Руханият • 28 Мамыр, 2019

«Хат қоржын»

6352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

...үміт артады

Ерікті болу – ардың ісі

Біздің қазақстандық қоғамға еріктілер қозғалысы өте қажет деп есептеймін. Өйткені оның артында қысылғанда қол ұшын беріп, сүрінгенді демеу, қуаныш пен қайғыға ортақтаса білу секілді адамгер­шілік қасиеттер тұр. Ерікті болу – ардың ісі. Оны ешкім бұйрық­пен бекіте алмайды. «Жарлы болма, арлы бол» дегендей, жасаған жақсылығына ақы тілемейтін, біреуге көрсеткен көмегін бұлдамайтын, міне мен сөйттім деп көкірек соқпайтын арлы азаматтар ғана еріктілер қатарында бола алады. Өңірде құрылған еріктілер тобының 85-90 пайызы – жастар. Олардың мүмкіндігі шектеулігі жандар мен қариялардан, қамқорлық пен күтімді тілейтін өзге де қоғам мүшелерінен алып жүрген алғыстары шексіз. 

Өңірдегі еріктілер тұрақты орны мен кеңсесі болмаса да уақытпен санаспай, шапағаты мол істердің басы-қасынан табылып жүр. Біз ақысыз, пұлсыз жүрегіміздің қалауымен атқарылған іс үшін біреу­ден бірдеңе дәмету ниетінен аулақпыз. Әйтсе де биылғы Жастар жылы еріктілер қозғалысының қызметі Үкімет тарапынан еленіп, ескеріл­генін әрі оларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетілгенін қалаймын.


Бердәлі СӘРСЕНОВ,   

Ақтөбе қаласындағы «Жүректен – жүрекке» 

еріктілер тобының мүшесі

...уәж айтады

Құлшынысқа шектеу жасамайық

Мектеп оқушылары арасында республикалық пән олимпиадалары жаппай өткізілуі игі дәстүрге айналғалы қашан. Білім ордаларында іріктеу кезеңдерінен суырылып шыққан үміткерлер сынақтардан сыналу жолында белсенділік танытуға тырысып бағады. Әңгіме төркіні  орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жайында болмақ. Орыс тілінде оқитын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына ұлты қазақ оқушыларына қатысуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Орыс тілді сыныптарда оқып жүрген қазақ балаларының құқықтары ұлттық мүдде тұрғысынан неге теперіш көруі керек? Орыс тілінде білім алып жүрген қара көздеріміз қазақ тілді сыныптарда оқитын оқушылармен де қазақ тілі мен әдебиетінен өтетін пән олимпиадасына да қатысуға жіберілмейді. Мектеп ішінде зор үмітпен һәм жатпай-тұрмай дайындық елегінен ысылып қатысуға ниет білдірген өзіміздің қазақ балаларына қолдан жасалып отырған нағыз қиянат қой бұл. 

Бір анығы, мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын пән олимпиадасында мұғалімдер қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада тапсырмаларын екіге бөліп дайындайды: бірі – жергілікті ұлт өкілдеріне, яғни қазақ балаларына, ал енді бірі – өзге ұлт өкілдерінен шыққан оқушыларға. Берісі қалалық (аудандық) білім бөлімдері, әрісі аймақтық білім басқармалары мектептерде әлдеқашан қалыптасқан осынау әдіс-тәсілді неге үлгіге алмасқа. Орыс тілінде оқып жүрген ұлты қазақ оқушыларының мемлекеттік тілге һәм төл әдебиетімізге деген құлшыныс-талпынысына қолдан шектеу жасамайық. 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,

М.Әуезов атындағы №42 ЖОББ мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Павлодар 

...ой қозғайды

Өзімізді жарнамалауға кірісіп кеттік...

Бүгінгі әлеуметтік желілермен қатар басқа да қоғамдық қатынас құралдары арқылы біз жас-кәріміз, әйел-еріміз бар, бәріміз өзімізді өзіміз жаңа көргендай сұқтана қарап, айналаға «міне, мен осындаймын!» деп жарнамалауға кірісіп кеттік... 

Осыны ойлағанда есіме «нарцисс» деген термин оралады. «Ертеде сыр-сымбатына сөз жетпейтін, көркіне көз тоймайтын бір жас жігіт болыпты. Есімі Нарцисс болса керек. Сымбаттылығы сонша – қыз-келіншектер түгіл, оған ер адамдар да аңтарыла қарап, сиқырланғандай күй кешеді екен. Бірақ айналасындағылардың өзіне деген сондай ілтипаты оны шектен тыс тәкаппарлыққа ұрындырып, ақырында ол ешкімді менсінбей, көзге де ілмейтін халге жетеді. Бір күні ол бақта кетіп бара жатып шөл қатты қысқан соң су ішпекке бұлаққа еңкейгенінде судан өзіне ентелей қараған бір бейнені көреді. Көреді де, естен тана ғашық болады. Өмірі ешкімге көз қиығын да салмайтын Нарцисс әлгі бейнені көргенде, қасынан кете алмай, көзін ала алмай сол жерде талып қалады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жігіт ақыры сол бейне иесін таппаған күйі құсадан көз жұмады. Ең өкініштісі, су бетінен көрген бейне өзінікі екенін Нарцисс өлгенше білмей кеткен екен», дейді. Кейін ғылымда өзін шектен тыс жақсы көретіндерге «нарциссизм» диагнозын қою осыдан қалған екен.

Осы арқылы не айтпағым түсінікті бола бастаған шығар... Нарцисстің ол «қылығын» кешіруге болады, себебі ол су бетінен көрген бейненің өзінікі екенін білген жоқ қой?  Ал бүгінгі қоғам, яғни мына біз ше?..


Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

...әсерімен бөліседі

Тарихымызды тереңнен түсіне білдік

Тарамдалған тарихын бағамдай білген елдің ұрпақтары бүгінде өткенін түгендеп отырады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мұратты жандардың мақсатын айқындап отыр. Аталмыш мақалада өткеніміз бен бүгініміз, қолда бар байлығымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз тұтастай қамтылған. Маңызды мақаланы негізге ала отырып, біздер – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенттері тарих ғылымдарының докторы Фатима Қозыбақованың жетекшілігімен өткен «Қазақ кино өнері: кеше және бүгін» атты ғылыми конференциясында біраз жайға қанық болып, өрелі ой түйдік.

Іс-шарадан кинематография саласын кеңінен танып, қиялға қанат бітіретін қазақы туындылардың мән-мағынасын тереңнен түсіне білдік әрі кешегі баһадүр бабаларды еске алып, тұлғасына тәу етіп, жадымызды жаңғырттық.
Түйіндей айтсам, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың бағыттарына бой түзеп, мақсаттарымызды айқындап, өткенімізді ұмытпайық дегім келеді.

Аружан ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20