«Ақ жол» демократиялық партиясынан президентікке кандидат Дания Еспаева Шымкент қаласының халқымен кездесті. Іс-шараға сайлауалды штаб мүшелері, Парламент Мәжілісі депутаттары және аймақтық штаб белсенділері қатысты. Кандидатпен кездесуге жергілікті кәсіпкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер мен студенттер келді. Сондай-ақ көп балалы аналар да сол маңнан табылды.
Президенттіктен үміткер жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сайлаушылар тарапынан негізінен жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру сапасы және зейнет жасының ұлғаюы сияқты әлеуметтік сұрақтар қойылды. «Мен барған кездесулердің барлығында дерлік әйелдер зейнет жасын ұлғайтпау туралы өтініштерін білдіреді. Бұл мәселе ауыл тұрғындары болсын, қала тұрғындары болсын – бәрін мазалап жүр. Жалпы, әлеуметтік мәселелер шешімін табуы үшін ел экономикасын жақсарту керек. Ал ол үшін кәсіпкерлікті дамытуды мықтап қолға алу қажет. Бұл менің сайлауалды бағдарламамда егжей-тегжейлі баяндалған», деді Д.Еспаева.
Сонымен қатар Шымкент қаласының ірі тоқыма фабрикасының қызметкерлері де өздерін қандай мәселе мазалайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, кәсіпорынның жұмыс істемей жатқанына 3 жылдай уақыт болғандықтан, мыңдаған адам, оның көбі әйелдер қауымы жұмыссыз қалған. Д.Еспаева орын алған жағдайды реттеуді қаперінде ұстап, шешілуіне үлес қосатынын айтты.
Кандидат бұдан бір күн бұрын Көкшетау қаласында «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл инвестициялық жоба 2016 жылы басталып, оған мемлекет нөл пайыздық мөлшерлемесіндегі қосымша құн салығын енгізу арқылы қолдау көрсетті. Д.Еспаева сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған негізгі бағыттардың ішінде осы қосымша құн салығын төмендету бар екенін айтты.
* * *
Президенттіктен үміткер үнемі саламатты өмір салтын насихаттап, спортпен тұрақты шұғылдану керектігін, әсіресе жас толқынның осы бағытта белсенді болғаны маңызды екенін айтты. Елордадағы Ботаникалық бақта өткен іс-шарада Т.Рақымбеков бастаған әуесқой велошабандоздар біршама шақырымды артқа тастады. Жарысқа саябақ төңірегінде орналасқан үйлердің тұрғындары да қызығушылық танытып, қатарға қосылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық штаб өкілдері веломарафонды тамашалауға келген тұрғындарға үгіт-насихат материалдарын таратып, қолдауға шақырды. Веломарафонға қатысушылардың басым бөлігі жастар болғандықтан, кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасындағы жастар саясатының тиімді моделі туралы кеңінен айтып берді.
Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов партияның үгіт-насихат жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын, бірінші аптаға қарағанда, қарқыны күннен-күнге күшейгенін айтты. Жалпы, Т.Рақымбековтің сайлауалды штабы осы күнге дейін 300-ге тарта іс-шара өткізді. Оның ішінде кандидаттың өзі Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтарында жұртшылықпен кездесіп, өзекті деген мәселелерді талқылады. Сонымен қатар үгіт-насихат науқаны аясында Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Семей, Талдықорған және Петропавл өңірлерінде Т.Рақымбековті қолдауға арналған шаралар ұйымдастырылды. Ал оның сенім білдірілген адамдары ауыл-ауылды аралап, жергілікті тұрғындарға сайлауалды бағдарламаны таныстырып жүр.
* * *
Алдымен кандидаттың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым сайлау науқанында атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталып, жиналған қауымға Үкімет қаулысына сәйкес мерекелік күндердің тізбесі Қазақстан кәсіптік одақтары күнімен толығып, жаңа мейрам 10 қазанда аталып өтетінін мәлімдеді.
Ал А.Таспихов өзінің сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарын айта келе, еліміздің өңірлерінде сайлаушылармен кездесу барысын, ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала қызметкерлерінің мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді ала алмай отырғандығын, соған орай Үкіметке еңбек заңнамасына өзгерістер енгізуге үндеу жолдағанын айтты. Кандидат сенім білдірілген адамдарына алғыс білдіріп, қойылған сауалдарға жауап берді.
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірілген адамдарына Тараз қаласында облыстық драма театрда белсенді жастармен және «Қазақстан Коммунистік жастар одағының» өкілдерімен кездесті. Жиынға партияның Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жарылқасын Нұралиев пен «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Ирина Смирнова қатысты.
