«Қазақ ұлтының бір перзентімін»
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:33
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, дүнген этномәдени бірлестігінің басшысы Әбдікәрім Мұсаевтың киелі Жайық топырағына қоныс тепкеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Атасы Мұсаның ұлты дүнген болса, әжесі Гүлайым қазақ қызы екен. Жастайынан қаракөздермен етене араласып, бауыр басқан Әбдікәрім аға өзін «осы ұлттың бір перзентімін» деп сезінеді.
Сәрсенбі, 24 сәуір 2013 2:33

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, дүнген этномәдени бірлестігінің басшысы Әбдікәрім Мұсаевтың киелі Жайық топырағына қоныс тепкеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Атасы Мұсаның ұлты дүнген болса, әжесі Гүлайым қазақ қызы екен. Жастайынан қаракөздермен етене араласып, бауыр басқан Әбдікәрім аға өзін «осы ұлттың бір перзентімін» деп сезінеді.
– Орал жаққа 1977 жылы келдік, – деп бастады әңгімесін Әбдікәрім Әлиұлы. – Жамбыл облысының тумасымын. Фрунзедегі политехникалық институтты бітірген бойда Зеленов ауданына жолдамамен жұмысқа келдім. Өзімді жақсы қырынан көрсеттім білем, көп ұзамай облыстық тұтынушылар одағының басқармасы Шыңғырлауға жіберді. Өмірімде көріп-білмеген Шыңғырлау жерінің табиғаты тіптен тамаша екен. Негізі, Қазақстанның қай өлкесі де керемет қой. Өзім туып-өскен Жамбыл өлкесі секілді жасыл желегі жайқалған мекеннің халқы да қонақжай болып көрінді. Әп-сәтте баяғыдан білетіндей жақындасып кеттік. Түннің ішінде есігіміз айқара ашық жататын. Есікті кілттеу дегенді білмеуші едік. Ауыл-аймақпен мидай араласып, дәм-тұзымыз жарасты. Тіпті ұзақ жылдар бойы олар менің дүнген екенімді білмеді. Ешкімді жатырқамайтын көпшіл мінезім ел-жұрттың көңілінен шықты.
Табиғаты сұлу өлкеде зайыбы Бибігүлмен ұл-қыз өсіріп, шаңырақтың шаттығын нұрландырып, «терезесі тең, керегесі кең» өмір сүрді. Балалары Шыңғырлаудың мектебінен білім алды. Сөйтіп, жұмыс бабымен Орал қаласына қоныс тепті. Қайда да Қазақстанның гүлденуін, құлпыруын ойлап қам жейтін азамат өз күшімен «Бибігүл» мейрамханасының іргесін қалады. Жан жарының атымен аталатын сәулетті ғимарат бүгінде шаһарымызға сән берсе, екінші жағынан нарықтың жүгін көтеріп, экономикалық ілгерілеуімізге өз септігін тигізуде. Қазір бұл мейрамхана біраз адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың уақтылы жалақысын төлеп, халықтың әл-ауқатын арттыруда, ел-жұртқа дүнген асханасынан дәм ұсынуда еңбекқор кәсіпкер алдына жан салмайды.
Әбдікәрім ағаның отбасы о бастан татулықтың тірегіне айналып, бірліктің берекесін сақтап келеді. Өзінің айтуынша, Қытайда туып-өскен атасы Мұса ұлты қазақ Гүлайыммен ұзақ жылдар сәнді де мәнді өмір сүрген. Олардың ұрпақтары, яғни Әбдікәрім ағаның әкесі Әли мен анасы Семей дүнгендер болған.
– Қазір үлкен кісілердің бәрі о дүниелік болды. Бізді қазақша дүнгендер деп атаса, Қытайша хуэйцзу «хуэй» халқы деген екен. Арғы ата-бабаларымыз қытайда туыпты. Үйдегілер кішкентайымыздан бізге: «Қайда тусаңдар да сендер мұсылмансыңдар. Ислам дінін ұстанып, Ислам мәдениетінің мұрагері боласыңдар. Өзбек, қазақ, қырғыз, дүнгендер Құдай берген мұсылмандар» деп айтып отыратын, – дейді.
Ынтымағы жарасқан отбасының жапырағы жайылып, бүгінде ата-бабаларының салтын сақтап келеді. Қазақ халқының да ежелден бергі дәстүрін қадір тұтады. Ұлыстың ұлы күндері олар үшін үлкен той. Көпшіл, ұйымшыл отбасында ұл-қыздары Тахир, Бақтияр, Шахмина, Әлилер ержетіп, үйлі-күйлі болып, еліне адал еңбек етуде. Үлкен ұлдары Тахир кіндік қаны тамған Жамбыл жақта тұрады. Ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның қайын атасы дүнген, қайын енесі қырғыз көрінеді. Ұл-қыздарым Сұлтан, Әмір, Карина, Айша деген немере сүйдірді деп мақтанып қояды ағамыз. Ал орыс халқынан қыз алған Бақтиярдың да тұрмысы жақсы. Елбасының туған күнімен орайлас келген соң жақсы ырымға балап, дүниеге келген бір немересіне Нұрсұлтан аталарының есімін беріпті. Бақытты, шатты Мұсаевтар әулеті осылайша ұлтаралық татулықтың, достықтың алтын көпірін жалғап отыр.
– Қазір жасым алпыстың жетеуіне жетті. Кемпірім Бибігүл екеуміз баяғыда мектепте бірге оқып едік. Институтты да бірге тәмамдадық. Содан бері қол ұстасып, бір шаңырақтың астындамыз. Егер елімізде тыныштық пен бейбіт заман болмаса, осылай ел қатарлы жүрер ме едік. Осы Оралда Абдоллаев, Кәрімов, Исмайлов, Омаров сынды дүнген отбасымен көптен араласамыз. Ел азаматы Сатыбалды Ахметовпен жан доспын. Қызмет бабымен басталған таныстығымыз кейін үлкен достыққа жалғасты. Бәріміз де еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүрегімізден алғыс айтамыз. Күні ертең елордамыз Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиырмасыншы сессиясы өткелі отыр. Осы шараға облыс делегациясымен бірге дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдері де қатысады. Бұл жиынның мәні мен маңызы бөлек. Көпұлтты мемлекеттің көздеген мақсаты бір. Ол – ынтымақ пен бірлік, татулық, ел тыныштығын сақтап, ерінбей еңбек етіп, осы елдің бір кәдесіне жарап, жақсылыққа ұйытқы болу. Орал қаласында да көптеген ұлттар тұрады. Олардың бәрі бір-бірімен дос. Тек мереке күндері ғана емес, былай уақытта да құшақ жая көрісіп, игі ісімізді қолдап, қиындықта қасынан табылып, қуанышқа ортақтаса білеміз. Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, алға қойған іс-жоспарларын қуаттап, жұмыла күш біріктіріп, ынтымағымызды одан әрі нығайту жолында біздің дүнгендер де аянып қалмайды. Сондықтан бәріміз бір болайық, ел болайық! – деп Әбдікәрім ағамыз достықтың туын бір көтеріп тастады.
Иә, бес немересін имандылыққа тәрбиелеп, өзі бірнеше тіл үйреніп, жұма күні мешітке барып дінін де, салтын да сақтап, көпұлтты халықтың бірлігін ойлайтын Әбдікәрім Әлиұлы осындай жан.
Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
––––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Ардақ ҚАСЫМОВА.
Суретте: Ынтымағы жарасқан әулет