Аймақтар • 28 Мамыр, 2019

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваға ескерткіш-мүсін орнатылды

1289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Социалистік Еңбек Ері, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаеваға орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды.

Қостанайда Кәмшат Дөненбаеваға ескерткіш-мүсін орнатылды

Өзінің адал еңбегімен, ақыл-парасатымен аты аңызға айналған Кәмшат Байғазықызының өмірден өткеніне де екі жылға жуықтады. Қостанайдағы жаңадан орын тепкен «Юбилейный» шағын тұрғын ауданындағы бір көше Кәмшат апаның атына берілген болатын. Орталықтағы Абай даңғылының бойындағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына Кәмшат апаның суреті салынды. Енді міне, жақында ғана пайдалануға берілген Жастар сарайының алдына қазақтың дара қызының ескерткіші орнатылды. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кәмшат апа ескеткішінің жастар көп келетін орында тұруы заңдылық, оның өмірі мен қызметі жас ұрпаққа үлгі екенін айтты.

«Қазақ қызының есімі тұтас бір дәуірдің аңызына айналды. Кәмшат апамыз қазақ қыздарының арасынан шыққан, техника тізгіндеген алғашқы механизатор еді. Ол Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Жолдасы Темірбек Қабдолұы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Механизатор бола жүріп, ошағының отын өшірмеді, балалары үлгілі азамат болып өсті. Кәмшат апа жасы келе имандылық жолымен қажыға барып, бес парызының бірін өтеді. Басынан ақ жаулығын тастамаған апамыздың әр ісі елге үлгі еді. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде Кәмшат апаға ескерткіш-мүсін қоятынымызды айтқанмын. Сонда Президент «Ол кісі даңқты адам, ол тек Қостанайдың ғана емес, еліміздің, халқымымыздың мақтанышы, өте дұрыс іс екен» деді. Міне, Жастар сарайының жанындағы ескерткіш-мүсінге болашақта жастар келіп гүл қояды, апамыздың өмірі мен қызметі туралы біліп, өздеріне үлгі ететін болады» деді Архимед Бегежанұлы. Сонымен қатар ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатында Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов сөз сөйлеп, Кәмшат Дөненбаеваның жарқын бейнесін еске алды. Оның атының мәңгі есте қалдыру жұмыстарының жалғаса беруі жас ұрпақ үшін керектігін де еске салды. Кәмшаттың ұлы Сырым сөз алып, анасына байланысты атқарылған игі істер үшін облыс басшылығына, ардагерлер кеңесіне алғысын айтты.