Экология • 28 Мамыр, 2019

Жайықтың арнасы тереңдетіліп жатыр

928 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жайық, Қиғаш өзендерінің табаны соңғы рет өткен ғасырдың 80-жылдарында тазаланған. Содан бері бұл өзендердің Каспий теңізіне құяр тұсын тереңдету бағытындағы жұмыс жүргізілмеді.

Жайықтың арнасы тереңдетіліп жатыр
Бұл өз кезегінде балықтардың уылдырық шашу өрісін тарылтып, өзен­дердің биологиялық ахуа­лына да кері әсерін тигізді. 2017 жылы ғана Жайық-Каспий бас­сейнінде арна түбін тазалау жұмыстары басталды. «Павлодар өзен порты» АҚ Жайық өзені саға­сындағы Яицкий каналы мен Қиғаштың Ганюшкин, Жарқосын каналдарының түбін тереңдетіп жатыр. Тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы –  45,5 шақырым. Теңіз бағытына қарай тереңдігі 2,5 метр, ені 25 метр болатын жаңа өзен арнасы қазылады. Осы жұмыстардың барысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жайық пен Қиғашты терең­дету аса маңызды шара еке­нін атап өтті.

Аймақ басшысы, сондай-ақ «Ақ Жайық» табиғи резер­ва­тының жағдайына да назар аударды. Қорық аумағында туризм­ді дамыту және қосымша бақы­лау қосындарын орнату төңі­ре­гінде шаралар қолға алынады. Резерватта соңғы жылдары дала өрті жиілеп кетті. Осы олқы­лықтың орнын толтыру мақса­тында бақылау қосындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл балық саудасының заңсыз айна­лымын болдырмау үшін қажет. «Шығынды көп талап етпей­тін осы құрылым резерват қыз­мет­керлерінің жұмыстарын жеңіл­де­теді, тиімділігін арттырады. Алыс қашықтықты да қадағалауға мүм­кін­дік беретін арнайы дрондар алу керек, бірақ бұл шаралар қорықтағы аң-құстарға кесірін келтірмеуі тиіс», деп атап өтті Н.Ноғаев.

«Ақ Жайық» табиғи резерва­ты­ның басшысы Нұрболат Кәрі­мов бірнеше туристік бағыт жаса­лып жатқанынан хабардар етті. «Қорық аумағында арнайы сүр­леу жолдар салдық. Туристер қыз­меткерлеріміздің көмегімен серуен­деп, моторлы қайықтармен Каспий теңізіне шыға алады. Арна­йы белгіленген жерлерде салмағы бес килодан аспайтын балықты қармақпен аулауға рұқ­сат етіледі. Резерваттың бай та­би­ғатына шетелдік турис­тер­­­­­дің қызығушылығы жоға­ры, қазір инфрақұрылым жа­ғын қарастырудамыз», дейді Н.Кә­рімов. 

Кезінде атағы алысқа жеткен «Атырау балық» зауытының орнында қазір қаңыраған бос ғимараттар ғана тұр. Иесіз цистерналардан төгілген жанар-жағар май топырақты ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізуде. Келеңсіз жағдайды көрген облыс әкімі табиғатқа келтірілген залалдың елеулі-елеусіз болмайтынын айтып, қарамағындағыларға тап­сырма берді. Атырау қала­сы­ның әкімі Алимұхаммед Құт­тұ­мұратұлының айтуынша, қазір балық өңдеу зауытының баланс­тық құнын анықтау шаралары жүріп жатыр. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін зауыттың орнына жаңа шағын аудан салынады. 

АТЫРАУ