Аймақтар • 03 Маусым, 2019

Сапархан Омаров Қызылордаға жұмыс сапарымен барды

934 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арал ауданында Көкарал бөгеті мен Қараөзек су қоймасының жұмысымен танысты. Сапар барысында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сапархан Омаров Қызылордаға жұмыс сапарымен барды

Ауыл шаруашылығы министрі Арал ауданында балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында жылына 6 мың тонна өнім өндіріледі. Зауытта 60 адам, ал маусымында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өнімдері Ресей, Қытай, Өзбекстан, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Голландия, Германия және Данияға экспортталады.

Сонымен қатар, министр Қазалы ауданындағы тәулігіне 30 мың тонна сүт өндіретін «РЗА» АҚ сүт-тауар кешені мен сүт зауытының жұмысын көрді. Зауыт өнімдері Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында сатылады.

Содан соң министр Қармақшы ауданында Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Сапар барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 1956 жылы салынған Қызылорда су торабына барды.

Шиелі ауданында Сапархан Омаров Жаңақорған және Шиелі аудандарын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы салынған үрлемелі бөгетті аралап көрді. Естеріңізге сала кетейік, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы үрлемелі бөгеттер құрылысының арқасында өңір оңтүстік аудандарда пайдаланылмайтын 60 мың гектар егістік және жайылымдық жерлерді игеруге мүмкіндік алды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің жұмыс сапары қаржы институттары басшыларының, мал шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдарының және Қазақстанның алты облысынан келген делегаттар қатысқан дәстүрлі малшылар слетімен қорытындыланды.

Қызылорда облысы