Спорт • 28 Мамыр, 2019

Шайбалы хоккей: Қазақстанның қарсыластары анықталды

1012 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден элиталық дивизион командалары арасындағы әлем чемпионаты 2020 жылы Швейцарияның қос қаласы – Цюрих пен Лозаннада өтетіні белгілі.

Шайбалы хоккей: Қазақстанның қарсыластары анықталды

Күні кеше айтулы жарыстың жеребесі тартылып, қай команданың қай топта ойнайтыны анықталды. Биыл Нұр-Сұлтанда өткен бірінші дивизиондағы додада дара шыққан Қазақстанның хоккейшілері келесі жылы Швейцарияда жалауы желбірейтін бәсекеде «В» тобында өнер көрсетеді. Біздің қарсыластарымыз – Ресей, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия құрамалары. Ал «А» тобында Канада, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания командалары сайысқа түседі.

Әлем чемпионатының ережесіне сай соңғы орындарда қалып қойған қос команда келесі жылы мықтылармен күш сынасу мүмкіндігінен айырылады. Бұл жолы аутсайдерлердің жағдайы тіптен қиын болмақ. Олай деуге негіз, Беларусь пен Латвия көш соңында қалған жағдайдың өзінде элиталық дивизионда қалады. Өйткені, 2021 жылғы әлемдік дода дәл сол мемлекетерде өтеді. Сондықтан да жерлестеріміз осы жарыста барынша нәтижелі ойын өрнегін көрсетуге тиіс.