«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» деген атпен халықаралық жоба аясында жыл сайын өткізіліп келе жатқан аталмыш жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері һәм еліміздегі ұлттық-мәдени орталық өкілдері, сондай-ақ кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болғандардың ұрпағы қатысты.
Басқосуға шақырылған қонақтар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевпен бірге «АЛЖИР» мемориалдық-музей кешені аумағында орналасқан «ХХ ғасырдың 1930-1940 және 1950-жылдарының басындағы саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын» еске алу қабырға-монументіне гүл шоқтарын қойды. Кереге тастай керілген қасірет қабырғасына «26-шы нүкте» немесе «АЛЖИР» дейтін үрейлі түрмеде өмірін өткізген тұтқын әйелдердің аты-жөні бәдізделіпті. Көпшілік есімі тасқа қашалған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
– 31 мамыр – барша қазақстандықтар үшін қастерлі күн, – деп маңызды жиынның беташар сөзін бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, 1932-1933 жылғы аштықтан қазақ халқының 2 миллионнан астамы, жалпы халықтың 42%-ы жазықсыз құрбан болғанын, одан кейінгі 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия кезінде 100 мыңнан астам адамға «халық жауы» деген таңба тағылып, олардың көбі атылып, аман қалғандары лагерь-түрмелерде азап кешкенін жеткізді.
«Қуғын-сүргінге ұшырағандардың алғы шебінде Алаш арыстары мен қазақ зиялылары болды. Халқының болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен ата-бабаларды қастерлей білу және жазықсыз құрбандар рухына бас иіп, тағзым ету – баршамыздың парызымыз. Бұл іс-шара – болашақ ұрпақты өткен кезеңнің қасіретті беттерінен хабардар ету мақсатында өткізіліп отыр», деп сөзін түйіндеді Жансейіт Қансейітұлы.
Одан кейін сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов, өткен ғасырда қазақ тарихында терең із қалдырған қуғын-сүргін ұрпақ санасында сақталуы тиіс. Өйткені сталиндік репрессия кезінде ажал құшқан 25 мың қазақ зиялыларының өлмес өнегесі болашаққа бағдар десе, қуғын-сүргін жылдары туған әжесі Вера Иванникова «АЛЖИР» түрмесінде сегіз жылын өткізгені жайлы өксікке толы шерлі сырын шерткен мәскеулік қонақ Валентина Грюнберг мұндай қасіреттің қайталанбауын тілей отырып, жазықсыз жандарды еске алып жатқан барша қазақстандықтарға алғысын білдірді. Мұндай шерлі сөзді 1937 жылы шейіт кеткен Алаш арысы Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтің шөбересі Қайырбек Кемеңгердің де аузынан естідік. «31 мамыр біз үшін қасіретті де, қасиетті күн. Себебі осы күні жазықсыз жапа шеккен аталарымызды еске аламыз», деді ол.
Құрбандарды еске алу шарасы мұнымен тоқырап қалмай, түс ауған соң Ассамблея мүшелері мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары тізе қосып, Абай даңғылы бойында орналасқан «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары» ескерткіші мен Түркістан көшесіндегі «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойып, кең көлемде жастардың қатысуымен «Еске алу вахтасы» атты флэшмоб тойын ұйымдастырды.
Осылай құрбандарды еске алу шарасы әрі қарай елорда төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында жалғасып, жиынға қатысушылар Тбилиси мемлекеттік театрының «АЛЖИР» атты спектаклін тамашалады.