Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы анықталды

1065 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2013 жылдан бері ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып келе жатқан сайысқа 17 отбасы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Солтүстік Қазақстанда «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы анықталды

Мәдени шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен бүгінде  дәстүрге айналып, жас ұрпақ үшін өнеге-тағылымы мол конкурстың тәрбиелік маңыздылығын атап өтті.

«Ел деп келген бауырлар», «Ана жүрегінің жылуы», «Ұрпақ сабақтастығы», «Шебердің қолы ортақ», «Туған жерге туыңды тік»  аталымдарына Нұрсейіт, Нүсіпов, Ескендіров, Қасымов, Топаев отбасылары ие болды.

Бірінші орынды Айыртау ауданының намысын қорғаған Ушаков, ал екінші, үшінші орындарды Машиков пен Шатарбай  отбасылары жеңіп алды.

Гран-при бас жүлдесі  уәлихановтық Мұхамедияровтар отбасына тапсырылды. Отағасы  Болат Қазыұлы  энергетика саласында 31 жыл еңбек еткен. Ол құдай қосқан қосағы Мафруза екеуі  алты ұл тәрбиелеп өсірген. Бір ұлы  «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты. Бір ұлы  Біржан сал атындағы музыкалық колледждің директоры. Қалған ұлдары мен немерелері де шетінен өнерлі, әнші, биші, күйші. 

«Отбасылардың қай-қайсысы болсын құрметтеуге әбден лайық. Мені  басқа ұлттың екі баласын бауырына басқан Топаевтар отбасының ісмерлікпен айналысатыны, ұлттық бұйымдар жасайтыны қатты қызықтырды. Бір шаңырақ астында ширек ғасырға жуық түтін түтетіп келе жатқан Қанафиндер  төрт жетім баланы тәрбиелеп отыр. Оңтүстіктен көшіп келген  Нұрсейіттер отбасы  орыс мектебінде қазақ сыныптарының ашылуына ұйытқы болған. Ерлі-зайыптылар ұстаз болса да, қосалқы шаруашылықпен айналысады», дейді іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы, қазылар алқасының мүшесі Бақытжан Сәмиева.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тарту етілді.