Бұл – Кеден одағы құрамына кіретін мемлекеттерге қойылған ортақ тәртіп. Алаңдайтындай негіз жоқ емес. Қазақстан сүт одағының мәліметінше, өңдеуге түсетін сүттің 50%-ы, яғни шамамен 700 мың тоннадай өнім Кеден одағының техникалық талаптарына сай болмай шықты. Сәйкесінше 2020 жылдан бастап өңдеуші кәсіпорындар бұл сүтті қабылдауды доғарады. БҰҰ-ның FAO ұйымы және ҚСО бірлесіп жүргізген талдау көрсеткендей, елдегі жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретін шикі сүттің тек 10%-ы ғана техникалық регламентке жауап береді екен. Сол себепті одақ мүшелері Қазақстанға жағдайды реттеуге уақыт берген. Алайда бұл лимит 7 айдан кейін тәмамдалатынын естен шығармаған абзал. Сондықтан да жауапты ведомстволар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да салалық органдарды тартып, елдегі аграрлық құрылымдармен бірге түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатыр.
– Ресей мен Белоруссияға қарағанда, Қазақстанда тауарлы сүт фермаларының саны әлі де аз. Бізде бұл бағыт енді жанданып келеді. Елде өндірілетін сүттің дені жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Жағдайды жөнге келтіруге екі жылдай уақыт берілді. Биыл – соңғы жыл. Сондықтан үлгеруіміз қажет. Техникалық регламент екі бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, 033-ші – бұл сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі турасында болса, 022-ші – өнімді таңбалауға қатысты. Жалғыз сиырына қарап, күнін көріп отырған адамдарға айтарымыз, қарапайым санитарлық ережелерді сақтау керек. Пластмассалық шелекте сүтті сақтауға болмайды. Сүзгіден бірден өткізіп, оны салқындатқан дұрыс. Барлық нормаларды сүт қабылдайтын пункттердің мамандары түсіндіріп береді. Бұл – олардың міндеті. Ал ірі сүт өндірушілерге айтар уәжіміз жоқ. Ол жақта талап жолға қойылған, – дейді Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
Айта кетейік, сүт өндірушілерге арналған семинар елорданың іргесіндегі Родина ауылында өтті. Оның өзі тегін емес. Мұнда осы саланың көшбасшысына айналған әйгілі «Родина» агрофирмасы орналасқан. Оның жұмысы сүтті өндіруден бастап, дайын өнімді шығаруға дейін толық циклға қойылған. Тауарлы сүт фермасындағы сауын сиырдың саны 2 мың бастан асады. Күнделікті сауылатыны 1500-1800-дің аралығында. Дені голштин-фриз төлі. Тәулігіне 50 тоннадай сүт өндіріледі. Жұмысты «Елочка» сынды автоматтандырылған сауын қондырғысы жеңілдетуде. Агрофирма бас шаһар мен Ақмола өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтып келеді. Күн сайын шаруашылық астанаға 40-45 тонна сүт және сүт өнімдерін тасымалдайды. Серіктестіктің кәсібіне қаныққан Бүкілресейлік сүт өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының өкілі, техника ғылымдарының докторы Ирина Макеева, егер де барлық қазақстандық фермерлер жұмысты тура осылай жолға қойса, ешбір талап оларға тосқауыл болмайтынын айтады. Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, Ирина ханым жоғарыдағы айтылған техникалық регламенттің негізін қалағандардың бірі. Мүмкіндікті пайдаланып, оның басты артықшылықтарын сұрап көрдік.
– Тұтынушы тауардың этикеткасына дұрыс мән беру керек. Ал тауар өндіруші техникалық регламентті сақтауы тиіс. «Оған не кіреді?» десеңіз, сүтті тасымалдау ережесі, тасымалдау кезіндегі температуралық режімнің сақталуы, дүкен сөрелері де соған лайықтап жасалғаны артық болмас. Фермерлер және өндірушілер сүт саласындағы проблемаларды шешу үшін бірігуі қажет деп есептеймін. Сонда ғана барлық талаптар мінсіз орындалады. Кеден одағының шикі сүтке қоятын тәртібі Ресейде толыққанды енгізілді. Біз қазақстандық әріптестерімізбен өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді Ирина Макеева.
Жыл соңына дейін республиканың барлық өңірлерінде фермерлерді оқыту көзделген. Осы мақсатта арнайы анимациялық фильмдер, сол секілді әдістемелік материалдар дайындалыпты.
– Әлбетте шаруаларды қолдау қажет. Онсыз болмайды. Өңдеуші кәсіпорындар мен фермерлер өзара тәуелді серіктестер екенін жақсы түсінеді. Егер де ертең шикі сүт ортақ талапқа сай болмаса, шаруашылықтар шығынға ұшырайтыны даусыз. Көптеген ауылды жерлерде сүт өндірісі басты табыс көзі болып саналады, – деп ойымен бөлісті «Зеренді сүті» фермерлік шаруашылығының басшысы Әлия Таранова.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»