09 Сәуір, 2013

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:45

Астана қаласындағы Отан қорғаушылар паркінің Ерлік аллеясында өткен жексенбіде 1995 жылдың 7 сәуірі күні тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскерлердің 17 жауынгерінің ерлігіне арналған Ерлік күні іс-шарасы болып өтті.

Негізінен еліміздің Ішкі әскерлері ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді абыроймен атқарып келеді. Алайда Жоғарғы Кеңес қаулысымен Қазақстан Ішкі әскерлерінің екі мыңға тарта жауынгері 1993 пен 1999 жылдар аралығында ТМД сыртқы шекарасын қорғау үшін тәжік-ауған учаскесін күзетуде де өз міндеттерін жақсы атқара білді.

Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:45

Астана қаласындағы Отан қорғаушылар паркінің Ерлік аллеясында өткен жексенбіде 1995 жылдың 7 сәуірі күні тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскерлердің 17 жауынгерінің ерлігіне арналған Ерлік күні іс-шарасы болып өтті.

Негізінен еліміздің Ішкі әскерлері ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді абыроймен атқарып келеді. Алайда Жоғарғы Кеңес қаулысымен Қазақстан Ішкі әскерлерінің екі мыңға тарта жауынгері 1993 пен 1999 жылдар аралығында ТМД сыртқы шекарасын қорғау үшін тәжік-ауған учаскесін күзетуде де өз міндеттерін жақсы атқара білді. Осыдан 18 жыл бұрын Ішкі әскерлердің жеке ротасы Тәжікстанның таулы шатқалдарында содырлармен қақтығысып қалғаны белгілі. Сол күші басым жаумен қиян-кескі ұрыста Қазбаттың 17 жауынгері қаза тапты. Қазақта «елдің атын ер шығарады», деген аталы сөзді осындайда айтса керек. Сол қазақстандық жауынгерлердің ерлігін Тәжікстан халқы әлі де ұмыта қойған жоқ. Соның бір жарқын дәлелі ретінде 2007 жылы Душанбе қаласында Ерлік монументі ашылса, оған қаза болған асыл ерлердің де есімі тасқа қашалып жазылғандығы. Ал Астанада 2009 жылдың сәуірінде Отан қорғаушылар алаңында Ішкі әскерлердің 17 жауынгерінің ерлігіне арналып Ерлік аллеясы ашылды.

Сол аллеяда жыл сайын Ішкі әскерлер жас сарбаздарының Отан алдында адал қызмет етуге ант беру рәсімін өткізуі дәстүрге айналған. Осы ретте сәуірдің 7-сі Ішкі әскерлерде «Тағзым күні» деп бекітілгендігін айта кету керек. Қалыптасқан дәстүрге сай биыл да барлық бөлімшелерде ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым ету шаралары болып өтті. Елордада да Ерлік аллеясына жиналған Ішкі әскерлердің жеке құрамы, ардагерлер, қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақын достары және жақындары бейбітшілік пен әділеттілік жолына жас жандарын құрбан еткен жандардың рухтарына тағзым етіп, күңіренген қобыз үнімен гүл шоқтарын қойды. Тіпті гүл шоқтарын қоюға әскерилерше киінген әскери-патриоттық сыныбының оқушылары да арнайы келіпті. Өздерінің әскери борыштарын адал атқарып, ерлікпен қаза тапқандардың арасында старшина Қалмақан Бақбаев, сержант Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Ержан Байбағысов, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едірішев, Ербол Исабаев, Ержан Әбдиев, Еркебұлан Мақажанов, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Еркін Байғабылов және Тахир Райымжанов бар. Жалпы, ТМД сыртқы шекарасын күзетуде ерлікпен қаза тапқандардың 5-уі ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және 12 адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған.

Артынан қаза тапқандарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ аспанға оқ атылып, қаза тапқандардың рухына тағзым етілді. Елдің мәңгі мызғымастығын паш ету үшін әскери оркестр Мемлекеттік гимнді ойнады. Жиналған көпшілік алдында ІІМ Ішкі әскерлердің бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов пен Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков және де бірқатар адамдар ортаға шығып, ерлік жолының естен шықпайтындығы туралы біраз жылы сөздерін арнады. Артынан әскери бөлімдердің жеке құрамдары салтанатты жағдайда маршпен жүріп өтті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.