Еліміздің тағдыры өз қолымызда!
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:07
Еліміз бен оның азаматтарының бірлігі Қазақстанның әрі қарайғы дамуының негізі болған, солай болып қала береді. Осыған байланысты отандастарымыздың нақты өмірі арқылы еліміздің табысын, оның азаматтарының табысын көрсетуді мақсат ететін жыл сайынғы «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» республикалық форумын өткізу идеясы дүниеге келген болатын.
Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:07
Еліміз бен оның азаматтарының бірлігі Қазақстанның әрі қарайғы дамуының негізі болған, солай болып қала береді. Осыған байланысты отандастарымыздың нақты өмірі арқылы еліміздің табысын, оның азаматтарының табысын көрсетуді мақсат ететін жыл сайынғы «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» республикалық форумын өткізу идеясы дүниеге келген болатын.
«Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» жалпықазақстандық форум аясындағы шаралар өткен аптада Қызылорда, Атырау және Қарағанды облыстарында ұйымдастырылды.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы салтанатты шараға ауданның танымал тұлғалары, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, интеллигенция мен жастар өкілдері жиналды.
«Мен 1940 жылы Грузияда дүниеге келдім, – деп бастады қатысушыларға өз өмірінен сыр шерткен Т.Дямуршаев. – Жасым 4-ке толған кезде отбасымызбен Қазақстандағы Қызылорда облысының Қармақшы ауданына қоныс аударыппыз. Бүгінгі таңда біз – қазақстандық грузиндер осы өлкеде бақыттымыз деп мақтанышпен айта аламын. Біздің бәрімен теңдей мүмкіндіктеріміз бар. Бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Қазақстандағы осынау институттың үлгісі әлемде мойындалған, ал оның ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатты жүргізудегі тәжірибесін алыс және жақын шет елдер де қабылдап жатыр».
Жас көшбасшы Мұхтар Ыбыраев Мәскеуде (Ресей) дүниеге келген, бірақ Қазақстан егемендігіне қол жеткізген кезде тарихи Отанына оралды: «Біздер – ата-бабаларымыз күрескен, армандаған тәуелсіздіктің куәгерлеріміз. Енді біздің ұрпақтың кезегі келді. Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда! Халық даналығында «Не ексең, соны орасың» деген тәмсіл бар, тек жақсылық пен игіліктің, білім мен отаншылдықтың дәнін себейік…».
Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Е.Қалиев №250 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы, облыстық «Эрудит» интеллектуалдық олимпиадасында бас жүлдеге ие болған Айжан Ахметова мен үйде орын алған өртте ерлік көрсетіп, үй ішінен газ баллонын алып шыққан №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, өртке қарсы қызметтің кіші сержанты Дәурен Шайхымұратовты және «Қазақтелеком» агенттігінің монтері Сексенбай Жиенбаевты марапаттады.
Аудандық форум Бекболат Тілеуханның «Елім менің аңсаған» әнімен қорытындыланды.
* * *
Атырау облысының Индер және Махамбет аудандарында өткізілген іс-шараның басты мақсаты өңірлердің қалыптасуы мен жүйелі дамуына, сол арқылы тұтастай тәуелсіз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан аудан тұрғындарының жетістіктерін көрсету болды.
Махамбет ауданындағы форумның басында әнұран орындалып, «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» фильмі көрсетілді. Шараның ресми бөлігін аудан әкімі Ерлан Жаңабаев ашып, жиналғандарды осынау айтулы оқиғамен құттықтады.
Жерлестеріне өз өмірлерінен сыр шертіп, жетістіктерімен бөліскендердің қатарында Махамбет аудандық мәслихатының хатшысы, Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің қола медаль иегері Асқар Құрманбаев, «Құрмет» орденінің, «Астана» медалінің иегері Аманжол Есқараев, ауданның 80 жастағы тұрғыны, көпбалалы ана Нұрбибі Әбдірахманова, ақын, «Жайық шұғыласы» аудандық газетінің бас редакторы, Журналистер одағының мүшесі Нұрым Ерғалиев, аудандық мәслихат депутаты Мақаш Бисенова, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жібек Мугауова, «Құрмет» орденінің иегері Владимир Розметов, мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы, жастар қозғалысының белсендісі Дінмұхаммед Лұқпанов және т.б. болды.
