Көк теңіздегі кемелер шеруі
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:18
Ақтауда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл бір жағы Отан қорғаушылар күні өтетін алғашқы жауынгерлік шеруге дайындық деуге болады.
Тәуелсіздік алып, етек-жеңін қымтай бастаған Қазақстан осыдан 20 жыл бұрын қоғамдық тыныштықтың, экономикалық өсудің қалқаны ретінде Әскери-теңіз күштерін құрған болатын. Бұл жас мемлекетте жоқтан бар жасаған жаңа жұмыстардың бірі болды. Қиын кезеңде бұрыннан жосығы бар әуе және құрлық әскерлерін дамыту өз алдына, жаңадан әскер түрін қалыптастыру оңай болған жоқ. Офицерлер дайындап, жұмысты жолға қоюда қажетті инфрақұрылымның жоқтығы қолбайлау жасады.
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:18
Ақтауда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл бір жағы Отан қорғаушылар күні өтетін алғашқы жауынгерлік шеруге дайындық деуге болады.
Тәуелсіздік алып, етек-жеңін қымтай бастаған Қазақстан осыдан 20 жыл бұрын қоғамдық тыныштықтың, экономикалық өсудің қалқаны ретінде Әскери-теңіз күштерін құрған болатын. Бұл жас мемлекетте жоқтан бар жасаған жаңа жұмыстардың бірі болды. Қиын кезеңде бұрыннан жосығы бар әуе және құрлық әскерлерін дамыту өз алдына, жаңадан әскер түрін қалыптастыру оңай болған жоқ. Офицерлер дайындап, жұмысты жолға қоюда қажетті инфрақұрылымның жоқтығы қолбайлау жасады.
Қолға алынған осы салада тәжірибесі бар елдермен жүргізілген әскери-техникалық ынтымақтастық орайындағы келіссөздер көкжиекті кеңейте түсті. Қазақстандық флот АҚШ-тан келген катерлермен, Германия, Түркиядан келген шағын корабльдермен толықты. Мұқият жүргізілген жұмыс барысында Түркия, Ресей, Корея, Германия, Әзербайжан, Пәкстанда мамандар дайындала бастады, ірі елдермен түрлі ынтымақтастық келісімдерге қол жетіп, бірлескен оқу-жаттығуларға қатысуға мүмкіндік туды. Жақсы іс оңынан оралып, Оралдағы жаңаша күш жиып, жұмысын жандандырған «Зенит» зауыты ана тілімізде ат қойып, айдар тағылған, көк туды желбіреткен отандық кемелерді бірінен соң бірін Каспий айдынына аттандырып жатты.
Бүгінде еліміздің Әскери-теңіз күштері тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының сүбелі саласына айналды. Каспий теңізінің қазақстандық аймағында шекара тыныштығы мен тұтастығын қамтамасыз етіп, экономикалық мүдделерді қорғайтын Теңіз күштері, сонымен қатар, өз құзырына су асты диверсиясына қарсы қорғаныс, құрлықтағы әскерлер қимылын теңізден қолдау, өндірістік және азаматтық мақсатта сапар шеккен кемелерді жолға салу, мұнай өндіруге қатысты орындарды күзету, экологиялық апаттардың зардабын ауыздықтауға көмек беру, табиғатты қорғау сынды алуан міндеттерді жүктеген. Ақтауда әскери база ашылып, теңіз қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуде. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін теңізші мамандығына құмартқан жастар көбейді.
20 жыл ішінде осындай қалыптасу, даму сатыларын бастан өткерген Әскери-теңіз күштері өз мерейтойына үлкен дайындықпен келді. Жаңбыры сирек Маңғыстауда айтулы күні жаңбыр жауса «нұр жауды» деп жақсы ырымға баланады. Теңізшілердің мерейтойы күні де Маңғыстау даласына көктем бойы күткен жаңбыр ағыл-тегіл ақтарылды дейсің!
Мерейтой Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Ж.Жанұзақов, Қарулы Күштер ардагері, контр-адмирал Р.Комратов, өзге де сала офицерлері мен ардагерлері бастаған топтың Ақтау қаласындағы мәңгі алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлердің рухына тағзым етуімен басталды.
Жаңбырмен астаса мұнартқан көк теңіз жағасына келгенімізде, көз ұшында сап құрған кемелер керуені қарсы алды. Кең алаңда Ақтау гарнизоны салтанатты шеру жасады. Артынша дабыл қағылып, теңіздегі «Жайық» кемесін қарулы лаңкестердің «басып алғандығы» туралы дабыл түсті. Кемедегі 8 адамды «кепілге алған» лаңкестердің мақсаты – мұнай өндіретін кен орындарын жою болса, шамадан тыс талаптары да басшылық үшін оңайға түспеді. Сондықтан басшылық кемеге шабуыл әрекетін жасап, кепілдегілерді құтқаруға шешім қабылдады. Бұл жауапты тапсырманы орындау капитан Рахымғалиев басшылық ететін теңіз жаяу әскерлері арнайы мақсаттағы ротасына жүктелді. 2012 жылғы оқу-жаттығуда жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындығы бойынша үздік танылған рота көк теңіз үстінде жұлдыздай ағып, атой сала жүріп тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Кеме қара түтін құшағында қалды. Рота капитаны бас қолбасшыға кепілдегі теңізшілердің аман-есен құтқарылғандығы жайлы баяндады.
Тәуелсіз еліміз үшін ең басты қажеттілік – тыныштық. Тыныштықтың тірегі саналатын әскерилеріміз теңіз үстінде жат пиғылды көксегендерге оңай алдыра қоймайтынын осылайша танытты.
Жағалауға жақын жүріп өткен кемелер шеруі ақтаулықтардың қызығушылығын тудырды. Шеруде еліміздің Әскери-теңіз күштері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі жағалау күзеті бөлімінің кемелері сап түзеді. Шеруді ракета-артиллериялық «Қазақстан» кемесі бастады. Артынша ҰҚК шекара қызметіне қарасты шекаралық «Семсер» кемесі жүзіп өтті. Бұлардың екеуі де «Зенит» зауытында құрастырылып, заманауи техникалық жабдықтармен жарақтанған және жауынгерлік құрамға 2012 жылы алынған. Шеруді одан әрі жауынгерлік сапқа 2010 жылы тартылған «Жеңіс», осы сапта 2003 жылдан бері жүрген «Ақтау», 2002 жылы жауынгерлік атанған «Алматы» шекаралық кемелері мен Каспий теңізінің қазақстандық аумағында шетелдік қарақшыларға қарсы күреске арналған жылдам жүзетін «Егемен» шекаралық катері, сондай-ақ шағын күзет кемесі –«Өжет» жалғастырды. Шағын болғанмен, «Өжет» расында өжет-ақ екен. Ол Қара теңіз, Мәрмәр теңізі, Еділ-Дон каналы арқылы Каспий теңізіне дейін алыс жолды жүріп өтіпті. Артиллериялық және зениттік жабдықтар қондырылған кеме бірнеше рет халықаралық жаттығуларға қатысқан. Көрермендердің соңғы тамашалағаны «Жайық» кемесі болды. Каспий теңізінің қазақстандық секторы қауіпсіздігін бақылауға, теңіз астын зерттеуге арналған гидрографикалық кеме – еліміздің Әскери-теңіз күштеріндегі айтулы су көліктерінің бірі.
Қарулы Күштердің әскери техникалары көрмесі ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі А.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Ж.Жанұзақов, Қарулы Күштер ардагері, контр-адмирал Р.Комратов құттықтап, ел қорғанысының нығая түсуіне тілек білдірді.
Үздік жауынгерлер мен бөлімдер марапатталып, теңіз жаяу әскерлері қол ұрысы жауынгерлік өнерін ұсынды. Шекарашы, теңізші сарбаздар ән салып, ҚР ІІМ ән-би ансамблі ауқымды концерт берді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.
Суреттерді түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ.