Саясат • 31 Мамыр, 2019

Ынтымақтастыққа қуатты серпін береді

1047 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгін астанамызға Еуропалық Кеңестің Президенті Дональд Туск ресми сапармен келді. Ол елімізге жасаған сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер өткізеді.

Ынтымақтастыққа қуатты серпін  береді

Душанбеден кеше түнде көтеріңкі көңіл күймен келген Д.Туск өзі  қарсы алушыларға атап өткендей шыңдалған марафоншыдай сезімде екен, әрі осынау  ақ ниетті сапары Еуропалық Одақпен әріптестігімізді нығайту үшін ерекше мәнге ие болып, тараптар арасында өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды кезеңге айналмақ.

Жоғары деңгейдегі кездесулер барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралатын болады. Тараптар Елбасының «Үш Д» бастамасынның үш деңгейдегі диалогтарын орнату, Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақтың жаңа стратегиясын қабылдау мәселелері аясында ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуі, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің маңызды тармақтары - Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланыс пен көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерінен бастап, климаттың өзгеруі мен жаһандық жылыну және осы қатерлерге ден қою шаралары туралы мәселелерді талқылайды деп күтеміз.

Әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі болып саналатын және 80 мемлекеттің басты сауда серіктесі болып отырған Еуропалық Одақтың мәртебесі  осы сапардың маңыздылығын байқатады. Еуропалық Одақ Қазақстан үшін де осындай маңызды серіктес. Өйткені біздің сыртқы сауда айналымымыздың 50% астамы және экономикаға салынған шетелдік капиталдың 48% Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Соған сәйкес, өтетін келіссөздердің күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары да көрініс табады.

Сонымен қатар  мәртебелі мейман  визитінің еуропалықтардың әлемдегі ең ірі  интеграциялық  бірлестіктің болашағын анықтаған Еуропалық Парламент сайлауы өткен соң және біздің елімізде өтетін тарихи президент сайлауы қарсаңында ұйымдастырылуы сапардың маңыздылығы мен символикалық мәнін арттырып отыр.

Сондықтан да бүгін біздің Еуропалық Одақпен ынтымақтастығымыздың және оның өңірмен өзара қарым-қатынасының тарихына көз жүгіртумен қатар, болашағына да үңілгеніміз орынды болар еді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ дипломатиялық қарым-қатынастарын ширек ғасыр байланыстырады. Еуропалық Одақ Қазақстанның егемендігін ел тәуелсіздігінің алғашқы айларында мойындаған. Серіктестік пен ынтымақтастық туралы алғашқы шартқа 1995 жылы қол қойылып, ол 1999 жылдан бері қолданылуда.

Біздің табысты ынтымақтастығымызды ең мәртебелі және жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың айқын прагматизмі, қарқынды серпіні және қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы айқындайды. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда осы қысқа мерзім ішінде еліміздің Тұңғыш Президентінің парасатты пайымы мен стратегиялық бағытының арқасында өзара байланыстарды бекемдеп әрі одан әрмен кеңейте түсу бағытында  сан қырлы іс-шаралар атқарылды.

Сөз басында атап өткеніміздей, Еуропалық Одақ көптеген жылдар бойы Қазақстанның басты сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі болып келеді. Қазақстанның ЕО-ға мүше 28 елмен 2018 жылғы сауда айналымы 37 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 31 млрд АҚШ долл., импорт – 6,7 млрд АҚШ долл.), бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 23% жоғары. 2018 жылы Еуроодақтан тікелей инвестициялардың ағыны 11,6 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2017 жылға қарағанда 18,4% көп.

Орта Азия елдері ішінде Қазақстан бірінші болып ЕО-мен кеңейтілген әріптестік деңгейіне көтеріліп, 2015 жылдың желтоқсанында 300-беттік  тиісті келісімге қол қойғаны, айтарлықтай жағдай. Бұл, алда тұрған мәселелерді шешуге, екіжақты іс-әрекеттің нақты тетіктері мен жүйелерін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. ҚР мен ЕО екіжақты қарым-қатынастарында негізгі рөлді атқаратын бірнеше ерекше маңызды бағыттарды атап өтуге болады. Олар – ауыл шаруашылығы, инновациялар, қаржы, білім, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологиялар, қауіпсіздік және көлік салалары. Қазақстан және ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің 27 елі ратификацияланған, сондай-ақ Еуропарламент мақұлданған, бұл келісім бүгін ішінара және уақытша қолданылып отыр.  Оның толықтай күшіне енуі үшін 28-інші ел – Италияның ратификациялауы ғана қалды - бұл жақын арада аяқталатын іс және болашақта біздің қарым-қатынастарымыз осы келісім қамтитын барлық 29 салада қазіргіден де сапалы деңгейге шығады деуімізге толықтай сенім бар.