«Маған кеңес кезінде де, қазір де жұмыс жасау бақыты бұйырыпты. Әрине, әр дәуірдің өз артықшылықтары болады. Кеңес Одағы кезінде де біз көптеген жақсылықтарды көрдік, мысал үшін айтсақ, жұмыссыздық деген атымен болмайтын. Алайда, біз өз жеріміздің, өз тағдырымыздың қожасы бола алмадық…», деді форумның қатысушыларына Асқар Құрманбаев.
«Мен және менің замандастарым – Қазақ елінің бақытты ұрпағы. Өйткені, біз еліміздің көтеріліп келе жатқан, дамып, өркендей түскен уақытында өмір сүріп жатырмыз – деп мәлімдеді мектеп оқушысы Дінмұхаммед Лұқпанов. – Отанымның игілігі үшін еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанға бар жан-тәніммен қызмет ететін боламын деп уәде беремін!»
«Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» форумының аясында қатысушылар «АТОМ» Жобасының петициясына қол қойды.
Атырау облысының Индер ауданындағы форумда спикерлерді жиналғандар зор қошеметпен қарсы алды. Бүгінгі күннің мұндағы ерлерінің қатарында жергілікті интеллигенция, ардагерлер өкілдері – Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Сансызбай Базарбаев, Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің оқытушысы Алтыбай Ермұханов, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан Ақылбек Хайырлиев, аудандық «Дендер» газетінің тілшісі, Индер ауданы бойынша «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Сұңқар Көшеков, көпбалалы ана Фарида Ғұмарова көрінді.
«Тарихтың қас-қағымдай қысқа мерзімінде біздің жас мемлекетіміз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді, – деді форумда сөз сөйлеген Сансызбай Базарбаев. – Бүгінде тәуелсіздігімізге 21 жыл толды, бұл көп те емес, алайда атқарылған істер баршылық, оны әлемдік қоғамдастық та таныды».
«Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандықтан, мен ядролық сынақтың қасіретін жақсы білемін, – деді қатысушыларға Ақылбек Хайырлиев. – Кеңестік мемлекеттің қателігі мен салғырттығынан мыңдаған кінәсіз отбасылар зардап шекті… Президентіміз қазақ жеріндегі ядролық сынақтарға «Жол берілмейді!» деді. Сөзінде тұрды. Кеңес заманының өзінде қаймықпастан Семей полигонын жапты».
Іс-шара «АТОМ» Жобасының петициясына қол қою, алғыс хаттармен марапаттаумен жалғасты, соңында «Атамекен» әнін жиналғандар қосылып бірге шырқады.
* * *
Қарағанды облысының Теміртау қаласында өткен салтанатты шара Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өткізілді. 2011 жылы ашылған Орталық – салтанатты киіз үй түріндегі теңдесі жоқ сәулетті жоба. Оны Елбасының жай ғана тағдыр жылнамасы емес, тәуелсіз Қазақстанның да жылнамасы деп атауға болады. Мұражайдың алты залында Н.Назарбаевтың тұлғалық қалыптасуы мен мемлекет игілігіне жасаған жұмыстарының тарихы көрсетілген.
Дәл осы жерде, таңданатыны жоқ, жерлестеріне атақты теміртаулықтар да өз жетістіктерінің құпиясын паш етті.
«Мен қарапайым кеншінің отбасында дүниеге келдім, Мәскеу автомобиль-жол институтын үздік бітіріп, Қарағанды политехникалық институтына жұмысқа жолдама алдым. Осы жерде 30 жылдық – кіші ғылыми қызметкерден Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры қызметіне дейінгі еңбек жолынан өттім. Мен үшін бүгінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі түлегі саналатын Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры болу үлкен құрмет болуымен қатар, зор жауапкершілік жүктейді», деді техника ғылымдарының докторы, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры Марат Ибатов.