Жамбыл облыстық сайлауалды штабы жастардың заманауи білімнің тасымалдаушылары екенін, басқа қоғам мүшелеріне қарағанда, өзгерістерге дайындықтары мен ұмтылыстары едәуір жоғары екенін ерекше атап өтті. Ж.Ахметбековтің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында Ж.Нұралиев жастардың ұстанымдары мен моралдық тәрбиесі тақырыбын тілге тиек етті. Ол мемлекет балаларды әлеуметтік желілер контентінің кері әсерінен қорғауы тиіс екенін, сонымен қатар көркем әдебиет, ұлттық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын оқытуды насихаттауға ерекше назар аудару керектігін айтты.
Ал Алматы қалалық сайлауалды штабының өкілдері мен белсенділері Владимир Лениннің ескерткіші орналасқан саябақ аумағында тазалау жұмыстарын жүргізіп, ағаштарды әктеді. Тазалау жұмыстары барысында белсенділер үміткер Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасын талдап, батыстың кері ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының орталық паркінде «Болашақ бізден басталады» атты ауқымды акция өтті. Іс-шара шеңберінде саламатты өмір салтын насихаттаған марафон ұйымдастырылып, оған қоғамдық штаб өкілдері мен партия ұстанымын жақтайтын қала тұрғындары қатысты. Бұған қоса жүзден аса адам сап түзеп, бір мезетте жаттығу жасады. Жиналғандар «ҚКХП-ға дауыс бер!», «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп ұрандатты.
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосановтың өңірлердегі сайлауалды штабының өкілдері шалғайдағы елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізе бастады. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданында және Қызылорда облысындағы Сексеуіл кентінде іс-шаралар ұйымдастырылып, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы нақтырақ талқыланды. Қоғамдық штабтар ауыл тұрғындарына Ә.Қосановтың өмір жолын, ұстанымын жеткізді. Бұған қоса жергілікті тұрғындарды 9 маусым күні өтетін президенттік сайлаудан қалыс қалмай, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырды. Ал сайлаушылар кандидат туралы оң көзқараста екендерін білдіріп, қолдау көрсететіндерін жеткізді.
Сонымен қатар облыс орталықтары мен үлкен қалаларда Ә.Қосановтың кандидатурасын қолдауға үгіттеген науқандық іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Соның бірі президенттіктен үміткердің сайлауалды штабының өкілдері белсенді жастармен бірге Алматы қаласындағы Абай-Алтынсарин көшелері ауданында акция өткізді. Іс-шара барысында сайлаушылармен сұхбат жүргізіліп, науқандық парақшалар таратылды, кандидат ұстанымының негізгі бағыттары түсіндірілді. Әрі-бері өткен жұрт қызығушылық танытып, кандидатты жан-жақты білгісі келіп, сұрақтарын қойды және бағдарламасын әлі де кеңейте түсу үшін ұсыныстарын жолдады.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде әр өңірдің тұрғындары, әр саланың еңбек ұжымдары Ә.Қосановты қолдайтындарын жеткізіп, түрлі плакаттар көтеріп, үндеу тастап жатыр. Мұндай сайлаушыларға кандидаттың өзі ризашылығын білдіріп, жағымды хабарларды өз парақшасында бөлісуде. Бұған қоса Ә.Қосанов Facebook, Youtube, Instagram желілерінде тікелей эфирге шығып, өзінің кандидатурасына қатысты қоғамда туған сауалдарға кеңінен жауап берді.
* * *
«Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнер. Соның ішінде ою-өрнектер – әсемдіктің белгісі ғана емес, халықтың арман-ойының, тілек-мүддесінің нышаны. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ою-өрнектің мазмұндық ерекшеліктері сан алуан. Бүгінгі шеберлік сабағы президенттіктен үміткер С.Түгелдің бағдарламасында қамтылған ұлттық өнерді, салт-дәстүрді дамыту бағыты аясында ұйымдастырылды», деді кандидаттың сайлауалды штабы басшысының орынбасары Д.Оралбекұлы.
Аталған шеберлік сабағына қолөнерге қызығушылық танытатын жастар келіп қатысты. Талапты жастар шебер Ержан Кәрімханның қолөнер бұйымдарын тамашалап, жасалу әдіс-тәсілдерін үйренді. «Қолөнер – көрген көзге әдемі әсер ететін әрі тәрбиелік мәні бар нәзік дүние. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан қадірлі дәстүріміз. Мен сол себептен ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген С.Түгелді қолдау үшін осы шеберлік сабағын өткізіп, жастармен тәжірибемді бөлістім. Өзім жасаған бұйымдар арқылы өскелең ұрпаққа ата-бабамыздың төл өнерін насихаттағым келді», деді ағаштан түйін түйетін Е.Кәрімхан.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,