Татулық бар жерде береке де, мереке де көп
Сенбі, 27 сәуір 2013 2:27
«…Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджиметоваға «Бірлік» медалін тапсырдым. Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша салып, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр! Бұл нағыз патриот! Біз осындайларға көмектесуге тиіспіз! Бұл барша үшін үлгі!»
Сенбі, 27 сәуір 2013 2:27
«…Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджиметоваға «Бірлік» медалін тапсырдым. Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша салып, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр! Бұл нағыз патриот! Біз осындайларға көмектесуге тиіспіз! Бұл барша үшін үлгі!»
Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында Оңтүстіктен шыққан осынау еңбекқор әйелді, көпбалалы ананы осылайша айрықша атап өтті. Шынында Оңтүстік жұрты Парахат апайды өте жақсы таниды. Ол кісі елге іскерлік қасиетімен, адал еңбегімен, бауырмал жүрегімен, қайырымдылық істерімен кеңінен танымал.
– Кей кездері балаларым «Апа, қартайдыңыз, еңбек етуді қойыңыз, тып-тыныш, жайбарақат өмір сүрсеңізші» дегенді айтады, – дейді бізбен әңгімесінде Парахат Хаджиметова. – Мен осы еңбекпен көркейдім, осы еңбектің арқасында абырой жинадым. Ендеше, күш-қуатым барда қалайша еңбектен қол үземін?! Әрине, балаларым маған жаны ашығандықтан айтады. Бірақ, мен еңбекпен егіз өстім. Еңбек етуден ләззат аламын. Бүгінде Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында 13 гектар жерім бар. Бау-бақша еккенбіз. 3 жыл болды, алма бағым жақсы өнім беріп жатыр. Алла қаласа, биыл да өнім мол болатын түрі бар. Ең бастысы – адамның пейілінде. Мен еккен алма бағы бәріне жетеді, сатуға да, дастарқанға қоюға да, жетім-жесірлерге таратып беруге де. Одан бөлек, Қарамұртта 40-50 жылқы малын бағып отырмыз.
Осы Сайрам ауданындағы жетім балалар үйіне көп жылдан бері демеуші болып келемін. Қолымнан келгенінше осы үйде тәрбиеленіп жатқан балалардың жоқ-жітігін түгендеп жүремін. Компьютер, басқа да керек-жарақтарын әпердім. Қазір мен демеушілік көрсеткен, яғни осы балалар үйінде мектепті үздік бітірген екі баламның біреуі Америкада, біреуі Астанада жоғары білім алып жүр. Астанадағысы өткен жазда Америкада іс-тәжірибеден өтіп келді. Оларды үнемі демеп, жәрдем көрсетіп отырамын. Бұдан басқа тұрмысы нашар отбасыларға, мешіттерге қарайластым.
15 мәрте қажылыққа бардым. Әр барған сайын шын ниетіммен Алладан еліміздің, Президентіміздің амандығын тілеймін. Елбасымыз шын мәнінде Алланың нұры жауған адам. Сол кісінің салиқалы саясатының арқасында бүгінде Қазақстанды әлем таныды. Елбасы небір қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, елді ілгерілеу мен өркендеу жолына абыроймен алып шықты. Қуатты экономикасы, серпінді саяси жүйесі бар елміз. Ең бастысы – бүгіні мен ертеңі жарқын. Қазақстанның елі де, жері де бай. Көңілі дарқан. Бізге қазір бір-ақ нәрсе керек. Ол – ауызбірлік. Егер татулық, ынтымақ, бірлік болса, береке де, мереке де көп. Бірігіп еңбек еткенде ғана нәтижелі істерге қол жеткіземіз.
Жазып алған
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.