Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес төрағасының сапары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айтты.
– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз тек кеңейе беретініне сенімдімін. Екі тарап та көздеген мақсатқа жетуге мүдделі болғандықтан, біздің қарым-қатынасымыздың болашағы жарқын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дональд Туск Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық білдірді.
– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рахмет. Біздің сіздермен тәжірибеміз бен өзара қарым-қатынастарымыздың тарихы ортақ. Географиялық арақашықтықтың үлкен болғанына қарамастан, Қазақстан біз үшін өңірлік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ жаһандық деңгейде де маңызды әрі тұрақты серіктес саналады, – деді Еуропалық кеңес басшысы.
Кедергісіз келіссөздер
Әлемге белгілі саясаткер Д.Тусктің өмірбаянында оның үш тілді – ағылшын, орыс және поляк тілдерін еркін білетіндігі көрсетілген. Ал Қазақстан Президентінің кемі бес тілді білетіндігі анық. Сондықтан да тумысынан дипломат Қ.Тоқаевтың әрбір келіссөзі үстелдің арғы бетіндегі қонағымен оңай өрбитіні рас. Міне, кезекті табысты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Еуропалық кеңес төрағасы екеуара айтылған әңгімелердің мән-мазмұнына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып мәлімдеме де жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесін толық мемлекеттік тілде жасап, соңғы тұжырымдарын ағылшынша қорытты.
Мемлекет басшысы әуелі Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес төрағасына ризашылық білдіріп, сапардың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгенінің символдық мәні барын айтты.
– Еуропалық кеңестің қабылдаған жаңа стратегиясы мен сіздің сапарыңыз Орталық Азия елдерінің саяси-экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуы үшін еуропалық тараптың мүдделі екенінің дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тусктің сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель арасындағы диалогқа тың серпін беретінін атап өтті.
– Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бірінші ел болды. Бұл біздің байланыстарымыздың берік екенін көрсетеді. Біз Еуропа елдерінің бәрімен стратегиялық, серіктестік қатынастарымызды нығайтуға белсенді атсалысамыз. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы әртүрлі саладағы табысты іс-қимылдарымыздың үлгісі болып табылады. Осы жетістіктерді ескере отырып, Еуропалық одақпен ынтымақтастығымыздың келешегі жақсы болатынына сенімдіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Дәстүрлі дипломатияға тән үдеріс бойынша Дональд Туск те Қазақстан Президентіне қонақжайлықпен қабылдағаны және Нұр-Сұлтанға ресми сапармен алғаш келуге мүмкіндік туғызғаны үшін тағы да ризашылық білдірді.
– Еуропалық одақ Орталық Азиямен серіктестікті тереңдету үшін өз стратегиясын айқындады. Қазақстан – өңірдегі Еуропалық одақтың негізгі серіктесі. Елдеріңіз Батыс пен Шығыстың, Ресей мен Оңтүстік Азияның арасындағы көпір болып саналады. Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі, – деді Д.Туск.
Мәртебелі мейман ең бастысы, Еуропалық одақ елдері Қазақстанмен серіктестікті және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімді жуырда ратификациялайтынын жеткізді.
Брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск журналистерге келіссөз барысында жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде, сондай-ақ энергетика, көлік және цифрлы коммуникация салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету туралы кең көлемде жемісті пікір алмасқандарын айтты.
Жалпы, бұл сапардың маңыздылығы Еуропалық одақтың әлеуетімен де анықталатыны рас және ол әлемдегі ең ірі экономикасы бар әлемнің 80 ел үшін басты сауда серіктесі екені де белгілі. Айталық, былтыр тауар айналымы 37 млрд АҚШ долларын, соның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі 31 млрд долларды құраса, импорт 6,7 млрд долларға жеткен. Бұл 2017 жылғы деңгейден 23 пайызға жоғары және еліміздің сыртқы саудасының жалпы көлемінің 40,3 пайызына сәйкес келеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск, сондай-ақ «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніне барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск қасірет қақпасының алдында бас иіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.
Қазақстан Президенті мен Еуропалық кеңес басшысы «АЛЖИР» мемориалды-музей кешеніндегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойып, саяси құрбандардың өмірі жайлы мәліметтер жинақталған музей кешенін аралап көрді.