Спорт • 29 Мамыр, 2019

«Ралли Қазақстан 2019» жарысының екінші кезеңі аяқталды

767 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлем кубогының кезеңдік сайысы санатына жататын «Ралли Қазақстан 2019» додасының екінші жарыс күні катарлық Нассер Салех әл-Аттия алдына жан салмады. Екінші орынды голландиялық Бернхард Тен Бринке иеленсе, польшалық Якуб Пшигонски үшінші сатыға табан тіреді. Бұл кезеңнің ұзақтығы 414 шақырымды құрады.

«Ралли Қазақстан 2019» жарысының екінші кезеңі аяқталды

Катардың жұлдызы Нассер Салех әл-Аттия (Nasser Al Attiya Team) осы кезеңде бірден ағарып алға шықты да, жарыс аяқталғанға дейін ешкімге дес бермеді. Есесіне екінші орын үшін талас өте шиеленісті өтіп, нәтижесінде Бернхард Тен Бринкенің (Overdrive Racing) бағы жанды. Ал Қазақстанның мықтылары – Андрей Чередников пен Игнат Фальков мәре сызығын сегізінші болып қиып өтті. Екі күннің қорытындысы бойынша жерлестеріміз әзірге тоғызыншы орынға тұрақтады.

Жол талғамайтын көліктердің T2 бәсекесінде қазақстандық «Aktau Motorsport» командасының мүшесі, «Жібек Жолы 2017» жарысының жеңімпазы Кирилл Черненков екінші кезеңде алдына жан салмады. Оның уақыты – 5 сағат 29 минут 7 секунд. Алғашқы күні жеңімпаз атанған Катардың тағы бір өкілі Мұххамед әл-Миир (Mohhamed Nasser Almeer) осы жолы жерлесімізден бақандай 16 минут қалып қойып, екінші орынды қанағат тұтты.      

Т3 көліктері додасында Бразилиядан келген Рейналдо Вареленің (MONSTER Energy Сan-Am) бағы жанды. Жүк көліктері сайысында «КамАЗ-мастер» командасының беткеұстары Дмитрий Сотниковқа тағы да тең келер ешкім табылмады. Оның экипажы белгіленген қашықтықты 4 сағат 17 минут 52 секундта жүріп өтті.  

«Ралли Қазақстан 2019» додасының келесі кезеңіндегі қашықтығы 450 шақырымды құрайды. Оның 327-сі түрлі кедергілерге толы арнайы участкілер.