Аймақтар • 02 Маусым, 2019

Шарбақты ауданында тұрғындар саны азаюда

1466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Болат Бақауов аудан тұрғындарымен кездесуі барысында ауданда алға баспай тұрған кейбір салалардың жұмысын сынға алды.

Шарбақты ауданында тұрғындар саны азаюда

Жалпы, аудан бойынша 12 ауылдық аумақты құрайтын 27 ауылда 12 420 адам қалыпты. Өңірде халық саны көбеймей тұрған бұл ауданда қазір туу көрсеткіші де төмендеп кеткен.

Ал некеге тұрушыларға қарағанда ажырасқандардың саны азаймай тұр.

Сондықтан, Әзілхан Әбеуов басқаратын аудан әкімдігіне алдағы уақытта ауданның демографиялық ахуалына көңіл бөлу керектігі тапсырылды.

Сонымен қатар биылғы жылдың 4 айының көрсеткіші бойынша инвестиция тарту жұмысы 30 пайызға, құрылыс саласы 51 пайызға төмендеген.

Еліміздегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы халқы аз қалған шағын ауылдардың жағдайын жасап, мәселесін жақсартып алуға болады.

Жергілікті кәсіпкерлер ауылға бет бұрса, бастама жолға түседі.

- Ал ауылдағы басты проблема – тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана алмауында. Мемлекеттің жеке кәсіпкерлерді қолдау мақсатында беріп жатқан көмегін халыққа жеткізу керек. Ол үшін барлық ауыл әкімдерін осы бизнес бағытындағы тренингтерге жіберіп, басқа өңірлермен тәжірибе алмасулары қажет, - деді Болат Бақауов.

Әрине, қазір ауыл тұрғындарының қалаларға көшуін, урбанизация процесін тежеу мүмкін емес.

Ал халық ауылда тұрақты қалу үшін, жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге де көңіл бөлінсе ғана нәтижелі болады.