Қазақстан • 29 Мамыр, 2019

Елбасы орденімен марапатталды

1183 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин­мен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі.

Елбасы орденімен марапатталды

Елбасы кездесу барысында Владимир Путинге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін тапсырды.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Еуразиялық эконо­микалық одақтың қазіргі нәтижелері мен әрі қарайғы даму перспективаларын атап өтті.

– Бес жыл бұрын, Сіз және Александр Лукашенко үшеуміз осы одақты құрдық. Біз жүзеге асырған бұл идея менің тарапымнан 25 жыл бұрын ММУ қа­быр­ғасында ұсынылған болатын. Қиын уақыттарға қара­мас­тан, арамыздағы өзара сауда өсіп келеді. Бірлескен кәсіп­орын­дардың саны артуда.  Еуразия­лық экономикалық одақ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйым­дармен интеграция жолымен жүруі тиіс деп есептеймін. Бізге осы жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Владимир Путин өзіне тапсы­рылған марапат үшін Елбасына алғыс айтты және жан-жақты диалогтың әрі қарай нығая бере­тініне сенім білдірді.

– Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екіжақ­ты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара страте­гиял­ық іс-қимылын дамытуда ат­қарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте Сіздің зор еңбегіңіз бар, – деді Ресей Президенті.


* * *

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Бела­русь Республикасының Пре­зи­денті Александр Лука­шен­комен кездесті.

Кездесу барысында Елбасы құр­метті қонаққа «Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев Алек­сандр Лукашенконың инте­грациялық үдерістерді дамыту және Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

– Биыл Еуразиялық эконо­микалық одақтың осы жерде құрылғанына 5 жыл және өзім ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жария етілгеніне 25 жыл толып отыр. Сіз қолдау көр­сет­пегенде бұл ұйым құрылмас еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь халқына және оның көшбасшысы А. Лукашенкоға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

– Сізге кез келген мәселе бо­­йын­­ша қолдау көрсетуге әр­да­йым дайынмын. Сіз Беларусь Рес­публикасын жоғары деңгей­де дамытып келесіз. Сізді Қа­зақ­станның көрікті жерлерін тамашалауға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті.

Александр Лукашенко қонақ­­жайлық көрсетіп, марапат тап­сырғаны үшін Нұрсұлтан Назар­баевқа ризашылық білдірді.

– Беларусь халқына құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл – менің халқыма деген ыстық ықыласыңыз бен құр­метіңіз. Қазақстанның Прези­денті – лайықты азамат. Сіз дана шешім қабылдадыңыз. Қазақстандықтар басқа халық­тар сияқты тұрақтылықты баға­лай­тынына сенімдімін. Ең бастысы – еңбек. Еңбек етсең, нәтиже де болады, – деді Беларусь Рес­пуб­ликасының Президенті.


* * *

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республика­сының Прези­денті Сооронбай Жээнбеков­пен кездесті.

Кездесу барысында Нұрсұл­тан Назарбаев Сооронбай Жээн­бековке «Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті бауырлас екі халық ара­сындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Біз – бір-бірімізге жақын, бауыр­лас халықпыз. Мен Сіз­дің еліңізді жақсы білемін. Қазақ­станның алдағы уақытта да Сізді қол­дайтынына сенімдімін, – деді Елбасы.

Сооронбай Жээнбеков жоға­ры марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс ай­тып, Елбасының Орталық Азия халықтарының достығын нығайту ісіндегі ерекше рөлін атап өтті.

– Сіз Түркі әлемінің көшбас­­­шысы саналасыз. Сіз Ор­та­лық Азия елдерінің дос­ты­ғын нығайту ісіне зор үлес қос­ты­ңыз. Мен үшін қазақ халқы­ның Елбасынан орден алу – зор мәртебе. Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.