06 Сәуір, 2013

Адамға өмір сыйлау бақыты

576 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамға өмір сыйлау бақыты

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:10

Дәрігерлер донор қаны адам өмірінің арашасы екенін, қан тапсыру кез келген 18 жасқа толған адамның қолынан келетінін жиі айтады. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Республикалық қан орталығының медицина жөніндегі орынбасары Гүлсара Бекмұхаевамен әңгіме барысында негізінен донорлыққа байланысты бірқатар мәселелерді қамтуға тырыстық.

 

Сенбі, 6 сәуір 2013 2:10

Дәрігерлер донор қаны адам өмірінің арашасы екенін, қан тапсыру кез келген 18 жасқа толған адамның қолынан келетінін жиі айтады. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Республикалық қан орталығының медицина жөніндегі орынбасары Гүлсара Бекмұхаевамен әңгіме барысында негізінен донорлыққа байланысты бірқатар мәселелерді қамтуға тырыстық.

– Гүлсара Хабиқызы, әңгі­мені донорлықтың біздің қо­ғамдағы қазіргі көрінісінен бастасақ. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының стандарты бойынша әр мың адамға шаққанда 50-55 донордан келуі қажет. Біздің елімізде бұл көрсеткіш 15-16 адамның айналасында екен. Біздегі қан тапсырушылар санының аздығы неге байланысты, оған қандай жағдайлар әсерін тигізуде?
– Донор саны біздің елімізде 90-ыншы жылдармен салыстырғанда   2-3 есеге азайды. Оған сол жылдары елімізде қалыптасқан қиын әлеуметтік-экономикалық ахуал, донорлықты ұйымдастырудың жоспарлы жүйесінің жойылуы, бұқаралық ақпарат құралдарында донорлықты насихаттаудың толық тоқталуы, мемлекет мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдардың осы мәселеге жете көңіл бөлмеуі әсер етті. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жағымсыз мағлұматтар ағынынан кейін донорлық, тіпті, өте қиын жағдайда қалды…
– Бүгінгі күні Республикалық қан орталығы жағдайды тү­­зеу үшін қандай іс-шаралар жүр­гізуде?
– Біріншіден, донорлықты наси­хаттауға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Донорлықты насихаттаудың негізгі мақсаты – саламатты өмір салтын ұста­нуға және адамгершілік қасиеттерді тәр­биелеуге бағытталған. Еліміздің кез-келген азаматы жақын туыстарымен қатар, өзге азаматтарға да көмек қолын созуы керек. Өз өміріңді жақсартумен ғана шектелмей, басқаның да өміріне қауіп төнген жағдайда қол ұшын беру қажеттігін есте ұстағанымыз жөн. Донор болу, яғни қан тапсыру – көп уақыт пен күш-жігерді қажет етпейтін қайырымдылықтың түрі. Қан тапсыру – кез келген адамның қолынан келетін іс.
Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында «Донор күні» өтіп тұрады. Бұл күні жастар саналы түрде донор болып қан тапсырады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлт­тық техникалық уни­верситеті, Т.Рысқұлов атындағы Қа­зақ экономикалық университеті, С.Демирел атындағы университет, Қа­зақ Ұлттық аграрлық университеті, Ха­лықаралық Бизнес Академиясы, БТА банк, Темір банк, Ұлттық гвардия, Ішкі істер министрлігінің оқу орталығы ұжым­дарына айтар алғысымыз шексіз.
– Біз өзіміздің жағдайды басқа елдермен салыстырғанда үнемі да­мыған мемлекеттерді алға салып сөй­лейміз. Сол дамы­ған елдерде донор­лық әрбір жет­кіншекке мектеп жасынан бас­тап насихатталады. Бізде сондай үгіт-насихат жүргізуге, жас бала­ның санасына азаматтық позиция қалыптастыруға, үлкен мәдениетке үйретуге не кедергі болып отыр?
– Дұрыс айтасыз, озық елдердің тәжірибесіне біз әрқашан арқа сүйейміз. «Жақсыдан үйрен» дейді ғой. Былтырдан бастап «Өмір тамшысы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Донор мектебі» атты жоба жұмыс істей бастады. Сол жоба аясында мектептер мен балабақшаларда донорлық жайында сабақ жүргізіле бастады. Осы жоба донор болу – бұл бір үлкен мәдениет және биік деңгейдегі адамгершілік пен азаматтық позицияның, адами құндылықтардың жарқын көрінісі екенін жас баланың бойына сіңіріп өсуге зор әсер етеді деп ойлаймын.
