. Былай қарасаңыз, олар да бір ұлт қой. Қазақтың қандасына қылыш көтермейтіні – ұлттың ұлы қасиетінің бірі болса керек. Ата-бабаларымыздың осындай тектілігіне бас имеске амал кем. Еліміздің қасиетті рухани құндылықтарын насихаттағанда біз осындай тектілікті санамызда жаңғыртып, қазақтың қазаққа туыс, бауыр, жолдастығын күшейте түсеміз. Сол арқылы тіл нығаяды, діл нығаяды. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген кезеңге де жетерміз. Сонда тілі мен ділі, рухы мықты халық ретінде МӘҢГІЛІК ЕЛ-ге айналарымыз хақ!

Меңдолла ШАМҰРАТОВ