Осыған орай, Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың ұқсас жаңа перспективалары ашылуда.

Биыл 15 мамырда Еурокомиссия «ЕО және Орталық Азия: тығыз әріптестікке жаңа мүмкіндіктер» деген Біріккен коммюникені қабылдады, онда ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі жаңа Стратегиясының басты элементтері қамтылған.

Соңғы жылдары еуропалық әріптестерімізбен және аймақтағы көршілерімізбен ай сайын консультациялар өткізу негізінде біз осы оқиғаға байланысты тынымсыз еңбектеніп, дайындалдық. Алдағы 10-15 жыл үшін ЕО-ОА форматында жүргізілетін негізгі жұмыстарды қамтитын жаңа Стратегияның ережелерін жіті талқыладық.

Бүгін біздің біріккен күш-жігеріміз өз жемісін әкелді деп айтуымызға болады. Еуропалық Одақ шын мәнінде аймақтағы барлық елдердің саяси, экономикалық тұрақты және қауіпсіз дамуына мүдделі әрі сенімді серіктесіміз болды.

Стратегияның «Тұрақтылық» пен  «Өркендеу» тақырыптарында екі негізгі бағытын атап өткен жөн. Олар Қазақстан үшін бірдей деңгейде маңызды.

«Тұрақтылық» тақырыбы шеңберінде ЕО сыртқы және ішкі сын-тегеуріндерді еңсеру, реформаларды жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандыруды жоспарлауда. Атап айтқанда, ЕО Орталық Азия елдерінің бір бірімен және Еуропамен саяси диалогын жандандыруға жәрдемдесуге, қауіпсіздік, терроризммен, есірткі тасымалымен күресу және заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұру салаларында іс-әрекетті нығайтуға ниетті. Кең мағынадағы қауіпсіздік тұрғысынан ЕО Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша ОА елдерінің күш-жігеріне мейлінше көмек көрсетеді. (Алдағы уақытта іске асырылатын Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындарында ауған әйелдері үшін білім беру бағдарламаларының ЕО тарапынан қаржыландырылуы – іске асырылатын бірнеше тетіктердің тек бірі ғана).   

Белгілі болғандай, ЕО-ның Орталық Азия бойынша бірінші стратегиясының, соның ішінде ОА шекараларын басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы  (BOMCA) және Орталық Азия үшін есірткі бойынша іс-қимыл бағдарламасы (CADAP) сияқты қолданыстағы тетіктер жақсы жағынан көрсетіле білді.   Біздің еуропалық әріптестеріміздің осы бағдарламаларды жалғастырумен шектелмей, оларды айтарлықтай кеңейту бойынша шешім қабылдауы қуантарлық жағдай. Бұл Брюссельде өткен ЕО-ОА Жоғары деңгейдегі диалог шеңберінде белгілі болды.  

Қоршаған ортаны қорғау, жаңғыртылатын энергия көздері, энергиялық тиімділік және су ресурстарын меңгеру салаларындағы ынтымақтастық  Страгетияның маңызды тетіктері  болып табылады.

«Өркендеу» тақырыбы экономикалық реформаларға жәрдемдесуді, орталық-азиялық елдерінің бір бірімен және Еуропамен өзара сауданы  жандандыруды, іскер топтар арасындағы диалогты жандандыруды, жеке кәсіпкерлікті қолдауды, ОА елдерінің ДСҰ мүшеліктеріне көмектесуді, өңірдің Еуропамен өзара байланысын нығайту және дамытуды, сондай-ақ білім және мәдениет салаларында кешенді ынтымақтастықты көздейді.

Қазақстан ЕО-мен өңірлік форматтағы ынтымақтастықтың қолдаушысы ретінде құжатқа мазмұндық жағынан өзінің үлесін қосқанын айтып өткім келеді. Бұған еліміздің іскер және сарапшылар қоғамдастықтары жұмылдырылды. Біздің жаңа Стратегияға жолдаған пікірлеріміз бүкіл өңірге маңызды бағыттарды қамтыды. Олар жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергиялық тиімділік және қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану. Қазақстан өңірдің адами капиталын сапалы нығайту және, тиісінше, білім және ғылымға жаппай қолдау көрсету қажеттілігіне  аса назар аударды. 

Сонымен қатар, біз цифрландыруға және әйел кәсіпкерлігінің әлеуетін нығайтуға басты назар аударуды ұсындық. Құжаттың авторлары Стратегияға қазақстан тарапының барлық ұсыныстарын енгізуге тырысқанын атап өтті.