– 1971 жылдан бері сіздердің орталықтарыңызға қан тапсырып келген Александр Ска­ковский деген кісі былтыр «Ха­лық қалаулысы» атағын алды. Ол 40 жылдан аса уақыт ішінде 500 литр қан тапсырыпты. Сіз­дердің каталогтарыңызда осындай ерекше донорлар көп пе? Олар кімдер? Жалпы, сіздер тұрақ­ты донорларды қалай ынталандырасыздар?
– Александр Скаковский өз ісімен жастарға үлгі көрсетіп, қан тапсырудың ешқандай зияны жоқ екенін, ол қайта ағзаға пайдалы екенін айтады. Сол жағ­дайды медицина қызметкерінен гөрі, донордың түсіндіргені бір бөлек нәрсе. Осындай донорлар қатарында Тұрысбекова Қалиша апамыз бар, ол кісі – 2011 жылғы «Алтын жүрек» номинациясының иегері. Сыдықов Еркінбақыт «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бербер Анатолий, Жұмаділов Берікқазы, Копанов Сергей, Қадыров Серік, Құлжас Шоқан т.б. ары таза, ақ көңіл, адал жандар баршылық. Олар өздерінің шипалы қандарымен талай адамды ажалдан арашалап қалды десек артық айтқандық емес. Біз ұлт денсаулығы жолында атақ пен ақша үшін емес, адам өмірін сақтап қалуды мақсат еткен осындай азаматтарға арқа сүйеп келеміз.
– Республикалық қан ор­талығында жылына қанша тонна қан өңделеді? Ол өнім­дер сіздермен тікелей бай­ланыстағы денсаулық сақтау меке­мелеріндегі науқастарға жеткілікті ме?
– Республикалық қан ор­талығында жылына 20 000-нан астам донор қан тапсырады. 16 тоннаға жуық қан өңделіп, қан компоненттері – плазма, эритроциттік масса, тромбоцит концентраты алынады. Осы дайындалған қан компоненттерінің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз. Сақтау мерзімі қысқа болып келетін қан компоненті – тромбоцит концентратына сұраныс өте көп, ол ақ қан ауруына шалдыққан жандарға құйылады. Күніне 30-40 доза дайындалып, медициналық мекемелерге жіберіледі.
– Орталықтағы қан өнім­дерінің сапасы туралы не айтуға болады? Технология мәселесі қалай шешілген? Бүгінгі күні ол әлемдік стандартқа сәйкес пе?
– Бүгінгі таңда Республикалық қан орталығы – еліміздің қан қызметінің іргелі мекемелерінің бірі. Соңғы 5 жылда барлық технологиялық жабдықтар толы­ғымен жаңартылды. Қан және оның компоненттерін дайындау барысында аппараттық плазмаферез, аппараттық цитаферез сияқты қазіргі ең жаңа әдістер қолданылады. Қан ком­поненттерінің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін лейкофильтрлеу, вирусинактивациялау, карантиндеу сынды қосымша әдістер де іске қосылған. Донор қанын трансфузиялық инфекцияларға тексеру зертханасы әлемдік стан­дарттарға сәйкес, заманауи автоматталған жабық жүйелі жаб­дықтарда екі кезеңмен тексеріледі: иммуноферменттік анализатор, полимеразды тіз­бекті реакция. Қан өнімдерін өндіру штрихкодтау негізінде бірыңғай ақпараттық жүйемен басқарылады. Донор қанының зертханалық талдау кезінде қалыпты жағдайдан ауытқуы тіркелсе, одан дайындалған қан өнімдері медициналық мекемеге автоматты түрде жіберілмейді. Қан компоненттері дереу жойылады, донор донорлықтан шеттетіледі. Осы орайда мынаны да айтқым келеді. Біздің алға қойған басым бағыттарымыз да айқын: ерікті донорлық, қан өнімдерінің сапасын басқару жүйесін одан әрі дамыту, әлемдік сертификациядан өту.
– Денсаулық сақтау меке­мелерінің Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне көшкеніне үш жылдың жүзі бол­ды. Бұл үдеріс сіздердің денсаулықтарыңызға қандай өзгерістер әкелді?
– Соңғы жылдардағы Респуб­ли­калық қан орталығындағы жетіс­тіктер жайында жоғарыда баяндап өттім. Мамандарымыз да Израиль, Чех, Польша, Ресей мемлекеттерінде білімін көтеріп келді. Біздің нәтижелі еңбегіміз – егемен еліміздің жетістігі.
– Әрбір 18 жастан асқан адамның донор бола алатыны белгілі. Сонда қоғамымызда сәбилер мен мектеп жасындағы бала­лардан басқалардың бәрі де донор бола алады екен? Донор­ларға қарата не айтар едіңіз?
– Донорлардың үлкен жүрек­терінің арқасында мыңдаған адам аман қалады. Адамдардың өмірін ұзартуға атсалысу арқылы олар қоғамда ізгіліктің де салтанат құруына атсалысып жатады. Та­ғы бір айтарым, өзгенің өмірін сақтау арқылы өз өміріміздің де сақталатынын рухани тұрғыда кең мағынасында қабылдай алатындай деңгейге жетсек екен деймін.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».