Білім беру саласы қызметкерлерімен өткен жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев маман тапшылығын жою үшін еліміздің өзге өңірлерінен тәжірибелі мұғалімдерді шақыру қажеттігіне назар аударды. «Атырауға келіп, жұмыс істеуге ниетті педагогтерге барлық жағдай жасап, тұрғын үймен қамтамасыз етуге дайынбыз», деген аймақ басшысы маман іздеуді білім беру басқармасына ғана қалдырмай, жергілікті әкімдер өз ауыл-аудандарының мұғалімдермен қамтылуына атсалысулары керек екенін атап өтті. Аймақта, әсіресе орыс тілінде білім беретін мектептерде мұғалімдер жетіспейді. Облыс орталығының өзіне 336 орыстілді педагог керек.
Үш ауысымдық мектептер проблемасы да өзектілігін жоймай тұр. Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалада 13 үш ауысымдық мектеп барын айтқан болатын. Яғни, оқушылар саны белгіленген көрсеткіштен 14 800-ге артық. Мәселе толық шешімін табуы үшін 20 мектеп салынуы керек. Қазір төрт білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Жыл санап облыс орталығының ауқымы кеңейіп, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, халық саны артып келе жатқан тұста әлеуметтік нысандар қатарын да көбейту күн тәртібіне шығары анық.
Жасыратыны жоқ, ҰБТ қортындылары бойынша Атырау облысының көрсеткіші мақтанарлықтай дәрежеде емес. Бұл – алдымен білім беру саласы қызметкерлерінің біліктілігіне сын. Сала қызметкерлерімен кездескен аймақ басшысы қазіргі жағдай түбегейлі шараларды талап етіп тұрғанын атап өтті. «Оқу орындарында білім сапасының төмендеп кеткені туралы шағымдар көп. Саладағы жағдайды өзгерту керек, әр лицей мен гимназияға тексеру жүргізу керек», деді Н.Ноғаев. Егер мұндай ерекше білім ордалары тиісті талаптарға сай болмаса, жалпы білім беретін мектеп мәртебесін қайтарып беру қажет. Сондай-ақ өңір басшысы арнайы тұжырымдама дайындап, педагогтер мен директорларды аттестациядан өткізуді тапсырды.
Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысады, бірақ бұл саланы дұрыс білмегендіктен, ағаттықтар жиі кетеді. Бұл өз кезегінде сапасыз тауар алуға, оқу процесіне кері әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта мектеп директорының міндетін нақтылау жоспарланып отыр. Бұл жұмыс мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүйелендіру және орталықтандыру арқылы жүзеге асатын болады.
АТЫРАУ