«Бақытымызға орай, бүгін біз бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз, – деп атап көрсетті «Синергия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Достасу» медиация және құқық орталығының жетекшісі Майя Блащенко. – Ел игілігі үшін түрлі салада өзімізді көрсетуге, бәрін жасауға, жұмыс істеуге мүмкіндігіміз мол. Біздің республикамыздағы сәтті жүзеге асырылып жатқан бейбітшілік пен келісім саясаты болмаса, мұның бірде-біріне жол жоқ болар еді. Үлкен ұлым Санкт-Петербург университетіне емтиханды сәтті тапсырып тұрғанына қарамастан, «Өз елімнен басқа еш жаққа да кетпеймін!» деп Қарағандының жоғары оқу орнына түсті».
Президент Н.Назарбаевтың курстасы, құрметті металлург, «Құрмет» орденінің иегері Тоқтархан Ысқақовтың өмірлік ұстанымы: «Металлургия – менің тағдырым!». Ол Семей облысында дүниеге келген, ядролық полигондағы сынақтың куәгері. Сөз орайында айта кетсек, ҚР халық әртісі Роза Рымбаевамен бір ауылда өскен. Мектепті бітірген соң, комсомолдық жолдамамен екпінді құрылысқа – Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатына барады.
«Әскерден келген соң, Қарағанды политехникалық институтына оқуға түстім. Көп ұзамай елдің болашақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та студент болды… Тәуелсіздік жылдарында көп қиындық кездесті, дегенмен, мен тәуелсіз елімізбен бірге көркейіп, өсіп-өніп, жетілгенімді мақтан тұтамын. Дұрыс таңдау – ол сенің жасауға тиісті шаруаны шын жүректен жасағанда ғана болады. Жерлестеріме еліміздегі, қаламыздағы сәтімен, табысты атқарылып жатқан шаруалардың барлығын сақтай біліп, кейінгіге жеткізсін деген тілегімді арнағым келеді», – деп сөзін түйді Т.Ысқақов.
«Менің айтпағым мынау: қандай іспен айналыссаң да, бастысы – шын ниетпен кірісу. Егер ниетің болмаса, нәтиже де болмайды, бос әурешілікке айналады. Кез келген істі қолға алған кезде бар жан-тәніңмен кірісу керек. Сонда ғана ол жемісін бермек!» деген сенімде самбо күресінен әлем чемпионы Никита Азаров.
«Әрине, сонымен бірге, өзімізді көрсету үшін де бейбітшілік керек алдымен. Қазіргі таңда Қазақстанның ядролық қарусыздану мен ядролық қауіп-қатерді қысқарту үдерісіне қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен мойындалды. Біз адамдарды өз еркімен Президент Н.Назарбаевтың халықаралық «АТОМ» Жобасын қолдауға, сөйтіп, өмір сүріп отырған планетамызды ұрпақтың жарқын болашағы үшін ядролық қарусыз әлемге айналдыруға шақырамыз», – деді ол жиналғандарға арнаған сөзін қорытындылай келе.
Форум аясында қатысушылар АТОМ Жобасының петициясына қол қойды.
Сондай-ақ іс-шара барысында көрсетілген ғылыми-инновациялық және әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Оннан астам жас ізденімпаз төрт бағыт – «Инновация және интеллект», «Жастардың әлеуметтік белсенділігі және еріктілік», «Толеранттық. Бейбітшілік. Келісім» бағыттары бойынша өздерінің идеяларын сарапшылардың назарына ұсынды.
Я.Абрамайтес, И.Новиков, А.Волокитин, А.Алмазов, А.Сейдуллаева, К.Наумов, А.Шефер, М.Кукимовтың Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті мен Теміртау медколледжі, №16 орта мектеп командаларының еңбектері үздік деп танылды.
«Егемен-ақпарат».
Суретті түсірген
Ринат ДУСУМОВ.