Спорт • 03 Маусым, 2019

«Сарыарқа барысы» неге шалғайда өтті?

1030 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданында қазақ күресінен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүл­десі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турни­рінің іріктеу сыны – «Сарыарқа барысы» жарысы өтті.

«Сарыарқа барысы» неге шалғайда өтті?
Атыңнан айналайын Ұлы­тауды алыстағы аудан деп кем көріп отырған жайымыз жоқ. Әрбірден соң, аталған спорт­тық шараны көзімен көрген жандардың сөзіне қарағанда, жарыс жоғары деңгейде өт­кен екен. Обалы нешік, жер­гі­лік­ті әкімдік қолдан кел­ген жағдайдың бәрін жасап, жолынан жығылмапты. Дегенмен, «Сарыарқа барысы» сынды облыс үшін деңгейі жоғары жарыс «Неге Қара­ғанды қаласында, қа­расы мол жанкүйердің ортасында өтпеді?» деген сұ­рақтың кү­рес­құмар қа­уым­ды күні бүгін­­ге дейін маза­лап жүргенін айт­пай кетуге тағы болмайды. 

Алдымен бұл сұрақты об­лыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карповқа қойдық. «Ұлттық спорт түр­лерін, оның ішінде қазақ кү­ресі де бар, дәріптеу үшін біз облыстық деңгейдегі тур­­нирлерді, чемпионаттар мен біріншіліктерді жә­не бас­қа­ларын облыстың қала­ла­ры мен аудандарында өткі­зе­міз», деген жауап алдық Арқа спортының басшысынан. Бір қарағанда, Дмитрий Карповтың бұл сөзінің жаны бар: ұлттық спортты жандан­дырып, оның көкжиегін ке­ңейту үшін қолдағы бар мүм­кіндікті барынша тиімді пай­даланған жөн-ақ. Алайда, облыс орталығынан 600 ша­қы­рымнан асатын қашық­тықта орналасқан Ұлытауға апарып жарыс өткізгеннен ұлттық спорттың, оның ішін­­де қазақ күресінің көсе­гесі көгере қояр ма екен..? 

Бұл турасында әйгілі бап­кер, қазақ күресінің бас­тауында тұрған маманның бірі Диқанбай Бит­кө­зов мынадай пікір айтты. 

– Жалпы, – деді ел спор­ты­ның ардагері, – қазақ күресін дамыту үшін «Са­ры­арқа ба­ры­сы» сынды танымал тур­нирді шалғайда жатқан аудан орталығына апарып өткізудің қажеті шамалы еді. Мәселен, «Қазақ­стан барысы» еліміз­дің бас қалаларында өтіп жүр ғой. Бұл – жанкүйер қауымға да ыңғайлы, сонан соң турнирдің абыройын асырып, беделін көтеруге де аз ықпалын тигіз­бейді. Мен, мысалы, жол алыс болған соң, Ұлытаудағы турнирге бара алмадым...
Елімізде қазақ күресінің дамуына бір кісідей еңбек сіңірген, әлі күнге дейін осы жолда тер төгіп жүрген Ди­­қанбай Биткөзовтің бұл сө­зіне алып-қосарымыз жоқ.

Атал­ған турнир шал­ғайда өткен соң, респуб­ликалық және облыстық БАҚ-тың басым көпші­лігінің назарынан тыс қалды. Оның үстіне жарыс жарнамасының жоққа тән болғаны да рас еді. Бір сөзбен айтқанда, «Сары­арқа барысы» сынды ұлттық спорт жобасының аясын осынша тарылтып және оны қазақ күресін дәріптеу деген уәжбен ақтап алуға тырысу – ақылға қоныңқырамайтын-ақ шаруа. Сонан кейін, әр нәрсенің парқы салыстыр­ғанда білінеді ғой. Мәселен, қазақ күресіне шын жаны ашитын өңірлерде дәл осын­дай турнирлерде топ жар­ған және жүлдегер бол­ған балуандарға келгенде, сый­ақыдан тарылған емес. Тіпті кей облыстарда жауы­рыны жерге тимеген жампоз­дарға темір тұлпар да мінігізіп жүр. Міне, күресті сөзбен емес, іспен дәріптеу деген осы! Ал «Сарыарқа бары­сы» тур­ниріне келсек, Ұлы­тау ауда­нының әкімдігі аб­солютті салмақ­та жеңіске жет­кен бас ба­луанға 150 мың теңгеге жүл­де тігіпті. Мұ­ның өзіне шүкір...

Ұлытаудағы «Сары­арқа барысы» турни­ріне келсек, бұл сайыста облыстың 185 балуаны бақ сынады. Финалдық белдесуде Нұра ауданының өкілі Бекзат Ахметбеков пен Қар­қара­лы қаласынан келген Ерсін Мұхаметжанов абсо­люттік салмақтағы бас жүл­дені сарапқа салған болатын. Бұл сында нұралық балуан­ның күші мен айласы басым түсті. Енді бұл екі балуан 8 мау­сым күні Нұр-Сұлтан қала­сында өтетін «Қазақстан барысы-2019» додасында Қара­ғанды облысының намысын қорғайтын болады.

Ал жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Оса­ка­­ров ауданының балуандары ием­денсе, жүлделі екінші орын биігінен Қара­ғанды қала­сының командасы көрінді. Жаңа­арқа ауда­нының балуандары қола жүлдені қанағат етті.

Жоғарыдағы әңгімеге қайыра соғатын болсақ, «Са­ры­­­­арқа барысы» турнирі ұлт ұясы Ұлытауда өте ме, қа­сиет­ті Қарқаралы жерінде ұйым­дастырыла ма, болмаса, қалың жанкүйер қалаған­дай Қарағандыға ту тіге ме, мәселе тек осыған ғана тіре­ліп қал­майтын сияқты. Мәсе­­ленің мәнісі мынада деген ойдамыз: атам заман­нан келе жатқан асыл мұра­мызға облыстағы әкім-қара­лар қамқорлық танытса екен дейсің. Басқасын былай қой­ғанда, ең болмағанда, жарыс­тың ашылу салтанатына барып, бір-екі ауыз құттықтау айтқандарының өзі оң қабақ, жылы сөзге зәру қазақ күресіне қажет болып тұр-ау...


Қарағанды облысы