Спорт • 28 Мамыр, 2019

Теннис: Диас пен Бублик ұтты, Путинцева ұтылды

1011 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияның астанасы – Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің жекелеген сайысында биыл Қазақстанның бес теннисшісі бақ сынау құрметіне ие болды.

Теннис: Диас пен Бублик ұтты, Путинцева ұтылды

Жарыстың екінші күні үш жерлесіміз жарыс көрігін қыздырды. Зарина Диас франциялық Одри Альбиді еш қиналмай-ақ ұтты – 6:2, 6:2. Енді жерлесіміз ресейлік Вероника Кудерметовамен кездеседі.

Александр Бубликтің германиялық Рудольф Моллекерден мерейі үстем болды – 7:5, 6:7, 6:1, 7:6. Екінші кезеңде ол австриялық Доминик Тиммен күш сынасады.

Ал осыдан бірер күн бұрын ғана Нюрнбергтегі аса ірі халықаралық турнирде топ жарған Юлия Путинцева бұл жолы ел сенімін ақтай алмады. Отандасымыз өзінің тұсаукесер кездесуінде швециялық Ребекка Петерсоннан жеңілді – 3:6, 5:7. Осылайша, еліміздің бірінші ракеткасы үшін Париждегі жарыс аяқталды.

Сондай-ақ, бүгін түнде Михаил Кукушкин словакиялық Марин Клижанмен, ал Елена Рыбакина чехиялық Катержина Синяковамен шеберлік байқасады.