Жапон поп мәдениетінде тұтас бағытқа айналған монстрлар (Годзилла, Мотра, Родан, Кинг Гидор) күресі алпыс жылдан бері небір шығармаларға арқау болып келеді. Майкл Догертидің режиссерлігімен жарыққа шыққан америкалық фантастикалық боевик 2014 жылы түсірілген Годзилла фильмінің жалғасы. Кинотуынды сюжеті Годзиллаға арқа сүйеген адамдар мен әлемді қиратуға бет алған патша Гидор мен оның жақтастарына қарсы қырғи-қабақ күресіне құрылған. Алғашқы түсірілу жұмыстары 2017 жылы 19 маусымда Атлантада басталып, кей жекелеген бөлімдері Мехиконың тарихи орталықтарында жалғасты. Режиссер бас персонаж Годзиллаға құдайлық сипат үстеуді қалап, жыртқыштық айбарын асыру үшін тырнақтары мен аяғын бірнеше есеге үлкейтіп, дауысын зорайтқан. Оның айтуынша, бұл 1954 жылғы түпнұсқа образға біршама жақын.
Ал фильмнің партитурасы композитор Беар Маккририге жүктелді. «Жобаға қатысуға шақырту алғанда қатты таңдандым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Сүйікті монстрларымыз үшін музыканың бар мүмкіншілігін пайдаланамын», дейді ол. Туындының жарық жұлдыздары – Вера Фармига, Кэн Ватанабэ, Салли Хокинс,Чжан Цзыи және өзгелер. Картина көрнекілігі мен музыкалық сүйемелдеуі, экшн-сахналары тұрғысынан сыншылар тарапынан оң бағаға ие болды.
31 мамырдан бастап АҚШ пен Канаданың 4100 кинотеатрында көрсетіліп, алғашқы демалыс күндерінде-ақ 55-65 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс түседі деп болжанып отыр. Алдыңғы фильмнің нақты бюджеті айтылмағанымен, 160 млн АҚШ доллары жұмсалғандығы ұзын құлақтан естіліп қалған болатын. Режиссер Гарет Эдуардс түсірілім тобы 400 адамнан тұратын мұндай үлкен бюджетпен жұмыс істеу әдеттен тыс болғанын мойындаған еді.