Қолданыстағы заң бойынша, тек 2013 жылдың өзінде ғана прокуратура органдары ақтау жөнінде берілген өтініштің ішінен ОГПУ-НКВД органдарының шпионаж, диверсия, бандалық құрылымдарға қатысу сияқты ойдан шығарған айыптаулары бойынша сотталған 5 846 адамды ақтаудан бас тартқан.
– Құрметті Сабыр Ахметжанұлы, сіз ұзақ жылдан бері саяси қуғын-сүргін оқиғаларын зерттеп келе жатырсыз. Құрбандарды ақтау тарихы бойынша қысқаша не айтар едіңіз?
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жұмыстары адамзат тарихындағы ең қанқұйлы қанішерлердің бірі И.Сталин өлген кезден басталды. «Жылымық» деген атау алған бұл үдеріс Н.Хрущев өкімет басынан тайдырылғасын тоқтады. Брежнев пен оның командасы өкімет билігін қолға алған кезден бастап бұл процесті тоқтатып қана қоймай ішінара сталиндік саяси және идеологиялық құндылықтарды қайтадан жандандыруды қолға алды. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың екінші кезеңі М.Горбачевтің демократиялық реформаларының тұсында қолға алынды. Бұл жұмыстың негізгі идеологы А.Яковлев болған еді. Осы, 1988-1991 жылдары Қазақстанда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен сотталғандардың ісін қайта қарау жұмыстары жүргізілді. КСРО-ның құлауымен тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың үшінші кезеңі басталып, 2018 жылға дейін 350 мыңнан артық адам ақталды. Алайда, бізде қуғын-сүргін кешенді түрде зерттелмеді, ұлттық ерекшеліктері айқындалмады, құрбандардың негізгі категориялары белгіленбеді. Қазақстан тарихындағы елдің колониалдық және тоталитарлық кезеңдеріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымыз ақталмады. Сондықтан бізде саяси қуғын-сүргін құрбандары толық ақталды деп айтуға болмайды. Мәселен, тәуелсіз сарапшылардың деректері бойынша Кеңес империясының халыққа қарсы саясаты мен қылмыстық әрекетінің салдарынан 1916-1941 жылдар аралығында большевиктер қолдан ұйымдастырған аштықты қоса алғанда 3-3,5 млн қазақ қаза тапқан. Сол кезде Кеңес өкіметіне қарсы күресуге мәжбүр болған ерлердің көбі ақталған жоқ.
– Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін бойынша қандай концептуалды тұжырым жасауға болады?
– Қазақстандағы қуғын-сүргіндерге жасалған жан-жақты талдау еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен халқымыздың үздік ұл-қыздарының ұзақ уақыт бойы барынша жүйелі түрде аса аяусыз және қатыгез қуғын-сүргінге ұшырағанын көрсетті. Дәл осы адамдар патшалық отаршыл, сондай-ақ кеңестік тоталитарлық биліктің мемлекеттік машинасының тепкісіне түсті. Мен КСРО-ның соңғы 30 жылында қазақ халқына патша, әсіресе кеңес империясы жүргізген саяси қуғын-сүргіндерді зерттеп, осы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі бірқатар мемлекеттік комиссияларға қатыстым. Парламент депутаты болған кезімде Сенаттың Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын кешенді түрде зерттеп, ақтау жөніндегі комиссиясын құруға бастамашылық жасадым. Осы комиссияның жұмысын басқарып, әртүрлі материалдар жинадым. Ресейдегі және өз еліміздегі архивтерді зерттеп, Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасын, Ресей империясы мен Кеңес өкіметі басшыларының саясатын талдай келе патша мен кеңес империясының билеушілері қазақтарды ұлттық азаттығы мен мемлекеттік тәуелсіздігінен айыру мақсатында жүйелі түрде отарлап, қазақ халқын күшпен орыстандырды деген тұжырымға келдім. Егер кімде-кім бұл саясатқа қарсы шығып, қазақ халқының мүдделерін қорғайтын болса, ол сол сәтте-ақ империя басшыларының қас жауына айналды. Патшалық Ресейдің және кеңес билеушілерінің де жүргізген қуғын-сүргін және жазалау шаралары екі саяси мақсатты көздегенін көрсетеді.
Біріншіден, аз санды қазақ ұлтының табиғи азаматтық құқықтарын шектеу, екіншіден, халық ретіндегі ұлт-азаттық құқығын, туған жерін қорғау құқығын, ана тілінде сөйлеу құқығын, тәуелсіз ұлттық мемлекеті болу және онда тұру құқығын шектеп, Қазақстанға басқа ұлттарды жаппай және күштеп қоныс аударуға қарсы шығу құқығынан айыру. Бұл құқықтар ұлттық сананы басып-жаншып тастауға ұласты. Қазақ халқының озық ойлы ұлдары, қаһармандары бір ғасыр бойы осы саясатқа қарсы күресумен болды. Міне, осы қаһармандар түгел ақталуы және ұлықталуы қажет. Қазақстанның қазіргі ғылыми қоғамының міндеті бұрын тыйым салынған осы қаһармандардың істерін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуі керек. Өкінішке қарай, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заңды қабылдағанда және басқа да заңнамалық-нормативтік актілерді әзірлеу және қабылдау, ғылыми-зерттеулер кезінде қазақ халқына қатысты қуғын-сүргіннің осы қосарлы табиғаты, қосарлы мақсаты мен қосарлы мән-мағынасы (мазмұны) ескерілмей жүр. Сондықтан құрбан болған және зардап шеккен қаһармандардың көбі бұл заңда қамтылмаған. Ал олар біздің Отанымызды, жерімізді қорғаушылар. Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен, өзінің батырлығы үшін әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар.
– Өзіңіз айтқан осы қаһармандарды толық ақтау үшін не істеуіміз керек?
– Қуғын-сүргінге ұшырағандардың осы санатын толық ақтау үшін тәуелсіз Қазақстан Парламентінің депутаттары мен Үкіметі отандық және халықаралық мамандарды (ғалым-тарихшыларды, заңгерлерді, саясаттанушыларды) міндетті түрде қатыстыра отырып, «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» жаңа заң әзірлеп, қабылдауы тиіс. Сонда ғана, бізді осы уақытқа дейін адастырған мәселенің құпиясын ашамыз. Ол мыналарды қамтуы керек, біріншіден, патриотизмге, Отан үшін ерлік, батырлық ұғымдарына мемлекеттік өлшем шарттар (анықтамалар) беру қажет. Осы заңда пайдаланылуы қажет басқа да нормативтік терминдерге анықтама беру қажет. Екіншіден, қаза тапқан, сондай-ақ қазір көзі тірі күрескер-қаһармандардың мәртебесін, оның саяси-құқықтық, әлеуметтік жағдайын айқындау керек. Үшіншіден, қай тұлғаны және қандай ерлік әрекеті үшін күрескер-қаһарманға жатқызуға болатынын, қайсысын болмайтынын халықаралық стандарттар мен құндылықтарға сәйкес ғылыми тұрғыдан айқындау қажет. Біздің ойымызша, бұл заңда Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайту бойынша біздің азаматтарымыздың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар да көзделуге тиіс. Әр патриот билік тарапынан сенімді қауіпсіздікті, сондай-ақ Отанымыздың тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуды талап етуге және оған қатысуға хақылы.
Патшалық Ресейдің билеушілері өздерінің отаршыл-басқыншыл мақсаттарын жасырмай, жазалау акциялары мен қуғын-сүргіндерін ұлт-азаттық күреске белсене қатысқан патриот-қаһармандарға ашық қарсы бағыттаған болса, большевиктік-сталиндік билік пролетарлық интернационализм, таптық қайшылықтардың үстемдігі мен басымдығы, буржуазиялық ұлтшылдық секілді ұрандарды желеу етіп, ұзақ уақыт бойы өзі жүргізген қуғын-сүргіннің негізгі мақсатын жасырып келді. Сондықтан да сталиндік жазалаушылар қазақ халқының азаттығы, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресуші адам ретінде ресми айып тағып, соттаған бірде-бір қаһарманды, не қылмыстық істі таппайсыз. Олар жұртшылықты алдау үшін қылмыстық істерді қолдан жасау, іс-қимылдарына өтірік баға беру арқылы сол кездегі «сот» деп аталатындардың үкімі бойынша шет мемлекеттердің шпионы, бандалық құралымдардың мүшесі, буржуазиялық ұлтшылдар, «халық жауы» және тағы да басқа жалған айыптарымен атылды, асылды, сотталды.
