Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Талдықорған әкімдігінің «фронт-офисі» ашылды

1189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тұрғындарға қолжетімді болуына барлық жағдай жасалуда. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен түрлі деңгейдегі әкімдіктердің «фронт-офистері» ашылуда.

Талдықорған әкімдігінің «фронт-офисі» ашылды

Талдықорған қаласының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Open space қағидасы бойынша жұмыс істейтін Талдықорған қаласы әкімдігінің «Фронт-офисін» ашу жобасы қолға алынды. Жобаны «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов таныстырды. Қала әкімінің айтуынша, бұл кеңседе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сияқты қаладағы ең сұранысқа ие органдарының өкілдерін орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар, кеңседе электронды кезек, ыңғайлы орындармен күту залы, кондиционер, суға арналған диспенсер және ақпараттық теледидар сияқты қолайлы жағдайлар жасалады. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қоңырау шалу, пандус, гигиеналық бөлмелер орнатылған, Брайль шрифтінде жазылған тақтайшалар да жоба бойынша көзделген.

Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев: «Фронт-офис» ашу мақсаты - мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдарды бір жерге  шоғырландыру және қызмет алу кезінде азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады», - деді.

Жалпы, бұл «фронт офис» жобасы тұрғындарға қаланың әр түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздестірмей, бір ғимаратта мемлекеттік қызметтер мен қажетті кеңестер алуға мүмкіндік береді.