Аймақтар • 31 Мамыр, 2019

Шымкент: Жастар мәслихатына кандидаттардан құжат қабылдау басталады

941 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте Жастар мәслихатына кандидаттардан құжат қабылдау басталады. Осыған орай мәслихатқа мүше болған азаматтар қала жастарының өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстар жолдайды. Жастар мәслихатына Шымкент қаласының аумағында тұратын 14-28 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мүше бола алады. Жалпы, мәслихат 29 жас депутаттан құралып, өкілеттілігі екі жылға созылады. Бұл туралы Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының мамандары хабарлайды.

Шымкент: Жастар мәслихатына кандидаттардан құжат қабылдау басталады

Жастар мәслихатына кімдер кандидатурасын ұсына алады? Оған қандай құжаттар қажет?

1. Кандидаттардан құжаттарды қабылдау 3-12 маусым күндері аралығында жүреді. Белгіленген 10 күннің ішінде төмендегі құжаттар Google формасы арқылы қабылданады:    
-куәлік;
-өмірбаян;
-жетістіктері;
-эссе;
-бейнеролик;
-ұсыным хат;     
-мекенжай туралы анықтама;

Сондай-ақ сайлау комиссиясы Instagram әлеуметтік желісінің @resurstyq_ortalyq парақшасында кандидаттардың бейнероликтерін жүктейді. Нәтижесінде бейнеролик 2 000 онлайн лүпіл жинауы қажет. Егер түрлі себептерге байланысты әлеуметтік желіге тіркелмеген азаматтар болса, олар 500-ден аса қол жинау керек.

2. Ал 13-15 маусым күндері үміткерлерге Telegram (t.me/jastarmaslihaty) әлеуметтік желісі арқылы дауыс беріледі.

Дауыс беру нәтижесінде Жастар мәслихатына 29 депутат, ал резервке 11 депутат көпшілік дауыспен анықталады. Аталған тәртіптің заңдылығын сайлау комиссиясы қадағалайды.

Шымкент қалалық Жастар мәслихатына тіркелу формасы 3 маусымда жарияланады.

Анықтама тел: +7 701 381 2892