Шынында да, бұл құжат ЕО-ның аймағымызбен қарым-қатынастар бағытындағы басымдықтарының айқын стратегиялық көрінісі болып табылады және бұл басымдықтарды жүзеге асыру үшін көптеген нақты бағыттар, мақсаттар мен механизмдерді қамтиды. Сонымен қатар, стратегияның мазмұндық толықтыру, оның практикалық іске асыру, сондай-ақ көрінуін арттыру бойынша ұсыныстарымыз құжатта орын алды.

Стратегияны жүзеге асырудың құралдары мен тетіктері, әсіресе даму бағдарламасы оны табысты іске асыруға әсер ететін негізгі элементтері болып табылады. Сондықтан келесі маңызды қадамдардан бірі бұл жаңа стратегияны іске асыру. Жаңа ЕО бағдарламалық құжатты жүзеге асыруда, көптеген жылдар бойы жинақталған тәжірибені қайта қарау, күштерді біріктіру және практикалық әсерді арттыру мүмкіндігіне иеміз.

Биылғы жылдың соңына дейін жоғарыда аталған 2007 жылдың мамыр айында қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша бірінші Стратегиясы қолданыста болады. Ол тұрақты саяси диалогқа жол ашып, заң үстемдігі, білім беру және қоршаған ортаны қорғау сияқты негізгі бастамалар бойынша ынтымақтастықты нығайтты.

Жалпы алғанда 2007 жылы Стратегия біздің аймақпен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын реттеді, бірақ ол қазіргі деңгейге және оның даму динамикасына сәйкес келмейді. Ол көмірсутегі шикізаты мен басқа да минералды ресурстардың өндірісін ұлғайтуды ескере отырып, аймақтағы елдермен ЕО ынтымақтастығының белсенді өсуіне, сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру қажеттілігіне байланысты қабылданды. Қазіргі Стратегия Еуропалық Одақтың жеті жылдық бюджеттік циклі шеңберінде қаржыландырылатын тиісті аймақтық және екіжақты бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады, ал 2014-2020 жылдарға арналған бюджет шамамен 1,1 млрд еуро құрайды. Атап айтқанда, білім беру саласын қолдау үшін 454,2 млн. еуро бөлінді.

Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі 2021-2027 жылдарға жаңа бюджет циклына нақты жобаларды енгізу бойынша еуропалық тараппен белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, қымбат жобаларға гранттар бөлудің орнына, қаражатты тиімді және кеңінен пайдалану үшін, ЕО елеулі практикалық артықшылықтарға ие салыстырмалы түрде арзан жобаларды қолдауға тырысады.

17 маусымда Еуропалық Одақтың мүше мемлекеттердің сыртқы істер ведомстволары басшыларының деңгейінде Стратегияның соңғы мақұлдауын күтүдеміз. Осыдан кейін ЕО-Орталық Азия қарым-қатынастың сапалы жаңа деңгейіне көшудің әлеуеті бар, осы құжаттың практикалық іске асырылуы басталады.

7 шілдеде Бішкекте Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволарының басшылары мен Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могеринидің қатысуымен ЕО-ОА Министрлер конференциясы барысында құжат ресми түрде ұсынылады деп жоспарлануда.

Қорытындылай келе, Еуропалық Одақтың Орталық Азия аймағына бағытталған жалпы тікелей шетел инвестицияларының жалпы сомасының 80% Қазақстанға келеді. Әрине, осы үрдіс жалғасын табады деп үміттенеміз. Сонымен бірге Еуроодақтың аймақтағы көршілерімізге өз экономикаларын қалыптастыру және дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өңіріміздің ең маңызды құндылығы болып табылатын адами капиталды одан әрі нығайтуға белсене үлес қосатынына мүдделілік танытудамыз.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынаста олардың болашаққа бағытталған  бірлескен мұраты мен  мүдделерінің ортақтығына негізделген  нақты көзделген  перспективаға ие. Қазірдің өзінде халықтарымыздың  әл-аухатын жақсарту үшін бірлесе жұмыс істеу ең басты  ұстаным болып саналатын қарым-қатынастарымыздағы  сабақтастықтың, болжамдылықтың,  прогреске ұмтылыстың сақталып  отырғанын атап өтуге болады.

Дональд Тусктың бұл сапары мен еліміз басшылығымен келіссөздері сөзсіз біздің ынтымақтастығымыздың нақты бағыттарын айқындауға ықпал етеді және оған жаңа қуатты стратегиялық серпін береді.



Роман Василенко

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары