06 Маусым, 2013

Момбеков мұрасы

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Момбеков мұрасы

Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:10

дәулескер күйшінің шәкірті Рымхан Әбілханұлының ыждағаттылығымен жеке диск болып тыңдаушыларға жол тартты

 

Бейсенбі, 6 маусым 2013 2:10

дәулескер күйшінің шәкірті Рымхан Әбілханұлының ыждағаттылығымен жеке диск болып тыңдаушыларға жол тартты

Шертпе күйдің шебері Төлеген Момбеков есімі өнерді қастерлейтін жұртшылыққа кеңінен  мәлім. Биыл осы талант иесінің туғанына 95 жыл толуына орай жер-жерде түрлі шығармашылық іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» ғимаратындағы осы жоғары оқу орнының аға оқытушысы Рымхан Әбілханұлының «Салтанат» күй кеші дер едік. Оған атақты жазушы Әбіш Кекілбайұлы, ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлнар Сейітмағамбетова мен Оразкүл Асанғазы және басқа да өнер сүйер жұртшылық өкілдері қатысып, күмбірлеген күй үніне құлақ тосты.

Өмір бойы Созақ өңірінде тұрып, сол жерде қайтқан Төлеген Момбеков мұралары іздеусіз, сұраусыз емес. Ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай оның туындыларын нотаға түсіріп, бірнеше оқулыққа енгізсе, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Біләл Ысқақов күйші мұрасын  арнайы зерттеп, шығармаларын кітап етіп бастырған екен. Бірақ халқымыздың асыл қазынасына айналған Төкеңнің күйлері осы кезге дейін бастан-аяқ жинақталып, жеке дискіде жарық көрмеген. Енді бұл олқылықтың да орны толғандай. Күйшінің 95 жылдығына орай Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Рымхан Әбілханұлы  Төлеген Момбековтің  29 күйін орындап, жеке дискісін шығарды. Осылайша, тыңдаушыларға арнайы тарту жасауы Рекеңнің өнер  жалғастығы ғана емес, ұстазына деген зор құрметі деп білгеніміз жөн.

Рымхан Әбілханұлы шертпе күйдің сырын сезініп, түбіне бойлауға талпынып жүрген жас кезінде Созақтағы Төкең ауылына арнайы барып, күйлерін үйреніп, өмір тарихынан хабардар болып, күйші мұрасына мықтап ден қойған екен. Төлеген Момбековтің өзі де шәкіртінің шеберлігіне, өнерге деген риясыз ынтықтығына риза болғаны шығар, 1992 жылы шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Шолаққорған аудандық мәдениет үйінде «Отырар сазы» оркестрі мүшелерімен кездескен сәтінде: «Құдайға шүкір, күйлерімді дұрыс тартып жүрген жастар бар. Олардың ішінде Рымхан балама ризамын», деген сөзі де осы кеште еске алынды.

«Бүгінгі тартылған күйлер залдағы тәрбиелі адамдардың өзін тәрбиеледі», деп кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі өнер зерттеушісі Әшірбек Сығай айтқан сөз осы кешке берілген әділ баға болды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА.

АСТАНА.