Алаштың көзі ашық серкелері сонау 20-жылдардың өзінде осы айла-шарғы мен өтіріктің бүкіл қаупі мен салдарын жете түсініп, оның мән-мағынасын ашып көрсетті. Мəселен, аса көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанда басшылық қызметтерден шеттетілген Смағұл Сəдуақасов халқының басына төнген болашақ қасіретті алдын ала көріп, кеңес билігінің барлық басшыларына «өркениетті ұлттар кіші халықтарды құрту арқылы коммунизмге жетеді деген сөз ешқандай маркстік əдебиет пен білімде айтылмаған» деп жазады.
– Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, біз секілді отарлық езгіден құтылған басқа елдерде бұл мәселе қалай шешілген?
– Тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемдегі барлық дерлік мемлекеттер бірінші кезектегі мемлекеттік іс-шаралар қатарында өз халқының бостандығын қорғап, өз жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін және өз елінің тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалардың тағдырлары бойынша шешімдер қабылдады. Олар кеңестік империя құлағаннан кейін өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды «ұлттық батырлар» деңгейіне көтерді. Тіпті жаңа Ресейде де «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң, Ресей президентінің «Негізсіз қуғын-сүргін құрбандары болған дін қызметшілері мен дінге сенушілерді ақтау туралы» Жарлығы, «Қаза болған отан қорғаушылар туралы», «Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы» заңдар сияқты заңнамалық актілер және басқа да нормативтік актілер қабылданды. Осылайша, Кеңес өкіметінің құқықтық мирасқоры ретінде Ресей Федерациясы біріншіден, жүйелі түрде орын алған саяси қуғын-сүргін фактілерін және тіптен өздерінің ресейлік Отанын қорғаушылар ерліктерінің ұмыт болу фактілерін, екіншіден, аумағында болған көптеген халықтардың қуғын-сүргінге ұшырағанын мойындады.
– Ал біздің тәуелсіз елімізде ол қалай шешілді?
– Бізде де бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді, жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тарихи тұлғаларға ескерткіштер қойылды, көшелерге олардың аттары берілді, мемлекет басшыларының баяндамаларында айтылды, кітаптар жарық көрді, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді. Бірақ бұлардың барлығы академиялық және бір реттік сипатқа ие, жалпылама тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ атаулы даталарға арналған және салтанатты іс-шаралар, мерейтойлар форматында өткізілді. Мұндай шаралардың бастамашылары мемлекеттік билік органдары емес. Олар, әдетте, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, қандай да бір тұлғалар ұрпақтарының табандылық танытқан бастамасымен өткізілді.
Бірақ бізде Жоғарғы Кеңес қабылдаған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң негізінен Ресей заңынан көшіріп алынған. Ол Ресейде жүргізілмеген және жүргізілуі де мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргін кесірінен Қазақстанда құрбан болғандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын қамти алмады және оларға қолданылмады.
Ал орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, осыған қажетті заңдар қабылданбаған. Біздің нағыз қаһармандарымыздың аттары жеткілікті түрде дәріптелмей жатыр. Қажетті идеологиялық жұмыстың жоқтығы салдарынан олардың ерлігі, Отанға деген риясыз сүйіспеншілігі, шынайы патриотизмі біздің халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың санасынан лайықты орнын таппауда. Сол себепті олар өз батырларынан гөрі өзгенің, яғни Қазақстан жерінде өз насихатын күшейтіп отырған көрші мемлекеттердің мүддесін қорғаған батырлары туралы көбірек біледі. Бізде тіпті 372 халық көтерілісіне әлі күнге дейін мемлекеттік саяси-құқықтық баға берілген жоқ. Соның салдарынан осы көтерілістердің көптеген қатысушылары әлі күнге дейін ақталмай, бандалық құралымдардың қатысушылары болып қалып отыр.
