Экономика • 28 Мамыр, 2019

Мұнай бағасы қалай өзгереді?

1061 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптада мұнай баға­сы­ның біртіндеп төмендеуі жал­ғасқан болатын. Ха­лық­аралық қаржы орталығының са­рап­шысы Гайдар Гасановтың Forbes-те жарияланған пайы­мына сүйенсек, оған АҚШ-тағы мол мұнай қоры туралы жа­ңа дерек­тердің жариялануы әсер етті.

Мұнай бағасы  қалай өзгереді?
– Бағаның қалай өзгеретіні ал­дымыздағы маусым айының 26-сын­да Венада өтетін OПЕК мүше­лерінің кездесуіне байланысты болып тұр. Ірі инвесторлар осы басқосудың нәти­жесіне қарап әрекет етеді. Меніңше, ОПЕК Таяу Шығыстағы ахуалдың бейбіт шешілуін, АҚШ пен Иран арасында ешқандай қарулы іс-қимыл­дардың болмауын талап ете отырып, мұнай өндіру көлемін азайтуды жалғастыра беру туралы шешім шы­ға­рады, – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, Ресейдің ұста­нымы басқа мемлекеттерге қайшы ке­луі әбден мүмкін. Себебі дәл қазір Ре­сей үшін мұнайды көп өндіру, сөй­тіп АҚШ-қа шикізат таситын Вене­суэ­ланың орнын басу тиімді. 

Қазір баррель бағасы 68,7 долларға сатылуда. Қазіргі халықаралық на­рық­та қалыптасқан ахуалды ескере оты­рып, баға жуық арада қарқынды түрде көтеріледі деп күтудің қажеті жоқ. Мұнай қазір қаржы құралынан гө­рі, саяси құралдың қызметін көбірек ат­қарады, сол себепті көп нәрсе АҚШ пре­зиденті Д.Трамптың әрекеті мен әлемдегі экономикалық ахуалға бай­ла­­­нысты болмақ. 

Қазіргі таңда 1 баррельдің баға­сы 70-75 доллардың төңірегінде тұрақ­таса, мұнай экспорттаушы елдер үшін де, импорттайтын елдер үшін де тиім­ді меже сол деуге болады.