Қолданыстағы заң бойынша, тек 2013 жылдың өзінде ғана прокуратура органдары ақтау жөнінде берілген өтініштің ішінен ОГПУ-НКВД органдарының шпионаж, диверсия, бандалық құрылымдарға қатысу сияқты ойдан шығарған айыптаулары бойынша сотталған 5 846 адамды ақтаудан бас тартқан. Біз өз тарихымыз бен көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтары мен гуманистерін мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потаниннің, Тимофей Сидельниковтің, Орест Шкапскийдің (Уақытша үкіметтің комиссары), Сергей Швецовтың (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көптеген адамдардың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтаған әрекеттерін қазақ халқы ұмытпау керек. Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында күрескендер арасында, мысалы, орыс ұлтының ғана емес, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар ұлты мен басқа да ұлттардың өкілдері аз болмаған. Мәселен, 1916 жылғы халық көтерілісі кезінде Ақмоладағы көтеріліс орталығы басшыларының бірі украин Афанасий Латута болды. Оның қол астына 30 мыңға жуық көтерілісші жиналған.
– Сіздің Мемлекеттік деколонизация бағдарламасын қабылдау керек деген ұсынысыңыз көптен белгілі. Оның қандай мақсаты бар?
– Мен отаршылдықты және оны салдарын зерттеуші ретінде 90-шы жылдардың соңынан халықтың орысшылдық құндылықтардан арыла алмай жүргеніне көзім жеткен соң Үкіметке арнайы «Отарсыздандыру бағдарламасын» қабылдау керек деген ұсынысымды жіберіп, талай жерлерде айтып жүрдім. Бұл бағдарламада өзіміздің ұлттық мүддемізді негізге алып, батыс және шығыс елдерінің прогрессивтік, демократиялық стандартына сай, жас қазақ мемлекетінің, халқымыздың қазіргі заманға қажет ұлттық құндылықтарға нормативті түрде жол ашып беруі керек еді. Әсіресе, тіл, дін, тарих тағы басқа қоғамдық, рухани салаларда. Сонда біз «Рухани жаңғыруды» ертерек бастап кетер едік.
Біз – отаршылдық қасіретіне басқа кеңестік республикаларға қарағанда көбірек ұшыраған халықпыз. Бізде осы күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылданбаған. Біздің ата-бабаларымыздың ерліктері, арамызда жүрген қаһармандарымыз да мемлекет тарапынан әлі қолдау таппай отыр. Мысалы, 70-жылдардан бастап Қазақстанның бостандығы үшін бірнеше мәрте сотталып, қудаланған Хасен Қожахметовтің ерлігі өз деңгейінде бағаланбады. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан азаматымыздың әлеуметтік жағдайы өте мүшкіл. Шаруа қожалығын ашып, табыс табайын десе, Алматы облысының әкімдері «Сен саясаткерсің!» деп жер бермейтін көрінеді. Бізде кейде, керісінше, негізінен отаршылдық саясат пен отаршыл режімдерге қызмет еткендер, қаһармандарымызды қуғын-сүргінге ұшыратуға белсене қатысқандар тұлға, көсем деп есептеледі. Өкінішке қарай, оларды ұлықтаймыз, ескерткіш қоямыз, көшелер береміз. Сонда өзіміздің жастарға қандай патриоттық тәрбие, үлгі көрсетпекпіз?
– «Қаһармандар» қорының жұмысы туралы да айта кетсеңіз.
– Біздің Қордың мақсаты көпэтносты халқымыздың бүгінгі және болашақ ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған, сонымен бірге, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» стратегиясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды идеологиялық жағынан қамтамасыз етуде Отанымыздың азаттығы мен бостандығы жолында жасалған ерлік пен батырлықтың нақты мысалдарын үлгі етуді мұрат етеді. Біз қолымыздан келгенше бірнеше бағытта жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қысқаша айтсам, ол бағыттар мынадай: Біріншіден, бүкіл республика бойынша Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескен құрбандардың барлық санаттарын анықтау. Бұл үшін өз Жарғымызға сәйкес, біз облыс орталықтарында Семей, Арқалық, Жезқазған сияқты қалаларда және жұртшылықтың сұрауы бойынша басқа да аймақ-өңірлерден филиалдарымыз бен өкілдіктерімізді ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Екіншіден, жаңа дербес заң жобаларына, мысалы, «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар туралы» заң жобасына бастамашылық жасау қажет, онда Қазақстан мемлекетінде кім және не үшін қаһарман болып есептелетіні, оның мәртебесі, оны құқықтық ақтау және оның ерлігін азаматтарымыздың есінде мәңгі қалдыру рәсімдері және тағы басқалары нақты жазылуға тиіс. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жүйелі түрде бастамашылық жасауды көздеп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»